Прокурор Қастер мен Мұрагердің әрқайсысын бір жылға соттауды сұрады

4169
Adyrna.kz Telegram

Бүгін 21 қаңтарда таңертеңгі 10:00-де Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды.

Сағат 10:00-де басталуы тиіс сот отырысы 10:45 кешігіп басталды.

Сот залынан "Адырна" ұлттық порталының редакторы Оңғар Қабден  тікелей эфирден хабар тартты:

Оңғар Қабденнің айтуынша, сотқа өте көп адам жиналғандықтан жұрт шағын залға сыймады.  Сотқа Қастер мен Мұрагердің туған-туыстарынан бөлек, Зайсанның жергілікті басылымынан журналистер, Қазақстанның түрлі аймақтарынан  келген белсенділер, желтоқсаншылар, блогер азаматтар келген.

Тікелей эфирден байқағанымыздай, сот залы жиналған қауымға тарлық еткен. Жиналғандар сот залының тарлығына наразы екенін ашық білдіруде.

Оңғар Қабденнің айтуынша, сот залына сыймаған халық өздерінің өкілдерін жіберіп, сыртта тұруға келісім берген.

Сот барысында Прокурор "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Шыңжаң қазақтары  Қастер мен Мұрагердің  әрқайсысын бір жылға соттауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы "жеңілдетілген мән-жайларды ескеріп" оларды Қытайға қайтармауды өтінді.

Ал қорғау тарабы оларды кінәсіз деп танып, қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Адвокат Ләззат Ахатова екі жігіттің Қытайдағы қысымнан қашып, "шекараны заңсыз кесіп өтуге" мәжбүр болғанын айтты. Ал сотта өздеріне тағылған айыптарды мойындаған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы өздерін Қытайға қайтармауды сұрады. Судья Оспанова Нұр-Сұлтан уақытымен 16:00-де үкім оқылатынын айтып, кеңесу бөлмесіне кетті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер