Ресейді етпен жарылқап, өзіміз сүйек-саяқ кеміруге шақ қалдық

597

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева кеше ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен ет өндірісі саласының қазіргі жағдайына арналған кездесу өткізді.

Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен мал шаруашылығы бойынша өнім өндірушілер қатысқан кездесуде ет және ет өнімдерінің қымбаттығы мен аталмыш өнімдердің экспорты жайынды мәселеле рталқыға түсті.

Алдымен ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қазақстандағы мал шаруашылығының қазіргі күй-жайымен таныстырды.

Министрдің бірінші орынбасары ет өндірісі еліміздегі негізгі салалардың бірі екенін айта келіп, өткен жылы 1,1 млн тонна ет өндірілгенін жеткізді.

«Отандық ет өнімдерінің экспорты айтарлықтай емес. 2019 жылы 372 тонна шұжық және 769 тонна консерві өнімдері экспортталды. Сонымен қатар, Қазақстаннан 156 063 ірі қара және 263 737 ұсақ мал сыртқа жөнелтілді», – дейді А. Сапаров.

2019 жылдың қазан айында елімізден ірі қара мен саулықтарды сыртқа шығаруға тыйым салынғанына қарамастан 26 781 ірі қара және 22 272 бас ұсақ мал әкетілген.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева мал шығаруға тыйым салу және оның зардаптары мәселесін көтерді.

«Бізге тек көлеммен ғана емес, сапамен де, бағасымен де алуымыз керек. Ет дәмді, сапалы және бағасы қолжетімді болуы тиіс. Бүгін біздің қолымызда не бар? Ет бағасы өте тез өседі. Бізде ет бар, бірақ біздің нарықта неге қымбат? Оның үстіне, біздің еліміз бен халқымыз етті бағдарға алады. Маңыздылығы жағынан наннан кейін екінші өнім – ет», – деді Д.Назарбаева.

Нақтылап тарқатсақ, елдегі ет экспортының 80 пайызы Ресейге жөнелтіледі. «Қазір Ресейге экономикасы  ауырлаған сәт. Осыған орай Еуропа елдерінің көпшілігі Ресейге апаратын импорттарын шектеді. Өткенде ғана Филиппиннің аграрийлері Ресейдің қарызын төлей алмай отырғанын алға тартып, ендігі кезекте агро-өнімдерін Ресейге кіргізбейтіндіктерін мәлім етті. Мұндайда Ресей, әрине, Кеден Одағы аясына біріккен елдерге салмақ сала бастайды. Алдағы уақытта Қазақстан Ресейге 60 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отырғаны рас. Дегенмен бұл арада ішкі нарықты толыққанды қамти алмай отырғанымыз ойлантуы тиіс. Атқарушы билік осы жағын сауатты шешсе жөн болар еді. Ішкі нарықтың кем дегенде 60 пайызын отандық өніммен қамти алып отырсақ, онда қорықпауға болар еді. Ішкі нарықта өз өніміміз тапшы. Осыдан барып қымбатшылық өршіп тұр»,- дейді қаржыгер Арман Мусин.

Ең қызығы, біз экспорттаған еттің бір келісі Ресейде 210-220 рубль тұрады. Бұл теңгеге шаққанда 1200-1300 теңге. Ал біздің ішкі нарықта 1200-1300 теңгеден ет таппайсың. Ең арзан деген еттің бір келісі 1800 теңге. Сонда Ресейді арзан әрі сапалы, майлы етпен жарылқап отырмыз деген сөз. Қаржыгер маманның байыптауынша, ірі қала мал етін экспорттауда қолайсыз жүйе қалыптасқан.

«Өзімізде ет және ет өнімдері тапшы бола тұра, ет экспортында алдыңғы озық елдердің қатарына енгіміз келеді. Ал ішкі нарықта ет тапшы болғандықтан оның бағасы да күннен күнге қымбаттап барады. Біз мал шаруашылығы саласында қат-қабат мәселелерді әлі шешіп үлгермедік. Мал басын көбейту, одан өнім алу мәселесі шешілген жоқ. Біз бір ғана, осы мақсатта асыл тұқымды малдарды шеттен сатып ала бастадық. Австралияның қошқарларын ұшақпен арнайы әкелген кезіміз болды. Олардың кейбірі климатымызға шыдамай үсіп қалып жатты. Қазақстанда қыста 40 градус қатты ыстық болса, жазда 40 градус ми қайнатар ыстық болады. Демек бізге  ет экспортында климатымызды жатсынатын асыл тұқымды мал басын алуда да абай болған жөн. Жалпы, бұл салада қордаланғағ жайттар өте көп. Мал басын көбейтейін десе жекелеген шаруа қожалықтары мал азығын дайындауда жайылымдық жердің тапшылығын да жиі айтып жүр. Сондықтан таяу бес жылдықта осы мәселелерді шеше алмасақ біз ет және ет өнімдері тапшылық туыдыратын елге айналуымыз да мүмкін»,-дейді қаржыгер Арман Мусин.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер