Қонаевты көрген күн

520

- Қонаевтың аңшылығы туралы неге жазбайсың? Нес-аға тұтқиылдан сауал тастады.
- Қонаев менімен сөйлесе ме?
- Неге сөйлеспейді?
- Қалай барам, қалай табам?
- Журналистің жаманы солай айтады. Жақсысы – ізденеді. Неге іздемейсің? Неге таппайсың? Сұра, ізден, іздеп, тауып ал! Таныс, жөніңді айт, ретін тауып, әңгімелес. Керек болса, есігінің алдында жат, подъезінде түне, қалай болса да сұхбат жазып алғаның дұрыс.

Енді ойланып отырмыз. Әлде тапсырма, әлде ұсыныс. Неден шығып еді, өзі?
Бәсімізді арттыратын мақала жазғымыз келді. Бағалануды да ойладық, бәлкім. Ондаған ұсыныс, тағы сонша тың тақырып. Бірақ, ұстаз бірін де жаратпады. Сосын өзі сөйлеген. Бірден Дінмұхаммед Ахметұлын айтты. Аңшы екен. Серуенді жақсы көреді екен. Сексенінде тік жүрген қайраткер туралы жазуға болатынын айтты. Қысқасы,Ұстаз Қонаевты атады.

Аңшы, сексенінде сергек жүр. Әлі атқа мінеді. Тауға шығады, еңісте де еңкеймеген. Тамаша тақырып қой. Келісеміз. Бірақ... қырық жыл ел басқарған адам бізді менсіне ме? Маңына жолата ма? Езу тарттық. Бағынбас белес, алынбас қамал болатын.

Ойға әлдене түсті. Жымиып отырдық та, баста әбден пісірдік. Сынаны сына ғана қайтарады. Өзінің амалын өзіне қолдану. Өмірбаянын әбден біліп алғанбыз. Жас инженер кезінде зауыт басшысының алдында айтқан сөзі ше. Бізге дәл қажет кезі екен. Қажетті нөмірді таптық. Ізденген қамал алмай қоймайды. Телефон нөмері қолға түсті.Тердік. Тұтқаны көтерді. Көмекшісі көрінеді. Сөйлестік, жөнімізді айттық. Саясатты емес, саяхатты жазатынымызды түсіндірдік. Атаның аңшылығы туралы білсек дедік. Сексенінде тіп-тік жүруінің сырын ұқсақ дедік. Бұйымтай екенін қадап айтып, тілек білдірдік. Жігіт жігіт-ақ екен, көмекші көмекші-ақ екен. Жарты сағаттан кейін хабарласуымызды өтінді. Уәделі кезде телефон құлағын қайта бұрадық. Дінмұхаммет Ахметұлы келісіпті. «Сәрсенбі, сағат 10.00 де келсін»,- депті. Бас-аяғы бір сағаттың ішінде мәселе шешілді. Міне, өмір!

Дайын жүргенбіз. Кездесуге.Армандауға болады ғой. Алматыға келгенде Қонаевты көруді аңсадық. Басында ол мүмкін емес еді. Қазір бала тілшіміз. Жас кезден сіңген қасиет. Қазақтың қарттарын тыңдауға әуес едік. Айтқандарын жаттап қалатынбыз. Есте жүргені көп. Ескіріп бара жатқаны да. Біз үшін Қонаев кім? Әуелі осыған ой жүгірттік. Рас, билік өкілі. Ол тұтас республиканы қалай басқарды? Көргеннен кейін сұралуы керек. Және сіз қалай басқардыңыз деген дөрекі сұрақ бере алмайсың, әңгімеге тарту арқылы өзің түсінуің керексің. Ақсақал оған көне ме? Біздің де көңіл аспанда. Білгіміз келетіні бірнеше төбе. Төбе басын маңайлата ма, онда шаруа жоқ қазір. Уәделі күн, келіскен сәтті күтеміз. Бірақ, уақытты ұтымды пайдалану керек. Баруға дейінгі және барған кезді де.

Көп ойландық. Көп толғандық. Кітаптарын оқыдық. Қосымша деректер іздедік. Қонаевтың алдында тым төмен болып көрінбеу үшін. Мысалы, Мария Биешу өнеріне тәнтті екенін де білдік. Молдованың опера әншісін де зерттедік. Әлемдік вокалдағы айтулы өнерпаз жайында да сұрап, білмекпіз. Жазғаны қаншалықты қисынды екенін жолай тексеру жоспары да болғаны рас. Бір Биешу емес. Сол кездегі өнер шеберлері, қоғам қайраткерлері, саясаттағы серкелер жайында да не айтқанын, қандай пікір білдіргенін қарадық. Таптық, оқыдық. Олжас немесе өзге де қазақстандықтар туралы да сұрауымыз мүмкін екенін ұқтық. Әрине, алдымен барайық.

Сөз – сөз, уәде – уәде екен! Тұрағын тауып бардық.Төменде күзетші құжатымызды тексерді. Тінту жоқ, қажетті қабатты айтып, қай есіктің қоңырауын бастанымызды түсіндірді. Лезде көтерілдік. Қолды қоңырау түймесіне апардық. Жүрек лүпілдегені есте жоқ.Өзімізді жақсы сезіндік. Міне, ғажап! Есікті Димаш Ахметұлының өзі ашты.
- Ассалаумағалейкум!
- Уағалейкумассалам, төрлет. Қазір уақыт тапшы. Бір естеліктер жазып жатырмыз, өзге де шаруалар көп. Айналайын, меселің қайтпасын деп, келсін деп едім. Бір жиырма минут уақытым бар. Өзі қазір іс те қауырт боп кетті. Жолаушылап бара жатырмыз да...

Кірген бетте состиып тұрдық да қойдық. Ақсақал артына қарайлаған жоқ. Тартып барады. Сөйлеген беті дәліз бойымен біраз жүріп, оңға бұрылды. Жұмыс кабинеті шығар. Сосын бізді іздеген шамасы. Қайта шықты.
- Әй, неғып тұрсың, өтсеңші бері
- Өткенде... 20 минутта не біліп үлгерем... сол жағы уайымға бөлеп тұр ғой
- Уайымы несі? Балам-ау, уақыттың тапшы екенін айтып жатырмын ғой. Келген соң кір енді, бері кел.
- Келем ғой.. бірақ..
- Мынау қызық болды ғой. Өт деймін бері. Босағада тұрғаны несі. Шырағым, спортшы газеттен ешкім келмеуші еді, соны естіп, әрі таң қалып, спорт жазатын тілшінің іздегенін қызық көріп, әйтпесе уақыт шынында да тапшы еді. Кірсеңші, енді.

Қасына бардық. Бойы ұзын кісі екен. Әлгі бір дастанда Қабанбай батырды суреттейтін жері бар, «қасы қалың кісі екен, бетін жауып кетіпті, сақалы ұзын кісі екен, кеудесін жауып кетіпті, қаһары қатты кісі екен, ашуланып, кетіпті»..
Мейірімді кісі екен. Мейірленіп кетіпті. Өңі ашық кісі екен, сұлуланып кетіпті. Еңсесі биік кісі екен...
Шынымызды айтайық. Тілшілік сипаттан жұрдай болдық. Тыңшылық болмаса да, тіршілік әмірімен аздап ой жарыстыру жағы да қараң қалатын секілді. Атам мысымен немесе сұсымен емес, мейірімімен алды. Қол көтеруімізге тура келді. Бірақ оған әлі алыс еді.

Атаның жүзі жылы екен. Таза ақсүйек. Тектілігі бірден байқалды. Ата болғанда да өзің жақсы көретін, мейіріміне шомылғың келетін атаңның алдындамыз қазір. Келген жұмысты ұмытып, ақсақалды қызықтап тұрмыз. Күлімсіреді. Көзімен де күледі екен. Сосын таң қалдырды.
- Қабанбайсың ба?
- А, не дейсіз?
- Бұқар жырау не деді?
- Қалай?
- Қызық бала болдың ғой. Бұқар атаң айтады:
- Сен канжығалы Бөгенбай,
Тақымы кеппес ұры едің,
Түн қатып жəне жүр едің.
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қашан сен жауға тіредің! Состиып тұрысың жақсы еді, сүріне бастадың ғой.
Негізі ойланып кетіппіз. Қабанбайды сұрады. Неге? Бұқар жыраудың Сен Абылай, Абылай,
Дəулет қонды басыңа.
Қыдыр келді қасыңа.
Бақ үйіне түнедің,
Алтын тұғырға кеп қонып,
Ақ сұңқардай түледің,
Алыстан тоят тіледің, - деп келетін толғауын бала кезден білеміз ғой. Атам бір күліп алып, жұмыс үстелінің басында жұмсақ орындыққа жайғасты. Оңға бұрылғанда көргенбіз. Төменде, әлде төрі сол, үстелдің аяғында екі аласа кресло бар екен. Соның біріне барып, тізе бүктік. Арамыз алыс. Негізі жұмыс үстелінің қосымша бөлігіндегі екі орындықтың біріне отыруымыз керек еді. Біз әдейі сәл қиыс кеттік. Табан астанда келген қулық.

- Әй, бері отыр, жақын кел, мынау орындыққа отырсаңшы
- Біліп тұрмын, орындыққа отырсам, ресми сөйлесеміз. Мен сұрақ берем, жарытып қояр сауалым да жоқ, негізі. Жиырма минутқа жетпей шығып қалам ойыннан. Одан да осы жер дұрыс.
- Не дейді?
- Не дегенде, мен сізді Ата деп кеп келдім. Айтары бар деп келдім. Ақыл тыңдайын деп келдім.
- Айналайын-ау ақыл дегенде, журналист емессің бе, әңгімелеседі, сұхбат жазады деді ғой..
- Дұрыс қой, бірақ шамам өзіме белгілі. Екінші сұрақтан кейін ептеп тыжырынасыз да, төртіншіге келгенде...
- Әй, бір қызық бала болдың.
- Сіз кетіп бара жатқан буынсыз, біз келе жатқан буын. Таныс сөздер ме?
- Есімде жоқ. Бірақ, қисыны келеді. Жарайды, сенікі жөн. Өзіңді еркін ұстайды екенсің. Ол да жақсы қасиет шығар.Ал, қой енді сұрағыңды. Сұрағыңа қарап, шамаңды білейін.
Үндемедік. Ойланып отыр едік, негізі. Атам лып етіп көтеріліп, қасымызға келіп отырды. Біз кіргелі бір қалыпты. Сол күлімсіреген бейне. Ерекше жылы. Жатырқаған жоқ. Жақсының шарапаты деген осы ау, сірә. Еркімізге қойып отыр, еркелеткені шамасы. Сосын сұрадық.
- Ата, аңды мылтық ала ма, мерген ала ма?
- Бұйрық алады. Қазақ, бұйырған кетпейді деп тегін айтты дейсің бе? Адамның ебі болуы керек шығар. Алайда, бұйырмаған аң аттырмайды. Аңшылық ермек емес. Кезінде кәсіп болды. Аңщы шыңдалады, ісіне машықтанды. «Алпыс бір айлалы түлкіні алпыс екі айлалы тазы алады», - дей ме, атаң қазақ. Түбіне үңіл, түбірін ізде. Мылтық туралы да көп айтты, бабаларың. Жеті қазынаның бірі ме? Біздікі аңшылық емес. Серуен. Сейіл деп те айтуға келеді. Таза ауа, көтеріңкі көңіл, ол да бар шығар. Бірақ мен аңға шыққанда көп ойланам.
- Не жайында?
- Әртүрлі ойлар. Мылтық асынып келе жатып, ойланамын. Өткен күнді де, осы шақ жайында да. Өзімнен есеп алуым да мүмкін.
- Шаршайсыз ба?
- Ойдан ба?
- Жалпы деймін де.
- Шаршаған да жақсы ма деймін. Белгілі бір шек бар ғой. Өлшеулі ғұмыр деп тегін айтты дейсің бе, белгілі бір шектің болуы заңдылық. Қай жағынан алып қарасаң да. Тіпті адам мүмкіндігінің шегі дейікші. Белгілі бір дәрежеге жеткенде бәрі де тоқтайды.
- Алексеев айтып еді. Күндердің күнінде рекорд та тоқтайды деп.
- Спортшы ғой. Алып ауыр атлет. Ия, тоқтауы тиіс. Шегіне жеткенде.
- Аңшылықта адам көп өкінетін секілді. Аң кезікпейді. Қанжыға майланбайды. Оқ тимей кетеді...
- Қартты қайда сүйреп барасың? Журналистің бәрі «аңшы», қақпан құрып отырады. Осыны сендерге оқыта ма? Адамда өкініш деген бар. Бірақ өткінші жаңбырға ұқсау керек ол. Қазақ не дейді? «Өткен іске өкінбе», - дейді. Әрі қазақ дұрыс айтады. Саналы адам бәрін де санамен салмақтайды. Сені түсініп отырмын. Алғың келетін жауаптарың мүлде бөлек. Тау-тас кездіріп, арқар аттырып, түлкі қақтырып, сосын мені басып қалмақсың ә? Білемін, білемін. Бірақ бүгінгі әңгіме саят туралы, саясат емес, шын мәніндегі аңшылық жайында болсын. Сергектікті сөз етейік, спортыңды айт.
- Ат туралы ше?
- Жылқы дегенде елеңдемейтін қазақ болмайды. Мінсең көлік, іщсең сусын. Жарайды мынаны айтайын. Өзің жақсы білетін «Орталық стадиондағы» салтанатқа Хрущев келді. Қарсы алдық. Қабағы қату, талайға дейін ашылмады. Келген себебін түсінсек те, мынау ұстанымын түсінбедім. Әлдекімге ренжулі секілді. Әлде бізге. Стадионның мінбесіне щыққанда сұрады. «Қанша адамға арналған?». «Отыз мың жанкүйерге, Никита Сергеевич». «Алматының халқы қанша?». «600 мың». «Сен не сонда бүкіл Алматыны стадионға жинайын деп па едің? «Лужникиді» білесің, Мәскеуде қанша адам тұратынын тағы да білесің, сонда неге сүйеніп, сонша далиттыңдар?». Түсіндірген болдық. Оны естіген кейіп танытпады. Кейіді де отырды. Сосын, жанары жарқ етті. Салтанатты ашылудың сценариіне сай ақ боз ойнақтап шыға келді. Сұлу жылқы екен. Тұрқы ұнады білем. Қарады, жанары қатты да қалды. Құлағына сыбырладым, «Никита Сергеевич, осы жануарды сізге мінгізейік деп едік». Иегін көтеріп оңға қарай бейімдеп, жалт қарады. Табан астында түсі жылынды. Ұсыныс ұнаған секілді. Мінгіздік, алды. Сонымен ұмыттық. Ұмытпапты. Хрущев жолдас. Кремльден телефон соғылды. Әлгі ақ бозды арнайы вагонмен жіберу жайында. Жібердік.
- Мінді ма екен?
- Мінген де шығар, шын ұнатты. Көрдің бе, арғымақты көрсе кез келген адам жанып түседі.
- Медеуді салу да қиын болған шығар?
- Әр құрылыстың, әр нысанның өз қиындығы, шешу жолы болды. Оның бәрін жіпке тізіп қайтеміз. Елге қажет болды. Салдық. Жұрт игілігін көріп жатыр. Керегі сол емес пе. Мыңдаған мәселелер болды. Құрылыс тоқтаған кездер. Сәулетшілермен мәселе дегендей. Оның ертеңге қажеті қанша? Өз кезіміздегі қиындықтар. Өзіміз шештік. Іс аяқталды. Маңыздысы сол ғой....
- Сізді сол кездегі өңір басшылары тап-тұйнақтай құрылысқа немесе керемет салынған нысанға емес, шешімі ұзап бара жатқан, облысқа қажеті мол, алайда жоғарыдан қолдауы жоқ жобаларға алып барады екен дегенді де естідік.
- Мүмкін, өзім солай қалаған шығармын, ә!
- Енді естіген соң...
- Қысылма. Адам кәсібін ұнатуы керек. Ұнатып қана қоймай, сол кәсіпте белгілі бір жетістікке жетуге ұмтылғаны жақсы. Біз билікте болғанда күніміз Кремльге қарады. Күніне жүз құбылатын саясатқа төтеп беру керек еді. Реті келсе әрбір бастаманы республика пайдасына шешіп қалуға күш салдық. Өзіндік есеп бізде де болды. Адам ақылына бағынуы тиіс. Менің түсінігімде еліңді өлшеусіз сүйгенің абзал. Онсыз өзің де, елің де биікке шыға алмайды. Шығармайтын күш бар. Ол жағын қаузап, басыңды қатырмайын. Кейін түсініп аларсың.
- Кісі тану деген не, ата?
- Кісі тану қабілет қана емес, қасиет. Ілеуде біреу болмаса, екінің бірі кісі тани бермейді. Мүмкін, тәжірибе де керек шығар. Қарапайым қисынға көшсек, адам адамға сенім арту керек. Ал сен сенген адам сол сенімге селкеу түсірмей, барынша сенімнен шығуды ойласын. Сонда бәрі жақсы болады.
- Абай атаның айтатыны осы ғой.
- Абай атаң терең ғой.

Ұзақ әңгімелестік. Сол күні күтуші де болмады. Көмекшілер де кірмеді. Ешкім кедергі келтірмеді. Мүмкін сағат жарым. Біздің өре де Атамның бойы секілді биіктеген сияқты. Сөзге қандық. Әңгімеге жарыдық. Өйткені санамызға сіңіріп айтты, жанымызға үңіліп айтты. Бәлкім кезі келгенде жазармыз.
Жаздық. Мақаланы айтамын. Ұсындық. Газетке. Жарық көрді. Алып-ұшып, апарып бердік. Көрді. Оқитын болды. Сосын телефон соғып, салем бердік.
- Жақсы екен, айналайын. Тамаша!
- Оқыдыңыз ба?
- Әй, оқымасам айтам ба, мұндай мақтау. Өткенде шай іше алмай кеттің. Айттым ғой, ана кісі бір жаққа шығып кеткенін. Енді бір келіп, шай іш, жарай ма? Келіп тұр, айналайын, жарай ма.

Ауа жетпей қалатындай. Абынып қалдық. Атамен сөйлестік. Қырып жазбағанымыз анық. Мерейімізді өсіргені ғой. Оны түсінеміз. Бақыт деген осы шығар, бәлкім. Қазақтың шоқтығы биік тұлғасымен телефонда тілдесу. Өзін көргеніміз бір басқа. Сөзін естідік, ойын түсінуге тырыстық. Ол да керемет. Бірақ телефондағы тілдесу... сөйтсек ол соңғы сөйлескеніміз екен... іс-сапардан келе жатып естідік. Үлкен жүректің тоқтағанын.
Анығы былай еді. Атам шақырды. Баруға уақыт таппадық. Табар едік, егер одан кейін көру мүмкін болмайтыны білсек, сезсек. Кейде ойлаймыз, неге бара салмадық? Кежегенің кейін тартатыны қандай жаман. Біздің түйсік өзінше топшылаған. Атамен енді емін-еркін араласып тұрамыз деп...

Поездан түсе сала қаралы жиынға қарай зыттық. Келсек, қоштасу аяқталып, жұрт сыртта іркіліп тұр екен. Ештеңге қараған жоқпыз. Әлде ерекше бір күш біте ме. Кедергілерді бұзып өтіп, ішке ендік. Табытты жапқалы жатыр. Жүгіріп барып, қош айтып үлгердік. Көз алдымда Қонаев биіктеп бара жатты...

 

Амангелді СЕЙІТХАН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер