Жарасы жүрегінің жазылмаған

623

Кіріспе. Қашанда жақсының орны бөлек. «Жақсының артында сөз қалар, сараңның соңында бөз қалар» деген нақыл бар. Халқына, келешек ұрпағына аса көп мұра қалдырған Ахмет Байтұрсынов ағамыздың есімі дәл бүгін бұлттың арасынан шыққан күндей қайтадан жарқ ете түсті. Егер аяулы ағаның қаламынан шыққан не бір құнды еңбектерін кезінде өзімен қатар жүрген қаламдастары сүйсіне оқып, ерекше бір ләззат алса, ал менің замандастарым оның соншама мол мұрасының, бай творчествосының кең сарайына кіруге енді ғана есігін ашып отыр. Өйткені, Ахаң ағамыздың халық үшін істеген қызметі, әдебиет, қазақ тілі саласындағы еңбектері өз елінің тарихымен сабақтасып жатады. Оның осы еңбектері еліне, жеріне, өзіне орнатқан мәңгілік ескерткіш іспеттес. Бір ғана Ахмет ағаның қоғамдағы, әдебиеттегі, баспасөз саласында істеген еңбектері әлденеше тарихшыға, әдебиет зерттеушісіне жүк болар мол дүние екені белгілі.

Біз А.Байтұрсыновтың сол еңбектерін зерттеу, талдау жағын әдебиетшілер мен тілшілердің үлесіне қалдыра отырып, абзал азаматтың адами күнделікті өміріндегі іс-әрекетін, жора-жолдастарымен қарым-қатынасын еске түсіріп, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынбақпыз.

Шолпан Ахметқызының айтқандарынан: - Әлі есімде, ол кезде мен тоғыз жаста едім. Шешем, әкем, үшеуміз Қызылорда қаласында тұратынбыз. Біздің үйге әкемнің жолдастары Ә.Жанкелдин, С.Сейфуллин, С.Қожанов, М.Дулатовтар жиі келетін. Әр аптаның жексенбі күндері бір үйге жиналып өлең оқитын, домбыра тартып, ән салатын. Әкем Ахмет шебер домбырашы кісі болатын, скрипкада ойнайтын, пианино тартып, оған қосылып ән салатын еді. Сурет салуды және суретке түсіруді ұнататын еді. Ұзын қайыс бауы бар фотоаппаратпен үлкен-кішімізді, дос-құрбыларын, көршілерді түгел суретке түсіріп, мәз ететін. Киімді де өте талғаммен киетін. Бір ғажабы, Сәкен, Міржақып, Сұлтан ағалардың сол кездегі киген киімдері өте жарасымды келетін. Міндетті түрде галстук тағып, ақ көйлек, костюм-шалбар кигенде ерекше көз тартушы еді. Кейде етік пен галифе шалбар, қысқа тері тон киіп жүретін. Әсіресе, елден келген кісілер олардың жүріс-тұрысына қызыға қарайтын, бір жағынан, «міне, біздің оқыған азаматтарымыз» деп мақтан тұтатын еді. Әкем Баку, Москва, Алматыға жиналыстарға барғанда маған тігілген көйлектер әкелетін. Қайдан білетінін білмеймін, маған әкелген киімдері арнайы өзіміз тіккізгендей бізге жараса кететін. Әкемнің не нәрсеге болса да талғамы күшті болатын. Өнерді, әдебиетті өте жақсы көретін. Өнерлі адамдарға қамқорлық жасауға тырысатын. Маған қолыма тұңғыш рет қалам ұстатып арабша хат танытты. Өз өлеңдерімен қоса Мағжан, Шәкәрім, Міржақып, Жүсіпбек ағалардың еңбектерін Бадрисафа шешем екеумізге оқып беретін. Сөйтіп, оларға риза болып «біздің жігіттердің бәрі мықты» деп үнемі мақтап отыратын.

