Құдық (әңгіме)

586

 

 

Төбедегі күн ми қайнататындай ыстық. Жұрнағы ғана  қалған көшенің бойын қуалай аққан бұлақты жағалай  Е келе жатыр. Бұлақтың бойымен ағып келе жатқан жыртылған доптың қиқымынан көзін алар емес. Доптың қиқымы бұтаның арасына барып тіреліп қалды. Е жерден итмұрының шыбығын алып   допты қозғап жібермек болып әуреленіп жатқанда оған олар келіп қосылды.

Олар топтасып  келе жатыр. Бұлақтың суы құмға   сіңіп жарты жолда жоғалған. Көше әлі бітер емес. Олардың ортасындағы Е : « - Менің кінәм» – деді. Олардың бәрі тұрып қалды. Үнсіздік. Шеңбер құрып тұрған оларды айнала қара шыбын ызыңдап ұшып жүр. Олардың көздері шыбында. Шыбын оларды тағы бір рет айналып жақындай берген кезде, шетінде тұрған  арықтау келген Ю  екі саусағынның ортасымен басып қалып, жұмыртқасын сыртқа төге қысып тастады. Оны көріп бәрі басын шайқады. Ю қып-қызыл болып төмен қарады. Ортасындағы сиықсыз домалақ  С  жан-жағына алақтап қарап: «Бәріміз кінәліміз» - деп шиқ етті. Тағыда үнсіздік жаулап алды. Олар бір-біріне көз жүгіртіп қарап алды да қарқылдап, шиқылдап, сықылықтап күліп жіберді. Е: «Біздің кезіміздегідей балалық шақ қалмады.» - деп екі тісінің ортасындағы ойықтан сыздықтата түкіріп. Суық желмен ұшқан түкірік тамшылары жіңішке Юдың  әр жерде өсіп тұрған шаштарының арасынна барып жайғасты. Оны байқамай Ю: «Қазіргі балаларда балалық жоқ. Енектерімен ойнағаннан басқа түк бітірмейді» -  деп мұрнын бір тартып. Басыннан бері ешкімге қосылай тұрған А омырау қабын бір жөндеп:    «Маған бәрінен қызық болып тұрғаны қалай өледі екенбіз?».  Осыны естігендері сол еді  бәрінің көздері шарасыннан шыға үлкейіп , алайып кетті:

-  Қайдағы жоқты айтпа – деді С.

-  Есің дұрыс емес – деді Ю.

-  Жоқ, шынында да қараңдаршы! Қазір біз бармыз және өмір бітпестей көрінеді. Жеп жатырмыз, талап жатырмыз, сорып жатырмыз, сүріп жатырмыз. Ал ертең ше... Ертең әрқайсымыз қай жерде және қандай жағдайда өледі екенбіз. Біреуміз қиналып өлсек, кейбіреулеріміз өз-өзімізге қолжұмсап  өліуміз мүмкін. Шындығына  келгенде  тіпті  өлгенімізді де сезбей қалуымызда қажап емес.  Өлім қорқынышты ма әлде ойлау қорқынышты ма? – деп А аспандағы көзін қасындағыларға түсірсе, олар біраз жер ұзап кетіпті. А жүгіріп барып оларға қосылды.

Олар  ескі  көшеден біраз ұзап барып, шеті опырылған  құдықтың қасына келіп  тоқтады. Олар құдықты жағалай қоршап  тұр. Арықтау келген Ю саусағының ортасына жабысып қалған шыбынның өлексесін ала алмай әлек. Е жан-жағына барлай қарап алды да: - « Мен кінәлімін». – деп тағы міңгір ете түсті.  Ішіне ұзақ үңілген С: - Қай жерге көміп едің? – деп сыбырлап сөйлеп.

-         Көп жыл өтті – деп Е басын шайқап.

-         Расында да көп жыл өтіп кетті -  Ю да қосылып.

-         Ішіне біреуміз түсуіміз керек – деді өлім жайлы ойлайтын А.

-         Шіріп кеткен шығар – деді Е.

-         Солай шығар біраз жыл өтті, – деп  Ю  саусағына жабысқан шыбының

соңғы сирағын сурып алып.

-         Нақты осы жер ме? – деп С көзін құдықтан әлі алмай.

-         Есімде жоқ –деп Е құдыққа үңіліп.

-         Шынында да есімізде жоқ, көп жыл өтті. – деп Ю лақтырып тастаған

шыбының сирағын өкшесімен езгілеп.

-         Құдықтың ішінде қаншама жылдан бері су жатыр шіріп кеткенде

шығар – деп А қасындағыларға қайтайық дегендей қарап.

-         Босқа уақыт өткізбей қайта берейік. деп Ю құдықтың ішіне қақырып.

Оның бұл қылығына бәрі тағыда басын шайқайды. Ю көрмегендей аспанға бәр қарап қойды. Юдың қылығына ызасы келген С  қарнын тырап тұрып:

-         Шынында да қаншама жыл өтті десеңші. Қайтсақ қайтайық – деп

өзгелерге қарап. Е  құдықтың ішіне қарап тұрған  Юдың  қасына барып: - Біреуміз түсуміз керек – деді. Еден қаймыққан Ю жанарын тайдырып әкетіп: «Шынында да біреуміз түсуіміз керек шығар?          » – деп міңгірлеп шыққан  өз даусына өзі сенбей. Е аяғын құдықтың ішін салып тұрып «Түсу керек болса мен түсейін бәрін бастаған менмін» – деп.

-         Олай, болмайды. Бәріміз кінәліміз сондықтан бірге түсейік –деді өлім

жайлы ойлайтын А.

-         Жоқ, ол өзі түсемін деп тұр, түсін- деп Ю батылдау дауыспен.

Ұзақ тұрғаннан  кейін Е құдыққа түсті. Асты саздылау құдықтың түбінде жатқан екі бақа қайда барарын білмей секеңдеп қалды. Е топырақты қолыман қазып қопара бастады. Қалғандары төбесінен өлексеге жиналған құзғындардай қарап тұр. «Оны тастап кеткендей сеніде тастап кетейік пе?» – деп Ю шиқылдап күліп. А ұнатпай: «Байқап сөйлесеңші» – деп тиып тастады. Ю оған алара қарап «Ойнауға да болмай ма?» – деп міңгірлеп.

Олар әлі қарап тұр. Келгенде төбеде тұрған күн батуға айналды.  Бір кезде құдықтың түбіннен «Таптым» - деген  дауыс шықты. Құдықтың бетіндегі олар бір-біріне қарады. Е батпақ-батпақ болып құдықтан шыға келді. Бәрі жан жағыннан «Қайда? Қайда?» -  деп айқайлап сұрап. Ол саз-саз қолын қалтасына салып ішіннен кішкентай тозығы жетіп шіри бастаған қызыл допты алып шықты.

- Бетоның екі ортасына қысылып қалған күйі  тұр екен» - деп Е допқа жабысқан шалбарына сүртіп.

Олар  іздегенін тауып  келген ізімен батып, бара жатқан  күнге қарай ескі көшені бойлап жүре берді.

Ертеңінде олар  допты алып «сұр ғимараттың ішіне кірді. Ішінде оларды терезеден даладағы ұшып жүрген көбелекті іле алмай жүрген қарлығашқа  тесірейіп қарап отырған   доптың иесі Р қарсы алды. Көшкен ескі жұрттың орнында ойнап жүрген кезде осы доппен бірге өзін  құдыққа тастап кеткен достарын ол танымады.  Тек қызыл допты көрген кезде ғана қарқылдап күліп жіберді. Бірақ ол күлкі балалық кездегі бей күнә тәтті күлкіге, бұл доп сол кездегі допқа, ал достары сол кездегі достарынна еш ұқсамады.Ескі көшенің бойындағы өмірді ақ жауын толассыз жауып, баяғыда-ақ тазалап кеткен болатын.

PS: «Шынында да біз қалай өледі екенбіз» деген сөздерді жел аспанда ойнатуда.

23.04.2014 жыл

Авторы:  Қолғанат Мұрат

Пікірлер