Мәшһүр Жүсіп туралы аңыздың ақиқаты

4951
Adyrna.kz Telegram

«Мен келдім музейіне жолым түсіп,

Егілдім рухыңды сүйіп-құшып.

Өмірдің жолдарында жар бола көр,

Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп».

 Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұлы­лы­ғын және жан-жақты, сан-салалы мұрасын ке­ремет даныш­пандық қасиетін көп зерт­теушілердің еңбегінен көреміз. Мәшһүр ба­бамыздың әулиелігі туралы көп аңыздар айтылған. Бірақ оның ақиқатына ешкім тоқталмаған. Мен бұл туралы бір-екі ауыз сөз қысқаша өзімнің көзіммен көрген жағдайды айтайын. Мәшһүр атамыздың кіші ұлы Пазыл ағадан естіген әңгімемді ұлы тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы­ның ерекше қасиетіне тоқта­лайын деп едім. Әрине, мен осындай ұлы тұлға адамның жан-жақты еңбегін әдейі зерттеген адам емеспін.

Біз жанұямызбен 1943-1948 жылдары Жаңа жол колхозында тұрғанбыз. Осы Жаңа жол колхозында Мәшһүр Жүсіп атамыз өмірінің ақырына дейін халқына адал қызмет істеген қасиетті тұлға. Біздің әке­міз Құсайын Оспанов. Екінші ұлы Шара­пиденнің әйелі Зейнеппен аталас туыс болған. Біздің көршіміз, Мәшһүр Жүсіп атамыздың ең кіші баласы Пазыл аға болатын. Менің әкемнің жақсы араласып жүрген жолдасы еді. Екі үй өте сыйлас. Бір-біріне деген қа­ты­насы адал болды. Мені әкем Пазыл аға­ның үйіне барарда жанынан тастамай алып баратын. Пазыл аға сол колхозда көп жыл бойы мұғалім болып істеді. Өте па­ра­сатты, көп сөйле­мейтін, адал еңбегімен халқына сыйлы болған адам. Совет үкіметі кезінде Пазыл аға Ленин орденімен марапатталды. Көп балалы жанұя болды. Жұ­байы келген қонақтарды қуаныш­пен қар­сы алатын.
Пазыл аға күліп айтушы еді. Мәшһүр Жү­сіп тірі күнінде айтқан екен. Менің үш ұлым бар. Бір ұлым бар, өзімнен асып туған, бір ұлым бар, із-өкшемді басып туған, бір ұлым бар, өзіме ілесе алмай, кейін кетіп туған. Ол – Пазыл аға болатын. Соның өзі ой-өресі ұшан-теңіз, өзіне ілесе алмай кейін кетіп туған, өте еңбекқұмар, адамгершілігі мол, халқына өте сыйлы азамат және әке­сінің алтын қазынасын тек сақтап қой­май, оны өңдеп, жазбаша түрде жұртқа таныстырсын деп балаларына, немерелеріне мұра етіп қалдырған ұқып­ты, жауап­кершілігі мол кісі. Ол әкесінің алтын мұрасын зор бағалап, келешекте қазақ халқына және дүниежүзілік әде­биетіне, оның тарихына маңызы ерекше екенін түсінген зерделі адам. Әкесінің ескі жазбаларын көшіріп, жаңартып отырды.
Пазыл ағаның балалары ер жетті, жо­ғары білім алып, тіл және әдебиет саласында үлкен табысқа жетіп, Мәшһүр атасының шығар­машылық еңбегін биікке көтеріп, жан-жақты зерттеу жүргізді. Үлкен ұлы Қуан­дықтың басқаруымен оның басқа ба­лалары Нартай, Естай, Лаура филология ғылымының докторы деген атағына ие болды. Мұн­дай талантты еңбекқұмар балалары хал­қы­мыздың мақтанышы. Олар қазақ халқының абыройы үшін Мәш­һүр атасының еңбегін жарыққа шы­ға­рып, оқырман қауымға тарту етті. Әрине, бұған мұрындық болған – өз халқының отансүй­гіш азаматтары. С.Торайғыров атындағы Павлодар мем­­­лекеттік университеттің ректоры Е.Арын, проректоры А.Нұқұлы, ақын-жазушы, композитор З.Солтанбаев және Мәш­һүр ағаның немерелерінің қатысуымен 13 томнан да көп Мәшһүр Жүсіптің таң­дамалы еңбектері баспада басылып шықты. Бірақ ол тек аз данамен шықты, жұртшылықтың кітапқа қолы жетпей қалды. Солтанбаевтың бес томдық өлең түрінде жазған дастаны және «Адам» деген кітабы жарық көрді.
Мәшһүр Жүсіп туралы ел арасында аңыз көп. Ол кісінің бол­жау­шылық көріп­кел-әулиелік қасиеті болған. Пазыл ағаның аузынан мынандай сөз есіттік. Мәшһүр Жүсіп өзінің қай жылы, қай күні қайтыс бо­­­­латынын болжап білген. Сол уақыт жа­қын­дағанда барлық туысқандары мен ағайындарын, балаларын, келіндерін жинап алып айтқан. Мен үш күннің ішінде ана дүниеге барамын. Сендер мені қалай жоқ­тайтындарыңды өз көзіммен көріп, құ­ла­ғыммен естиін. Ал келіндер, жылап-жоқтаң­дар, туыс­тар, ағайындар мал сойып, ас бе­ріңдер. Өзі бірнеше күн бұрын Ескелді шат­қалына барып бейітінің орнын қаз­ды­рып, кішкентай кесе­несін салдырған. Шы­ны­мен айтқан күні Мәшһүр дүние салады.
Мен өзім 1942 жылы әкеммен сол Мәшһүр атаның кесенесіне бардым. Ол екі қа­баттан құралған, астыңғы қабатында жер төлесі. Үстіңгі қабатында кітаптары, т.б. өзі қолданған бұйымдары бар. Ал ке­се­несінің жер төлесінде денесі жатыр екен. Де­несінің бос жатқанын өз көзіммен кө­р­дім, тек ақ матамен үстін жауып қо­йыпты. Біз барғанда сол ақ матаны ауыс­тырды. Де­несі бұзылмаған. Қарны үлкендеу екен. Ұйық­тап жатқан кісі сықылды. Соның ке­сенесінің айналасында жалтыраған көктеу кел­ген тастар көп екен. Жұрттың барлығы тұмар қылып алып жатты. Мен де алдым. Менің әкем сол денесі жатқан жерден бір уыс топырақ алып, шешеме берді. Шешем маған сол топырақты көк матадан істеген шүберекке салып, тұмар тағып берді. Сол тұ­марды универси­тет бітіргенге дейін тақтым. Менің төрт рет дүниежүзілік жаңалық ашуыма Мәшһүр Жүсіп атамыздың рухы се­бепші болды ма? Оған сенетінім, сол ауыл­дың және басқа жерден келген кісі­лердің арман-тілектері орындалатын. Мы­салы, менің шешеммен Мәшһүр Жүсіптің кіші ұлы Пазылдың әйелі екеуі айтып отыратын, бала таба алмай жүрген әйелдер және ауырып жүргендер ниет қылып Мәшһүр Жүсіптің бейітінің басына келсе, ті­лектері орындалып, баласы жоқтар перзент сүйеді, денсаулығы жоқтар жазылып ке­тетін. Осының барлығы фактілермен дә­лелденген. Мен 1942-1947 жылға дейін оқу­ға түскенше сол ауылда жұмыс іс­те­дім. Жы­лына екі-үш рет Мәшһүр Жүсіптің ке­се­несінің астына түсіп, ақыретті ауыстыруға қа­тысатынмын. Сол көрген дене сол қа­лпында жататын. Менің есімде, Пазыл аға біздің әкейге келіп, Мос­квадан келген комиссия жөнінде айтты. Негізгі комиссияның мақ­саты – Мәшһүр Жүсіп литаргическиий сонмен жатыр ма, болмаса шынында да өлген адам ба деп, білу үшін келген екен. Приборлары бар деді. Ертең соның кесенесіне сен де менімен бірге жүр деді. Олар комиссиямен бірге барып, комиссияның шешімін біліп қайтқан. Комиссия шын өлген деп шешім шығарған. Кейін оқу бітір­генсін Ми­нералогия кітабын қара­сам, ол тамаша ке­сілетін тальк деген тас екен. Қазір ойласам, сол Ескелді шатқалында кішкентай тө­бешікті таңдап өзінің кесенесін салдыруы кездейсоқ емес, үлкен мағынасы бар. Мәшһүр атаның геологиядан білімі бар сияқ­ты.
Мәшһүр Жүсіп тірі күнінде балаларына, ағайындарына айтқан екен. Менің денем 41 жыл бойы бұзылмайды. Бірақ біреулер әсер етіп, денеме зақым келтіруі мүмкін. Шынында да 1950 жылдары Қазақстанның Ор­талық Ком­партия­сының Бірінші секретары Пономаренко Мәшһүр Жүсіптің ке­се­несін бұзуға бұйрық берген. Оның бұй­рығы бойынша екі кісі булдозермен әулиенің ке­сенесін бұзған. Бұл оқиға жалғыз Бая­н­ауыл­дың азаматтары емес, Қазақстанның көп же­ріндегі халық риза болмаған. Көп кешік­пей, Пономаренко орнынан түсті, екі жігіт­тің есі ауысып кемтар болып қалды. Осы қайғылы уақи­ғадан кейін Мәшһүр Жүсіптің кесенесінің басына халық ағылып “әулие” деп тағзым ететін болды.
Мәшһүр Жүсіптің шығармалары орта мек­тептердің оқулығынан алынған, шы­ғар­маларын зерттеуге тиым салынған. Одан бұрын Мәшһүр Жүсіп шығармалары мек­тептің оқулығында Абай шығарма­ла­рымен қатар жүрген болатын.
Тек қана Қазақстанда тәуел­сіз­дік ал­ған­нан кейін үкімет басшысы Н.Назарбаев­тың қолдауымен Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісовтың басқаруымен Мәшһүр Жүсіптің ерекше әдемі ке­сенесі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңа жол ауылдық округінің Ескелді шатқалында салынды. Сол кесенесінің жанына тамаша қонақ үйі салынған.


Хабиболла ОСПАНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

«Қазақ әдебиеті»

 

Пікірлер