... Әкем кешкісін жұмыстан келген соң тамақ ішіп, сәл таза ауда жүріп демалатын. Сосын кешке ел аяғы басылған соң жазу столына отырып, жазуын жазатын. Түннің бір уағына дейін отыратын. Оның ұзақ ойланып отырғанын көрген шешем «Аха, жатып демалсаңшы, ертең де уақыт бар ғой» дейтін. Естімген адамдай үнсіз отырған әкеме Бадрисафа шешем кәрлен кесеге құйып ашыған көже, айран апарып столының шетіне қойып кететін. Сонда мен балалықпен білмейді екенмін, әкемнің бүгінгі ұрпағына қалдырған еңбектері сол кезде жазылған дүниелері екен ғой.

Шешем де таза, инабатты кісі еді, қонақжай болатын, намаз оқитын. Барын келген адамдардың алдына қойып, ақ дастархан жаятын. Осыған орай біздің үй кішігірім қонақ үйі сияқты көрінетін. Алматыдан, Қостанайдан, Торғайдан келген адамдардың бәрі біздің үйге келетін еді. Бірақ бірте-бірте біздің үйге келетін адамдар сап тиылды. Оның себебін кейін білдім. Біреу әкемді «ұлтшыл, халық жауы» деп көрсетіпті. Сезікті адам атанған соң әкемнен кейбір достары, жолдастары шеттей бастапты.

Бір күні сыртта біраз ойнап үйге келсем, апам талып жатыр, шошып кеттім. Есін жиған соң сұрасам, әкемді тұтқындап әкетіпті. Ол кеткен соң біздің берекеміз болмады. Жылап-сықтап көптің бірі болып қала бердік. Ол кезде таңқалуға болмайды. Бүгін бар адам ертеңінде жоқ. Бір түнде-ақ «халық жауы» болып шыға келеді. Содан шешем оның қолжазбаларын, шыққан кітаптарын көрпе-төсек, киім-кешек арасына  тығып сақтап жүрді. Арада бірер жыл өтті. Әкем денсаулығынан, көркінен, серілігінен ажырап, түрмеден босап келді. Ол кісіге көмектескен Москвадағы Пешкова жолдас екен. Біз көп кешікпей Алматыға келдік. Тіршілік тауқыметінен мен ертерек тұрмысқа шығып кеттім. Әкем мен шешем пәтер жалдап қаланың төрт бұрышына түгел көшіп-қонып жүрді. Кім дұрыс пәтерін берер дейсің, қыста бұрыш-бұрышынан жел соғып, еденді бассаң табаныңнан ызғар қаритын. Сондай үйде күрк-күрк жөтеліп жүрсе де, сырқаты бар анам екеуі бір-біріне сүйеу болып, аз да болса бостандыққа шыққанына мәз болатын. Сөйтіп жүргенде бір күні жақсы хабар әкелді. Мен қалалық атқару комитетіне жағдайымды айтып өтініш жазып едім, үй береді деп қуанып келді. Содан олар бір ат арбаға шабадан, киім-кешек, көрпе-төсектерін салып, Қаскелең көшесіндегі 44-үйге көшіп барды. Ағаштан салынған кең бөлме, ауыз үйі бар екен. Көршіміз де қазақ екен, көп балалы семьялы, ашық-жарқын жандар болып шықты.

«Өз үйім,өлең төсегім» деп Жиренше шешен айтқандай, бұл үйде әке-шешем бірнеше жыл бірге өмір сүрді. Жұмыстан келген соң әкем баяғы жазуымен айналысады. Сол үйде олар 1934 жылдан 1937 жылдың қазан айына дейін тұрды. 1937 жылы біздің семьяның басына тағы да қара бұлт төнді. 1937 жылдың кешінде әкемді НКВД адамдары келіп тағы да алып кетті. Әкем сол кеткеннен бұл үйге оралмады. Ахмет әкем өз әкесі Байтұрсынды есіне түсіріп кезінде мынадай өлең жазғанын айтып, ауыр күрсініп терең ойға батып отырушы еді:

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, - деп.

Менің де айтарым сол, аяулы әкемнің жүрегі он үшінде жараланса, менің жүрегім тоғыз жасымнан бастап-ақ сондай дертке душар болды. Үміт, арман деген қиын екен. Әкемнің «халық жауы» еместігіне мен сенгенмін.Қашанда қиындықты Бадрисафа апам екеуміз бірге өткіздік. Амал не, аяулы анам арманда кетті. Жарының адал екеніне сеніп өмірден өтсе де, сол бір «жау» деген сөзден таза, ақ екендігін естімей кеткеніне өкінемін. Айтуға ауыз бармайтын сол 32 жылғы нәубет біздің жүрегімізге ақтаңдақ қана емес, қара дақ болып жабысты. Қаншама адамның жанына сол кез жара салды. Ол кез өзімен кетсін. Әкем халқына қайта оралды, өшкен арман оты қайта жарқырады, Рахмет, үкімет пен партияға! Ендігі әңгімені Шәйда апай жалғастырсын.

Жұртшылыққа белгілі Ахмет Байтұрсыновтың «Қартқожа» деген романы бар. Мына Шәйда Тоғанбаева апай сол романның бас кейіпкері Қартқожаның зайыбы. Ол кісі бала кезінен Ахмет ағаларымен көрші тұрған. Жартыны жарып, бүтінді бөліп жеп Қызылорда, Алматы қалаларында жұптарын жазбай бірге жүрген сыйлас адамдар болған.

Шәйда Тоғанбаеваның естелігі:

-          Мен Ахмет ағаны 7-8 жасымда-ақ естідім. Өйткені Қарқаралы уезінде оқитын ағаларым Хасенбек Исатаев, Шаяхмет Адамбаевтар үйге келген сайын өздерімен бірге оқып жүрген жолдастарын айтып, олардың өлең-жырларын жатқа оқып беретін. Сонда менің құлағыма Мағжан Жұмабаев, Темірбек Жүргенов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтардың есімдері жиі естілетін еді. Хасенбек, Шаяхметтер «бізде қазақтың нағыз білімді, білгіштері оқиды» деп өздерінің солармен бірге жүргенін мақтан ететін. Бірде оқудан үйге келген Хасенбек маған Ахмет ағаның әліппесін әкеп берді. Мен тұңғыш рет сауатымды сол кітаппен аштым. Кейіннен Ахаң ағайды тұтқындап әкеткен соң біздер Алматыға қоныс аудардық. Арада бірнеше жыл өткен соң Ахаң түрмеден босап, Алматыға келді. Баспанасыз қиналған соң Хасенбек ағай Ахаңды Бадрисафа жеңгеймен үйіне кіргізіп алды. Біраз абыр-сабыр болып, баяғы әдебиет, өнер жайлы қызу әңгіме Хасенбектің үйінде қайта жалғасты. Бірақ бұрынғыдай еркін емес, жайлап сақтықпен, әлденеден үрейленіп жүретін олар. Сол кезде Ж.Аймауытовтың «Бетім-ау, құдағи», М.Әуезовтың «Қарагөз» пьесалары шыққан. Соларды ағаларыммен бірге көріп мен де мәз болатынмын. Мені Қартқожаға өздерінің қолдарынан ұзатты. Ахмет аға өте биязы, қыз мінезді кісі екен. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін. Үлкенді де, кішіні де тек «Сіз» деп сөйлеуші еді. Аққұба өңді, қою қара қасы өзіне ерекше жарасатын. Қолына оюланған, сары мыспен әшекейленген таяқ ұстап жүретін. Бірақ түрмеден сырқаттанып, бетінің нұры тайып оралды. Одан кейін көбіне оқшау жүретін.

Бірде зайыбым Қартқожа үйге бір пима әкелді де, «мынаны Ахаңа апарып берші, аяғы ауырады, ісіп кетіпті, жылы киіну керек»,-деді. Мен дәл сол күні апара алмадым. Сөйтсем, оны Әмірбек деген бір туысы рұқсатсыз маған айтпай киіп кетіпті. Қартқожа оны шақырып, пиманы шешіп алып, Ахаңа өзі апарып берді. Ол кісі рахмет айтып, Қартқожаға риза болыпты. Біз, Хасенбек ағаның үйіне жиналғандар, Ахаңның әр шығармасын қуана оқып, сосын оны көрпенің астарына, матрацтың тысына көрсетпей тігіп қоятынбыз.

Бір өкініштісі сол, 1937 жылы екінші рет қамауға алынып, үйін конфискелегенде кейбір қолжазбалар сонда бірге кетті. Ахаң мен жеңгей Қаскелең көшесіндегі 44 үйге көшкенше Хасенбектермен бірге тұрды. Жеңгеміз Кәпен мен Бадрисафа апай екеуі өте тату болды. Әр семьяға күніне берілетін 300 грамм нан бәріне жететін, ол кезде судың бір шелегі 2 тиын тұратын. Сол бір қиыншылық кезде бірге оқып, бірге өскен Хасенбек ағайым мен Ахаңдар ешбір келген қонаққа ренжімей, жылы шыраймен қарсы алып, шығарып салатын. Қазір қарап отырсам, жастар дүниеге жақын. Өзге түгілі өз туысынан қашады. Несін айтайын, жасым бүгін 83-ке келді. Қазақтың небір аяулы, зиялы ер-азаматтары ақтаңдақтың арқасында өмірден ерте кетті ғой! Соның бірі бесаспап, ұлағатты ағамыз Ахмет Байтұрсынов. Оны замандастары кезінде «біздің Ахаң бүкіл қазаққа әке болуға лайық» деуші еді. Көп ісін аяқтамай, ойлаған арманын толық орындай алмады. Ахаңды 1937 жылы Қаскелең көшесіндегі 44 үйінен екінші рет ұстап әкетті. Көп кешікпей Хасенбек аға да ұсталды. Оған «А.Байтұрсыновпен жақынсың» деген айып тағыпты. Сол кеткеннен екі дос қайта оралмады. Ахаң түрмеден жазған бір хатында мынадай өлең жіберіпті:

А, құдайым, аққа жақ,

Өзіңе аян, мен нақақ.

Аққа деген жолымның,

Абыройын ашпай жап, - деп.

Міне, арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде Ахмет ағамыз халқымен қайта табысты. Көңіл осыны демеу етеді. Ахаңның осы уақытқа дейін темір сандықта жабулы келген еңбектері жарыққа шығып, ұрпағына рухани азық болады, солардың еншісіне айналады. Кеш болса да бұл халқымыз, ел-жұртымыз үшін үлкен бақыт!

Соңғы түйін. Сонау 1905 жылдан бастап өзі сияқты оқыған азаматтардың басын біріктіріп, халқының қамын ойлап, елім деп еңіреген азамат оларға шын қамқоршы бола білді. Ел арасындағы әр түрлі күрделі мәселелер жайлы «Майдан», «Қазақ» газеттеріне көптеген мақалалар жазды. Оның есімін ел арасына кеңінен танытқан «Қырық мысалы». Бұдан кейін көп ұзамай Ахмет Байтұрсынов отты, уытты тілімен «Масаны» жазған. Осы жинағын Уфада «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастары ерекше ықыласпен қарсы алып, оны өзімен бірге оқып жүрген бар құрбыларына таратып жіберген.

Жалпы, 1917 жылдағы революцияға дейін Ахмет ағаның бар өмірі «Қазақ» газетімен бірге өткен. Оқулық ретінде жазған «Тіл құралы», «Оқу құралдары», «Әлиффе асқары», «Мәдениет тарихы» кітаптары кезінде Орынборда басылып шыққан. Ахаң ағайымыз жайлы 1923 жылы ақпанның 4 санында «Ақжол» газетіне елу жылдық мерейтойына арнап жазған мақаласында Мұхтар Әуезов былай деген екен: «Ахаң еңбегі жанған жанның бірі, істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне «Әліппесін» құшақтап кіріп келе жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті. Бұл әдебиет, бұл жас буын Ахаңды өзінің басшысы деп санайды».

Мұхтар Әуезовтың бұл сөзі бүгінде шындыққа айналды. Ахмет ағаның артынан ерген ұрпақтары есейіп, оның да ізбасарлары өсіп келеді, болашақта да өсе бермек. Ал Ахаңдай ағамыз осы өскелең ұрпақтарымен бірге жасай бермек. Бүгінде Ахаң ағамыздың екінші өмірі қайта басталды.

Рза ҚУНАҚОВА

 

Мақала 1990 жылы шыққан «Қазақстан әйелдері» журналының №8 басылымының 12-13 беттерінде жарияланған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы естелікті қайта жаңғыртып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Әзірлеген: Жансая СМАН

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер