«Тамғалы тастағы» бейнелер жатжұрттықтардың суреті ме?

4085
Adyrna.kz Telegram

Ресей уфологтары адамзат дамуында ерекше орын алатын еліміздегі Тамғалы археологиялық кешеніне байланысты қызықты пікір айтып отыр. Олардың айтуынша, жартасқа шекілген «күн басты» бейнелер өзге планетадан келген жатжұрттықтардың суреті.

Шындығында жартасқа бәдізделген «күн басты» пішіндер жекелеген және көп пішінді композиция түрінде берілген. Уфологтар осы аймақты мекен еткен көне түркі жұрты жатжұрттықтармен байланысқа түскен деген пікірде. Соның әсері түркі суретшілерінің осындай кейіпте тасқа суреттер қашауына түрткі болған. «Түркілердің адамзат дамуының алғашқы кезеңінде бірінші болып, темір өндіріп, оны өңдеп, тұрмыстық құралдар жасауына да сол көктен түскендердің ықпалы болуы әбден мүмкін» деседі уфологтар. «Тасқа шекілген спиралға ұқсас таңбаларға қарап отырып Құс жолын байқауға болады. Қазіргі құс жолына байланысты жасалған картамен әлгі суреттердің арасында қатты ұқсастық бар. Демек, аспан әлемін зерттеуді түркілер бірінші қолға алған», — дейді АҚШ зерттеушісі Джозеф П. Скиппер. Енді осы «тамғалы тас» деген атқа ие болған кешенге байланысты бұған дейін айтылып, қатталған деректерге көз салайық.

Тамғалы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарабастау ауылында Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. 1957 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының экспедициясы «Қазақстанның археологиялық картасы» бағдарламасы аясындағы барлау жұмыстарының барысында ашылған. Қола дәуіріне тән бейнелер мен сюжеттер негізінен «күн басты» және «дәстүрлі киім» үлгісі сипатында. Таңбалы археологиялық кешені Орта Азияда кең тараған антроморфты бейне күн шапақты бет перде киген пішіндердің көптігімен ерекшеленеді. Суреттердің толық бір топтамасы антроморфты бейнеде жануарлар кейіпіндегі бет- перде киіп, аң терісін жамылған. Дәстүрлі және ғұрыптық үлгідегі киіну салтының бейнеленуі Орта Азия бойынша мерзімделу шеңбері б.з.б. 3-мыңжылдықтың басы мен 2-мыңжылдықтың ортасына сәйкес келеді. Олар сонымен бірге ерте темір дәуірінің афанасьев, окунев мәдениеттеріне жақындығымен, Солтүстік және Орта Азияның далалық аймақтарының мәдениеттерімен (андрон мәдениеті, қарасұқ мәдениеті, т.б.) ұқсастығымен ерекшеленеді. Таңбалы археологиялық кешенінде қола және ерте темір дәуірлеріне, ортағасырлар мен «жаңа заманға жататын қоныстар, қорымдар, құрбандық орындары және петроглифтер» сияқты 100-ге тарта ескерткіш орындары бар. Шағын аумаққа шоғырланған ескерткіштер осы өңірді мекендеген көптеген көне тайпалардың 3 мыңжылдық тарихын қамтиды. Кешеннің негізгі өзегі шатқалдағы 3000-ға жуық петроглифтер. Кей зерттеушілер петроглифтердің ең көнелері б.з.б.
2-мыңжылдықтың ортасында, кейбірі ерте темір дәуірінің басында, сондай-ақ қола дәуірінде пайда болған деген тұжырымдар айтады. Бұл суреттер осы тауды киелі санап, мәдени ғұрыптық орынға айналдырған қауымдарға тәу ету, ғұрыптық жоралғылар өткізу кезінде алыстан көрінуі үшін таң атқаннан күн батқанға дейін күн сәулесі түсетін жартастардың ұшар биігіне салынған. Тамғалы археологиялық кешені — 2004 жылы өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени-археологиялық және табиғи мұра комитетінің 28-ші сессиясында ЮНЕСКО-ның комитет мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Орта Азиядағы жартастағы өнердің бірінші ескерткіші. Міне, нақты деректер осылай сыр шертеді. Ал Ресей уфологтары мен АҚШ зерттеушісі жоғарыдағыдай пікір айтады. Әрине, көне заман суретшілері қиялында көрініс тауып, тасқа қашалған бейнелер анықтап қараған адамға скафандр киген ұшқыштарға ұқсайтыны рас. Осыған қарап уфологтар айтқан пікірде жан бар ма деп те қаласың. Сондай-ақ оқымыстылар Тамғалы кешенінен басқа, Алтайдан табылған, зерттеу бойынша 4-5 мың жыл бұрын тасқа қашалған скафандр киген пішіндер мен бұдан үш мың жыл бұрын Тибет тауларындағы жартастарға салынған ұшатын тәрелкеге ұқсас суреттер және бұдан мың жарым жыл бұрын Америка құрлығында өмір сүрген мая тайпасы адамдары жерленген табыттардағы ғарыш кемесіне ұқсас сызбалар, сондай-ақ Сахарадан табылған бес мың жылдық тарихы бар көне суреттегі скафандр киген адам пішіндес суреттердің барлығының түбі бір деседі.


Нұрсұлу Мырзабекова, «Айқын».

 

 

Пікірлер