Ж. Алтаев: Фараби Еуропада ренессанс ұғымының шығуына түрткі болды

964

Биыл Қазақ елі Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту үстінде. Түркі жұртының маңдайалды ғалымының мерейтойы қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұстазы, белгілі фарабитанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев мырза «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне сұхбат берді. Фараби бабамыздың мұралары жөніндегі егжей-тегжейлі әңгімені оқырман назарына ұсынамыз.

-  Жуырда ғана, яғни, 29 қаңтар күні әл-Фарабидің 1150 жылдығы ресми түрде ашылды. Бұл бізге не үшін қажет,  тойлауымыз орынды ма?

- 2019 жылғы тамызда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау жөнінде комиссия құрып, осы мерейтойды атап өтуге жарлық шығарды. Сөйтіп, жуырда ғана біздің университетте ғұлама ғалымның ресми тойын мерекелеу басталды. Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған жері – Отырар. Өзінің энциклопедиялық білімімен әлемді таң қалдырған ұлы жерлесіміз. Шығыстың ұлы ғұлама ғалымы, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз». Сондықтан да әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтуіміз өте орынды. Оның еліміз үшін, жастар үшін, болашақ үшін де маңызы зор деп білемін.

Әл-Фараби жылының ресми ашылуын, ғалымның атын  иемденіп отырған білім ордасында өткізгені біз үшін үлкен мәртебе әрі заңды деп есептеуге толық негіз бар деп айта аламыз.

- Фарабитану ғылымы қазақ даласында қалай қалыптасты? Бұл үрдіс қашан басталды?

– Фараби есімін бізге тұңғыш рет таныстырған – профессор Ақжан Машани. Өзінің айтуынша, 1943 жылы Қазақстанның Ғылым академиясының филиалында конференция өткен. «Конференцияға ІІ дүниежүзілік соғыстан ығысып келген Еуропаның ғалымдары да келді. Солардың арасында Чехословакияның математигі Э.Кольман Орталық Азиядан шыққан ғұламалардың ғылыми ойлары жөнінде айтты. Яссауи, әл-Бируни, әл-Хорезмилермен қатар Фараби есімі аталды. Бұл есім маған қатты әсер етті. Сұрастыра келе Фарабидің көптеген еңбектері шетелде екенін білдім» - дейді ол.

Кейін арада біраз уақыт өткенде А.Машани Дамаскінің Баб ас-Сағир қорымынан әл-Фарабидің жерленген жерін табады. Қабірін тапқан соң Қазақ ССР Ғылым академиясының басшысы Қ.Сәтпаевқа хат жазып, оны Д. Қонаев та қолдап, фарабитану ғылымы басталып кетті. Еңбектері қазақ және орыс тілдеріне аударыла бастады.

 

1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ құрылды. Оған ф.ғ.д., профессор Ағын Қасымжанов жетекшілік етіп, топ құрамында И.О.Мұхаммед, А.С.Иванов, Б.Г.Ошерович, К.Х.Тәжікова, Н.Караев, Д.Харгин, А.Көбесовтер болды. Сонымен қатар, ресейлік ғалымдар А.Сагадеев және Б.Гафуровпен де байланыс орнатылды. Сөйтіп, А.Машанидің бастамасымен әл-Фарабидің қолжазбаларымен мұқият танысу басталып кетті. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, Шахмардан Есенов пен Қаныш Сәтбаевтың да фарабитануға қосқан еңбегі орасан.

Аталған шығармашылық топ өз жұмысын бастағаннан кейін ол жеміссіз болмады. Бабажан Гафуров пен Ағын Қасымжанов орыс тілінде «Әл-Фараби мәдениет тарихында» монографиясын, Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» романын, Қасымжанов өзінің жеке «Әл-Фараби» монографиясын, сонымен қатар Алданбек Көбесов секілді ғалымдардың еңбектерімен үлкен рухани дүниелер келіп, әл-Фарабиді зерттеу кеңейе бастады.

1975 жылы Алматыда, Мәскеуде және Бағдатта әл-Фарабидің 1100 жылдығы аталып өтілді. Міне, осы кезден бастап фарабитанудың ең ірі орталығы біздің елге ойысады. Орталықтың Алматыда болуына Ә.Әлімжанов та үлес қосты. Ол 1971 жылы Азия-Африка халықтарының V симпозиумын өткізіп, сол жерде Фараби секциясын құрып, шетел ғалымдарын Фарабиге бет бұрғызды.

Фараби мұраларын зерттеушілерді шартты түрде бес топқа бөлуге болады:

1)   Ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары;

2) XIX-XX ғасырлардағы Ливия, Сирия, Мысыр, Иран, Ауғанстан ғалымдарының жазбалары;

3)   Батыс (Еуропа) зерттеушілерінің жазбалары;

4) Патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылардың жазбалары;

5)    Түркітілдес халықтары ғалымдарының еңбектері.

- Кейбір ғалымдар Фараби философиясы түркі дүниетанымынан бастау алады дегенді айтады. Қазақ жерінде өмірге келген соң өзімізге тартатынымыз тағы бар...

– Фарабидің кіндік қаны тамған жері – Отырар. Фараб қаласында туғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, ол араб халифатының ғылым мен білімнің дәуірлеген шағында өмір сүріп, сол жерлерді мекен ете жүріп ғылыммен айналысты. Ол уақыт Қараханиттер дәуірінің де қатар келген тұсы еді. Сондықтан да Фарабиді "қазақ" немесе "өзбек" деген сияқты ұлтқа бөлетіндей сөз болмау керек. Себебі, ол өмір сүрген дәуір әлгіндей ұлттардың қалыптаспаған кезі болатын. Бір анығы – түркі халықтарының ортақ тұлғасы. Біз үшін Фарабидің Отырарда өмірге келгенінің өзі зор мәртебе. Қазақ жерін мекендеген түркі жұртының өкілі.

- Өз заманының білгірі атанған ғалымның ізденісі, тұстастары туралы айта өтсеңіз. Соншама мол ілімді қалай, қай кезде игерді?

- Фарабидің әкесі әскербасы болған. Білімге зерек болуына алдымен ата-анасы әсер еткен болуы керек. Алғашқы білімді өзі туған Отырар қаласында алды. Араб-мұсылман, грек тарихшыларының деректерінде Отырарда атақты Александриядан кейінгі ең үлкен кітапхана болғандығы жөнінде айтылады. Бірақ, аталған кітапхана әлі күнге дейін табылмай келеді. Біз тарихтан Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде Отырар қаласының жанқиярлықпен 6 ай қорғанғанын білеміз. Шыңғыстың қаһарына іліккен соң, қала түгелімен өртелгені де мәлім. Сол замандағы Отырардың басшысы Қайырхан кітапхананы басқа жерге көшіріп, жасырып қалған деген дерек те кездеседі.

Фараби 40 жасқа жақын шағында Отырардан шығып, Шаш, Бұхара, Самарқан, Нишапур, Мерв, Рей, Хамадан, Халеб, Бағдат және Дамаск қалаларында өмір сүрді. Бағдат қаласында 20 жыл тұрақтайды.

Бұдан 1000 жыл бұрынғы орта ғасырды ғылымда «Исламдық алтын ғасыр» деп атайды. Аталған уақытта тек әл-Фараби ғана емес, оған дейін де, кейін де мұсылман ғалымдары болған. Фарабидің олардан ерекшелігі – антикалық философияны, логиканы, иллиндік мәдениетті өте терең меңгеруінде. Аристотель мен Платонның философиясын бір жүйеге келтіруінде. Сонымен қатар, интелектуалдық білімінің жоғары болуының арқасында өзінің де философиялық жүйесін жасағанында.

Фараби өмір сүрген заманда Бағдат қаласы халифат дәуірінің өркениет ордасы еді. Сол себепті араб тілі ғылым тіліне айналды. Онда «Даналық үйі» салынып, аудармашылар, әдебиетшілер, ғалымдар, философтар, т.б. шоғырландырылды. Әл-Фараби секілді көптеген ғалымдар осы жерде еңбектерін жазды.

Әл-Фараби араб тілін Бағдатта үйренді. Сонымен бірге, ол грек тілін де өте жоғары деңгейде меңгерді. Философтардың еңбегін аударудың өзі үлкен бір еңбекті талап етеді. Ғылыми еңбекті аудару тіл білумен шектелмейді. Сол тақырыптың немесе кітаптың мән-мазмұнын тереңінен түсіне білуі тиіс. «Екінші ұстаз» атануының мәнісі осында жатыр.

Атақты Ибн Сина Фарабиді ұстазы санаған. Медицинаға келуіне Фараби еңбегінің себеп болғанын жеткізеді. Аңыздардың бірінде ол Аристотельдің метофизикасын 49 рет оқып түсіне алмай, кездейсоқ жерден Фарабидің  әлгі метофизика трактатына жазған түсініктемесін бір рет оқығанда-ақ түсінгенін айтқан.

– Әл-Фарабиді өмірде кішіпейіл, адамгершілігі мол, қарапайым кісі болған деседі...  

– Аңыз әңгіме келтіре кетейін. Әл-Фарабидің Бағдатта атағы шығып, талайларға таныла бастағанда оған замандастары мынадай сұрақ қойыпты: –   Сіз Аристотельден кейінгі екінші ұстазсыз. Кейбір ғылым саласында деңгейіңіз одан да жоғары. Аристотельмен бір заманда өмір сүрсеңіз кім болар едіңіз? Сонда Фараби: – Егер сол заманда өмір сүрсем, оның ең сүйікті шәкірттерінің бірі болар едім, – деген екен. Ұстазына деген құрметінің көрінісі қандай десеңші! Ол заманда ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық өте жоғары деңгейде болған.

- Аристотель мен Платонды Еуропаға танытуда Фарабидің еңбегі орасан дегенді айтып қалдыңыз. Тарқата кетсеңіз...

- Жоғарыда Фарабидің тілді меңгеруін айттық. Зерттеушілер 70-ке жуық тіл меңгергендігін айтады. Соның ішінде грек тілін өте жақсы білген.

Ибн Сина, Ибн Туфайль, Ибн Баджа, Ибн Рушидтер Фарабидің еңбектерін латын тіліне аударып, Еуропаға әйгілі етті.  Аристотель мен Платонды Фараби арқылы танытты. Сөйтіп, осы аталған ғалымдардың аудармаларының арқасында Еуропа антикалық философиямен, эллиндік мәдениетпен танысуға мүмкіндік алды. Еуропада ренессанс (қайта өрлеу) дәуірі басталды. Ренессанс ұғымының шығуына түрткі болды.

Көне грек философиясын сынаушылар Аристотель мен Платонның арасындғы идеялық қарама-қайшылықтарын сөз етеді. Әл-Фараби осы сынға жауап ретінде «Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі туралы» трактатын жазады. Трактатта екі ойшыл арасындағы айырмашылық тілдің әртүрлі стилін қолданудан және олардың бір-біріне ұқсамайтын өмір сүру тәсілдерінен екендігін анықтап, екі философ ойларының бір-біріне ұқсайтындығын айтады.

Фарабидің жаратылыстану ғылымдарының саласы бойынша Еуропаға жасаған ықпалы өте күшті болды. Өзінен 300-400 жыл кейін өмір сүрген Бенедикт Спиноза, Рене Декард, Джордж Беркли секілді ғалымдардың бәрінің шығармаларын алып қарасақ, олардан бірден Фарабидің ықпалын байқаймыз. Демек, олар Фараби еңбектерімен таныс болған. Оны жақсы түсіну үшін араб тілін үйренген. Өйткені, еуропалықтар сол заманда грек тілін жақсы білмеген.

Әл-Фараби мен оның замандастарының еңбектерімен  танысқан Еуропа ғалымдары философияның дамуына, тарихтың дамуына, әсіресе, жаратылыстану ғылымының жоғары деңгейге көтерілуіне себепші болды.

Медицина мен математика саласында мұсылман ғалымдары өте мықты болды. Алғашқы болып анестезиология ғылымын үйренді. Адамды ұйықтатып қойып ота жасауды Еуропа білмеген. Шіркеулер мен храмдарда індеттерді «Құдайдың жіберген бәлекеті, оны емдеу мүмкін емес» деген уағыздар айтыла бастаған-ды. Осы уақытта мұсылман ғалымдары кез-келген індетті жазуға болатынын айтты. Мысалы, Ибн Сина 2500-ге жуық аурудың түрлері мен емдеу тәсілдерін жазды. Осыншама еңбек еткен Ибн Сина өзінің медицинаға келуіне Фарабидің адам ағзалары туралы жазған трактаттары себеп болғандығын айтады. Өкінішке қарай, бізге Фарабидің медицинаға жазған трактаттары жеткен жоқ.

- Бізге Фарабидің бір ғана бейнесі таныс. Өзі түркі дүниесіне сай киім үлгісін киген екен. Сұрайын дегеніміз, әлгі суреттен басқа оригинал түрі бар ма? Суреттегі бабамыздың бас киімі түркілердікіне ұқсамайтын секілді...

- Қазіргі қолданыста Фараби суретінің  бекітіліп қойған бір ғана нұсқасы бар. Шынына келгенде, ол өзінің суреті түгіл өмірбаяны жөнінде ештеңе қалдырмаған. Ол кездегі ғалымдар еңбектеріне аты-жөндерін ғана жазып қалдырса керек.

Дегенмен де көптеген мәліметтер бойынша, өмірінің соңына дейін түркілік дәстүр үлгісімен киінген. Және ол көптеген жерлерге барғанда өзінің түркі жұртынан екенін ешкімнен жасырмаған.

 - Әл-Фарабидің гуманистік, этикалық ойлары жөнінде мысал келтіре кетсеңіз?

–  Этика Фараби мұрасының ішінде үлкен орын алады. Ол этиканы ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан да, оның этика жөніндегі концепцияларында жақсылық пен мейірбандық басты рөл атқарады. «Жақсылық өмірдің мазмұн-мағынасының бір бөлігі, сондықтан да, ол өмірмен біте қайнасып жатыр. Ал жамандық болса жақсылық сияқты емес, ол болмыс жоқ жерден пайда болған» - дейді. Ұлы ғалымның осынау ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі. Ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы деп білді. Сондықтан да адамды құрметтеу, қастарлеу керек екенін айтты. Жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы ізгі мұратына жетеді деп тұжырымдады.

Адам өзі біреуге жақсылық жасап, соның төлеуін күтетін болса, ол сол адамды қайтадан жаман адамға айналдырады дейді.

Фараби тек шын мәніндегі ғылым мен теориялық философия ғана ел басқарушы әкімдерді игі істерге бастайды, сол арқылы ғана мемлекетті басқарудың ісін шыңына жеткізе алады деп есептеді. Бұдан анық байқайтынымыз: Фараби діни көзқарастарға ашық қарсы шықпағанымен, ғылымды діннен әлдеқайда жоғары қояды. Ол халықты моральдық және интеллектуалдық жағынан өркендеп өсуіне шақырады. «Адамның бақыты – о дүниеде» дейтін мүддені көздеген жоқ. Керісінше, адам атаулының бәрі бұл дүниеде оқысын, үйренсін, еңбек етсін, жетілсін деп арман етті.

Адамдар бір-бірімен тіл табысып, келісіп өмір сүруі керек. Қоғаммен, маңайындағылармен бірлесе отырып бақытқа қол жеткізуі мүмкін, бірақ бір адам жеке-дара бақытты болуы мүмкін емес дейді.

 

–  Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Жасұлан Наурызәлі

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер