ҚарМТУ-ға Әлімхан Ермектің есімі берілуі тиіс!

2006

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Ерікбайұлының, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Марат Кеңесұлының назарына!

Әлімхан Әбеуұлы Ермек (1891 - 1970) — мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профессоры атағын алған, «Ұлы математика курсы» оқулығын жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арнап шығарған, Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғап шыққан Алашордашы азамат. Дарыны асқан білімді, ағылшын, неміс, француз, итальян тілдерін жете білген шешен, өткір тілді, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған.
Әлімхан Ермек 1924 -1925 жылдары Семей губревком атқару комитеті мен жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1925-1926 жылдары ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1926 жылы Қазақ педагогика институтында оқытушы, жаратылыстану-математика факультетінің деканы, Қазақ мемлекеттік педагогика институтында доцент, 1932-1935 жылдары Қазақ мал дәрігерлік институтында доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

1935-1937 жылдары Қазақ тау-кен, металлургия институтында профессор, математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі, 1938 жылы Куйбышев жоспарлау институтында кафедра меңгерушісі, 1947-1948 жылдары Шымкент технология институты математика кафедрасының меңгерушісі, 1955-1958 жылдары Қарағанды тау-кен институтының аға оқытушысы болды. 1958 жылдан кейін ғылыми-педагогтік қызметтен біржола шеттетілді. Ал 1930-1932 жылдары Алматыда 2 жыл түрмеде отырып, 1938-1947 жылдары репрессияға ұшырап, көп азап шегеді. 1948 жылы қайта қамауға алынып, 1955 жылға дейін темір торда отырады. Осылайша ел мен жерге қызмет етіп жүріп, қайраткер 1970 жылы Қарағанды қаласында дүниеден озады.
Осыған орай, ұлтымыздың ақыл-ойын жаңа сапаға көтеруге өлшеусіз үлес қосып, жас ұрпақтың санасына білім дәнін сепкен Әлімхан Ермектің келесі жылы келіп жетер 130 жылдық мерейтойына орай, Қазақстандағы жоғары білікті мамандарды дайындайтын жетекші оқу орындарының бірі, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне Әлімхан Ермектің есімі берілуін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтан, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Ерікбайұлынан, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Марат Кеңесұлынан сұраймыз!

"Адырна" ұлттық - этнографиялық бірлестігінің ұжымы

Пікірлер
Редакция таңдауы