Зайырлы болу- зәбір көр деген сөз емес...

1224

АСҚЫНЫП ЖАРА АҚПАНДА,

 ҚЫЗЫЛ ҚАН ЖҰҚТЫ-АУ АҚ ҚАРҒА.

 ҰЛТ ҚАНА ЕМЕС ЕЗІЛГЕН,

 АДАМЗАТ АРЫ ТАПТАЛҒАН...

 (с) автор

 

 

«Жаман ұлт болмайды, жаман адам ғана болады» деген сөз, бүгінде, желді күнгі өрттей қаулап кетті. Бұл сөздің қоғам арасында қайта жаңғыруына себеп те жоқ емес. Бір ұлтқа тиесілі тарихи атамекен - жүз отыздан астам түрлі этнос өкілдерінің тұрағы болғандықтан өзара татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін бұлай демеске амал да жоқ. Алайда, әріден қозғамай-ақ, көз жетер тарихтың көкжиегіне қарасақ та қазақ өзге ұлтты өзекке тепкен халық емес. XX ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары орын алған КСРО-дағы жаппай қуғын-сүргіннен  3 миллионнан астам адам жер аударылғаны мәлім. «Сенімсіз халықтар» қоныстанған арнайы аудандар - солтүстік облыстар, Сібір, Орал, Орта Азия және Қазақ жері болды. Бұл халықтардың ең көп бөлігі Қазақ жері мен Сібірге қоныстандырылды.  Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының IV сессиясында жасаған баяндамасында жер аударылғандардың санының 1 миллион 200 мың екендігі туралы дерек келтірді. Қазақ жеріне Кеңес үкіметінің териториясындағы немістердің 38%-ы, шешен және ингуштардың 83%-ы, кәрістөрдің 59%-ы, балқарлардың 55%-ы, қарашайлардың 58%-ы, гректердің 76%-ы, курдтардың 62%-ы күшпен қоныс аударылғаны да расталып отыр.  Сегіз мыңға жуық әйелді қорлықта ұстаған «АЛЖИР» лагеріне айдалған грузин келіншектеріне тас лақтырдық деп, құрт лақтырған да қарғақ тамырлы қазақ еді. Сұрапыл соғыс жылдарында,  неміс баласына Зигфрида Ахметұлы деп ат қойып бауырына басқан азамат туралы Мұхтар Мағауиннің "Бір атаның балалары" шығармасындағы шындықтың шырайын қалай елемессің?! Т. Ахтановтың "Шырағың сөнбесін" романындағы Усачаевтың баласы Прошаны қамқорлығына алған Нәзираның бейнесі-талай қазақ әйелдерінің кеңпейіл келбетін ашып берді. Көмескі тартқан тарихқа да, көркем әдебиетке де арқау болған бұндай оқиғалар-қазақылықтың ғана емес, адамилықтың әліпбесі.

Адамзатты басқа түскен ауыртпалық жақындастыратыны сияқты, талай босқын халықты бауырына басқан бабалардың даладай дархандығын ешкім де жоққа шығармақ емес. Сөйткен қазақ тойынғанда тоғышар болыпты, өзге ұлтты жеріне сыйдырмай, сабадағы сабыры сарқылыпты дегенге сенгің де келмейді. Жаман ұлт болмайтынына дау жоқ. Дегенмен, сол ұлтты азғыратын жаман насихат болатынын назарға алған дұрыс. Бұл кешегі кикілжіңнің себепкері болып отырған «Масаншы» ауылының тұрғындары саналатын дүнгендерге  де қатысты. Ауылдың сол ұлттан шыққан бүлікшінің есімімен аталуы бүліншілікке бастап тұрғандай. Секемшіл сенімді сетінететені бұл жайт қана емес. Жергілікті тұрғындар мен дүнгендер арасындағы іріткінің ілігі әділетсіздікке әкеп соғады. Өздері тұрып жатқан мекеннің салт дәстүрін, заңдылықтарын, мәдениетін һәм әлеуметін сыйламайтын ұлыстың ұстанымы мен ұраны да көмескі. Дүнген азаматтары тарапынан болып жатқан бассыздықтарды санамалап жатудың өзі артық. Руын жаттатуды білген ұлт, туын таптатуды намыс көрмегені ме? Бәрі де «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері. Тәртібі жоқ қоғамнан тобыр артық. Зайырлы болу- зәбір көр деген сөз емес. Тынысыңды тарылта берсе,  толерантылықтан да қайыр жоқ.  Осыншама жылдар бойы белең алған теңсіздік түбі қақтығыспен аяталды. Оттың жоқ болғанын қаласаң, шоқтың от болғанын күтпе. «Қолын мезгілінен кеш сермейтін» билік өкілдері де бұл істі бұзақылық бабы бойынша қарастыруды жөн деп тауыпты. Бұл-саяси бунт. Тек мәжіліс депутаты  Бақытбек Смаұлдың: «Дүнгендерде тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі екен. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды.

"Дүнген тілінде уағыз айтылып жатады. Ол не айтып жатыр? Бәлкім, бізге қарсы үгіт жүргізіп жатқан болар?! Дүнгендер тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Сондықтан мен еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен сөйлестім. Ол облыстық имамды Қордай ауданына жіберді. Діни бағыттағы сала бақылауда болады» деген мәлімдемесі ғана қисынды хабардың нобайына ұқсады. Ал Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға қатысты: "Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады", деп пікір білдірді. Қордайдағы қақтығысқа дейін де Жамбыл облысына қарасты аймақтардағы ұлттар тарапынан қоғамдық тәртіп бұзылып келгенін ескерсек, шешімнің шикілігін және мәселенің ұлттық деңгейге көтерілмегенін байқаймыз. Әділеттілік орнау үшін жергілікті басшыларды қызметінен босату жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайдың бақылауға алынғанын, төбелестің тоқтатылғанын дер кезінде хабарлап, толқулардың алдын алып үлгерді. Назарға алатын келесі мәселе, осы оқиғаны желеу етіп жазығы жоқ басқа ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп, сыныққа сылтау іздеп, айғайға аттан қосудан аулақ болу.  Кейбір ұлттардың тарихи тағдыры- жер таңдап жатуға мүмкіндік берген жоқ. Қазақстанға түрлі ұлттардың қысастықпен қоныстырылғаны сияқты, жат елдің босағасын жағалап жүрген өз отандастарымыздың да барын ұмытпаған жөн. Өз аумағымыздағы қақтығысқа қақпан қоя алмасақ, шекара асып кеткендердің құқығы туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты. Мәселені, "ұлттық деңгейде" қарау деген сөз , күллі халықтың ішкі-сыртқы жағдайына мән бере қараса деген ниеттен туып отыр.

Араздық- тек тілі мен тарихы басқа халық түгілі, туыстас ағайынның арасында да болатын әлеуметтік-психологиялық құбылыс. Оны жеңудің жалғыз жолы- бітімгерлік. Бұдан кейін тиісті органдар заңды күшейтіп, қатаң жазалардың қатарын көбейтер. Дейтұрғанмен, қағазға басылмаған дала заңдары, адамгершілік қағидаттарын қайда ысырып қоямыз? Қандай да бір құқықбұзушылық орын ала қалған жағдайда әркім өз танысын, ауылдасы мен қауымдасын жақтайтын болса, басқа ұлттан қандай тәртіп талап етеміз? Аспан мен жердің ортақ болғаны секілді, заңның да ортақ болуы керек. Өткен ғасырдағы рухымыздың көшбасшысы болған Мұстафа Шоқай: "Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады" деп, ұлтжандылықтың анықтамасын дөп басқан.

«Журналисте ұлт болмайды» деген ұтқыр ұстамның жалауын жықпасам, менің екі тараптың бірін жақтауға құқығым жоқ. Алайда, ақты-ақ, қараны-қара деп айтуға әркім де мүдделі. Бұндай дүрбелеіңде дабыраға салынып кететін қызуқандылық біздің халықтың да бойында бар. Анығын білмей, «аттандап» кететін ағайын адуын мінезіне тоқтау салмаса-ұрпағына сор. «Жер біздікі!» деп желпінгенше, «мен жеріме не ектім, қанша тамшы тер төктім?» деп сұрай алатындай терең түйсік керек. Ұлтшылдық тек ұрыста көпіретін көбік ауыз, төбелесте тулайтын жұмыр жұдырық емес. Ол- бейбіт күнде де биігінен түспейтін жүректің, ардың ісі  екенін ұмытпасақ игі.

 

 

Айым АЛТАЙҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

3-курс студенті

Пікірлер
Редакция таңдауы