Ақын психологиясы

1437

Бүкіл дүниені ұмытып өлеңмен ғана қауышу, өлеңнің ғана күңі болу, өлеңге ғана мойынсұну ақын біткеннің ащы азабы әрі тәтті ертегісі. Қошеметке бөлену, оқырманның ыстық ілтипаты, халықтың жылы көзқарасы, қолдауы, биікке көтермелеуі, жазудан кейінгі ностальгия ақын үшін балдай екені рас. Алайда балынан бұрын аузыңа дәмі келетін у-ды, етіңнен өтіп, сүйегіңе қадалатын өлең жолдарын татып көру де оңайға соқпасы анық. Әсіресе ақындық - әйел затының таңдайына бітсе тіптен ауыр. Себебі өлеңнің шарты бойынша жақсы жырлар жүректен тууы үшін ауыр ғұмыр сүруің керек. Ал ауыр ғұмырды әйелдің гүлден де нәзік жаны, күннің әріндей тәні, жаралануға бейім тұрған жүрегі қайдан көтерсін?!

Алайда осы бір ақындық деген ауыр жолда «Фаризалардай» өз-өзің отқа тастай салмай орнымен, мәйегімен, қазақ әйеліне тән болмысымен әдебиетте ойып тұрып орын алған бір ақын бар. Ол - Күләш Ахметова. Бәлкім кейінгі ұрпақ білетін ақын әйелдердің ішіндегі жалғыз бақыттысы осы шығар... Неге десеңіз, ақын – ол ақын. Ақын бір өлеңді жазу үшін іштегі тас боп қатып қалған кеуіртпекті талай күн бойы жібітіп, ол әбден қалыпқа түскенше маңдайдан тері, көзден жасы ағып, өз тәніне өзі сыймай толғатып, мазасын алған адам мен бар тіршілікті қарадай жау көріп, әбден ит азапқа түседі. Ондайда ақын әйел өзінің әйел екенін де, оның Тәңір міндеттеп қойған парыздарын да әп сәтте ұмытып, өлеңмен ғана бақытты жандай күн кешеді. Психоэмоционалдық күйі бұзылып, өзге тұрмақ өзің де естен шығарып, жаныңдағыларға жарытып тіл қатпай, өз-өзінен түгесіліп, сарқылып, не өлі емес, не тірі емес беймәлім әлемде өмір сүреді. Бұндай адамдарға ағылшын психологы Кондаве Шеверз «Альцгеймер» ауруына шалдыққан деп диагноз да қойып тастаған. Ал қазақ психологы Нурхожаева Айгүл: «Ақындар – нағыз арманшыл кейде шеттен тыс қиялшыл адамдар деп баға беремін. Себебі олар кез келген жерден мүмкіндіктерді байқап, өздерінің шығармашылық қырын үнемі жетілдіріп отырады. Әр жерден шығармашылық шабыт іздейтіні сонша, олар өмірінің әр сәтін өлең етуге дайын тұрады. Сөйте тұра олар басқа адамдарды сырттай бақылап, өмірлік маңызды сұрақтарға жауап іздейді. Психологиялық тұрғыдан ақындарды сипаттау қиын. Осы бағытта көптеген жылдар зерттеу жүргізген Нью - Йорк университетінің психологы Скотт Барри Кауфман "Шындығында өнер адамдарына өз-өздерін түсіну қиын. Себебі, бұл тұлғалар жай адамдардан күрделірек кісілер" деген тұжырымға келген» деп ақындарға өзгеше сипаттама береді. Қызық, ә?! Ақынның осындай күйде жүргенде не ойлайтыны, жүрегінде қандай ән әуелеп, алпыс екі тамырында қандай өлең жолдары жүгіріп өткенін білу әр адамға қызық шығар. Ендеше ақын Күләш Ахметованың жауһар жырларына бір сәт үңілейік.

«Ынтық боп нем бар еді осы өлеңге,

Қалмайды дегбір - өлең десе, менде.

Қалайша күймей қалғам,

Жап-жалаңаш

Қолыммен қызыл шоғын көсегенде?»- деседі ақын. Бұл жердегі ақынның «қызыл шоғы»-өлеңі екені айтпаса да түсінікті. Демек ақын ғазалдарын алпауыт өртке, қып-қызыл тілсіз жауға теліп тұр. Десе де соған ақынның күймей қалуы – «өзге ақындар секілді азаптанып, ақындықтың ауылына жеткілікті дәрежеде бара алмадым» деген өкініштің бір сыңайы секілді көрінеді.

Ендігі жыр дестесін жалғыздықта жаны үгіліп жүріп жазған болса керек, өзгеше толғайды.

«Өзіме-өзім сүйенем, о, расында,

Өзіме-өзім

жол салдым борасында.

Өзіме-өзім жете алмай отырамын

ЬІдыстар мен дыбыстар арасында» дейді. Бұл жердегі «ыдыстар» деп отырғаны өзінің қазан иесі, қазаншы екенін алға тартып тұр. Ер адам үйдің сыртқы саясатын жүргізсе, әйел ішкі саясатына жауапты. Алайда ең қауіптісі де, ең даулысы да сол – ішкі саясат. Оны сауатты алып жүру үшін сабырлылық пен даналық қажет. Бұны ақын кіршіксіз түсініп, әрі әйел боп туылғаны соры да, бағы да екенін толықтай ұғынып отыр. Алайда өзінің әйелдігі «өзіне» жету жолындағы кедергі секілді көрінетінін де өлең жолдарында аңғартып қойғандай. Ал өзі деп отырғанымыз – өлеңі. Дауыл өтіндегі ақынның кіршіксіз жаны сонысымен ұтымды, сонысымен жанға жағымды.

Ал ендігі бір өлең жолдарында «Кездеріңде құлдыраған, құлаған,

Кездеріңде қиянаттан жылаған,

Жұрт аяйды,

Бірақ сенің жаныңда

Қалмайды ешкім: қалатыны бір адам»- дейді. Ақынның «бір адамы» - жолдасы екені даусыз. Өлеңнің тұтас болмысында өз азаматының іс-әрекетін, қолдауын, жанашырлығын, кешірімділігін боямасыз бейнелеп, бар қазақ қызына «сондай жарды жолықтырыңдар» деп өнеге айтқандай. Осы орайда Күләш Ахметованың жары ақын екенін де еске салып кеткен жөн шығар. Ақын мен ақынның бірге өмір сүруі, сөйте тұра бір-біріне өлең арнауы сирек кездесетін феномен.

«Отты сақта!

заман бұл "от - тегін"дер...

Бір-біріңе қарызсыз от беріңдер!

Әрбір күнді арпалыс, майдан емес,

мейрам сияқты өткеріңдер!»- дейді. Бұны өзімізше топшыласақ, өз тағдырынан өлеңді биік қойып, әр күн сайын сол үшін қып-қызыл майданға түсу – қыз бала үшін әурешілік екенін айтқысы келгендей әсер қалдырады. Келешек ұрпаққа айтар ақылы деп қабылдасын деген шығар.

Ақын осылайша өмірдегі тәтті кездерің де, ащы кездерің де терең жан толқынысымен тебіренте дәріптейді. Өлең жазып та, (бәлкім ақындығы сәл кешеуілдеп қалар) бақытты әйел болуға болатынын айқайлап айтқысы келеді. Әйел үшін ақындық атақтан гөрі бақытты болғаны әлдеқайда биік екенін алға тартады. Өлең үшін өз-өзін құрбандыққа қиюдың түкке тұрғысыз екенін сездіреді. Сөйте тұра өлеңді бәрінен биік қояды.

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы