"Сталинді ұлықтау шарасының нұсқаушысы кім?"

3073

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа ашық хат!

 

Мен қазір бізде мемлекеттік идеология, толық та дұрыс мағынасында алғанда, жоқ деп ойлаймын. Бар болғанның өзінде, ол – аса солқылдақ,  тым жалтақ.

Солқылдақ болмаса, жалтақ болмаса, қазақ халқының үштен бірін құртып жіберген саясатты жүргізген Сталиннің туған күнін тойлау, ұлықтау шарасына жол берілер ме еді. Өз басым, мемлекетіміз өткен ғасырдың 30-жылдардағы саяси репрессияны болғанын мойындайды деп санаймын. Мойындамаса, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 5 сәуірдегі № 3443 жарлығымен «31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып бекітілмес еді. Ал осы жыл сайын осы 31-мамыр күні еске алатын құрбандар елді кім басқарған кезде саяси қуғын сүргінге ұшырады, ашаршылықтан қырылып еді? Тарихтан хабары бар кез-келген кісі «Сталиннің кезінде» деп жауап береді.  Онда мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда, қазақ халқына қылмысты саясат жүргізген Сталинді ұлықтау шарасына жергілікті билік неге жол беріп отыр? Әлде жоғарыда аталған Жарлықты шығарған Нұрсұлтан Әбішұлы биліктен кеткеннен кейін, ол шығарған заңнамалар күшін жойғаны ма?  Әйтпесе, 31 мамыр репрессия құрбандарын еске алып, 21 желтоқсан күні сол репрессияны жасаған ХХ ғасырдың ең қанқұлы диктаторын ұлықтау қай ақылға сияды?

Өз басым, Орал қаласында орын алған Сталинді ұлықтау шарасына қатысты мынандай ой-тұжырымдар жасаймын:

  • Біздің билік - Ресей Федерациясының қатты ықпалында, сондықтан өздері қаламаса да,  ел мүддесін емес, көрші елдің саясатын,  идеологиясын  жүргізуге мәжбүр. Ал РФ, бұрыннан бар сталинді пір тұтуды, соңғы кезде мемлекеттік идеологиясының бір бөлігіне айналдыра бастағанын білеміз.
  • Жергілікті билік өз іс-қимылында (сталинизмді айыптайтын) қолданыстағы заңнамаларды емес,  жоғарыдан түстетін қандай да бір нұсқауларды басшылыққа алады. Демек, осы нұсқауды бере алатын лауазымды тұлғалар бар. Біздегі билік вертикалына қарап отырып, олардың кім екенін шамалау аса қиын емес.

21.12.19 жылы Орал қаласында өткен ісі-шараға сталинизді дәріптеу шарасы болғаны үшін ғана емес, ең болмаса рұхсат алынбаған митинг ретінде тосқауыл қойылуы керек еді. Ұйымдастырушылар «шараны өткізу үшін рұқсат алмаймыз, себебі біз тек гүл шоғын қоямыз, ал бұған рұқсат қажеті жоқ»  дегенімен, шын мәнінде ұйымдастырушылар сөз сөйледі. Оның бейнеайғағы ғаламтор бетінде толып тұр. Егер адамдар алаңда осылай  көп болып жиналып, сөз сөйлесе, ол митинг болмаса, онда не? Егер митинг болса, онда неге жергілікті билік орындары, соның ішінде құқық қорғау органдары бұл заңсыз акцияның жолын неге кеспеді?

Жалпы, 21.12.19 жылғы Орал оқиғасы мемлекет, тиісті министрліктер мен прокуратура тарабынан құқықтық бағасын алуы тиіс:

1)  Қазақстан Республикасында Сталинді қоғамдық орындарда дәріптеу заңды ма? Заңды болса, бұл Сталин жүргізген саясаттың кесірінен атылған, қамалған, ашыққан адамдардың ұрпақтарының көңіл-күйімен, ұстанымен қалай үйлеседі? «30-жылдары репрессия болды» деп санайтын мемлекеттік саясатпен қалай сыйысады?

2) Орал қаласында 21.12.19 жылы өткен акция митинг пе, жоқ па? Митинг болса, жергілікті орындардан рұқсат алынбаған бұл шараға неге жол берілді?

Менің бұл мақаламды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың атына жолданған сұрау деп қабылдауыңызды сұраймын.

 

Жазықсыз жап шеккендердің қорланған рухы тыныш жатқызбаған

Қазақстан Республикасы Журналисттер Одағының мүшесі

Сәдір Нұрлан Қуанышұлы,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы