ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

511

 

 

Әбдіқалық Күнімжан, профессор

Ермахан Ақерке, ҚазҰҚПУ-дың 1-курс магистранты

 

«Алаш туы астында» жиналған қазақ зиялыларының ұлт мүддесі жолындағы табанды күресі 1917 жылға дейін де, кейін де  өз нәтижесін көрсете білді.  Осы уақыттағы «Алаш» партиясының төңірегінде топтасқан қазақ зиялыларының негізгі бағыты мен арман-мүдделері ақындар шығармаларында ашық түрде қолдау тауып, «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналында жарияланып отырды. Солардың бірі Жүсіпбек Аймуытов та Алашорда үкіметі көтерген идеяның жауынгер жақтаушысы болды.

«Алаш» газетінде 1917 жылғы ақпан төңғерісіне дейінгі қазақ өмірімен таныстырған Ж.Аймауытовтың «Не қып жатыр?» өлеңі М.Жұмабаевтың «Айқап» журналында (1911, №2) жарық көрген «Жатыр» өлеңімен үндес, тіпті жалғасы іспеттес. Мағжан өлеңінде отаршылдықтың қысымына шыдаған елінің жай-күйі толық ашылып көрсетілсе, Жүсіпбек туындысында өзгере бастаған жұртының қалпын бейнелейді. Елінің алға жылжуын ойлаған Мағжан:

...Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,

Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр.

Сезінбей өзгенікін, өзінікін

Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр?–

деп қазақ оқыған азаматтарының күш біріктіруін қаласа, сол оқығандардың бірі Жүсіпбек осы өлеңі арқылы өзіндік үнін қосқандай еді.

Түрленіп мынау заман ағып жатыр.
Жай өтпей һәркімге сын тағып жатыр,
Жайынан замананың хабардар ма?
Осы біздің қазақтар неғып жатыр.

Шүкір, қазақ ұйқыдан тұрып жатыр,
Өз әлінше өрмегін құрып жатыр
Жіліктің майлы басын бері тартып,
Икемдеп өз алдына бұрып жатыр,–

деген өлең жолдармен бастаған Жүсіпбек қазақ жастарының білімге сусындап, өнер, ғылымға ұмтылып жатқанын, ұлт қамын ойлайтын талаптылар баспасөз, мұғалімдер медресе, мектептер ашып жатқанын, байлардың нашарларға қол ұшын беріп, «тас болат үй, магазин, зауыт ашып», қазақтан «инженер, агроном, адуақаттар, дәрігерлер де өнеге шашып» жатқанын, осылайша қазақтың ілгері басқанын сипаттай келе, «Нөсер соғыс әлемге жетіп жатыр, Ақ патша жұртқа пәрмен етіп жатыр...» деп бірінші дүниежүзілік соғыстың да халқына соққы болып тиіп жатқанынан хабардар етеді. Сөйтіп, соғыс та аяқталып, қазақтың да өз алдына ел болатынына сенген үмітімен өлеңін аяқтайды.

Жүсіпбектің «Ұршық» өлеңі де М.Жұмабаевтың  «Қазақ» газетінде (1917, 16 февраль, №218) жарияланған «Орамал» өлеңін еске түсіреді. Ресей жерін қорғауға аттанған қазақтардың жағдайына алаңдаған Мағжан орамалды, Жүсіпбек ұршықты деталь ретінде ала отырып, сол бір ел тарихындағы ірі оқиғаның зардабынан ел-жұртының қалай қайғырғанын осылайша суреттегенге ұқсайды.

Зырылдап жүгір ұршығым!
Шүйкені талдап іпсітіп,
Көзімнің жасы құр шығын
Жүректі өртеп ысытып.

Мінеки, «Ұршық» өлеңіндегі лирикалық кейіпкердің көз жасын бұлап, қайғыдан жүрегі өртенгендегі бар тілегі тек шүйкедегі жүнін бітіру емес еді. Яғни, өлең жолдарында Жүсіпбек:

Үсті-басы сырдай боп
Жүрген шығар құлыным.
Жалғызым кетіп жұрдай боп
Кесілді қолым, кұрығым...–

дегенді айтса,  Мағжан да:

Елін ойлап қамығып,

Жүрегі толып дерт-шерге,

Жүр екен жаным жабығып

Осы күні қай жерде? –

деген уайымын жеткізеді. Бұл арада қарт ананың жалғыз баласының, жас келіншектің күйеуінің қайда жүргенін білгісі келетіні арқылы екі ақын да өздерінің көкейіндегі сұрақтарға жауап іздегені анық. Ж.Аймауытовтың осы өлеңінде ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктер, яғни, сол уақыттағы малы барлардың амал тауып, майданға жіберілмей, қалып қойғаны да сөз етіледі. Сондай-ақ

Қыршаңқы, ақсақ, соқырдың
Көтерілді базары.
Жырық пен пұшық, қотырдың
Биыл кірді ажары,–

деп, бас көтерер азаматтары майданға кеткен ауылдарда осындай адамдардың да дәурені жүргенін жасырмай, тарихи шындықты бүкпесіз жайып салады. Өлең соңындағы қарт ананың жаудың жеңіліп, жалғызының аман-есен қайтып келгенін тілеуі де автордың өз тілегі, қорытындысы еді. Жалпы, бұл туындысында да Ж.Аймауытовтың жұрт қамын ойлайтын адал ниеті аңғарылып жатады.

Сол кездегі тарихи ахуалмен қоса, әйел теңдігі мәселесі де қазақ ақындарына үлкен қозғау салғанын «Алаш» бетінде жарияланған Ж.Аймауытовтың «Жазушыларға», «Ах-хах-ха-хау» сияқты өлеңдерінен аңғарамыз. «Жазушыларға» өлеңінде патша заманындағы қазақ әйелдерінің тұрмыс халіне «Алаш» газетінің де көңіл бөлгеніне өзінің ризашылдығын, қолдау көрсететінін білдіріп қана қоймай, «Әйелді теңдікке алсақ терен ойлап, Жазсақ екен нәпсіден жырақ тұрып» дегенін де жазушыларға ескертіп өтеді. Ал  «Ах-хах-ха-хау» өлеңінде «кәріге жастың пейілі қас» екенін ескерте отырып, «жас иіске құмарларды» сынға алғанда  оларды «жапырақсыз, түпсіз... іші қуыс кәрі ағашқа» теңейді. Тіпті, «Сандуғаш іздеп сандалған, Неғылған дәнді дәрі ағаш!» деп сықақ етеді. Сөйтіп, Жүсіпбек қоғамдағы осындай келеңсіздіктерге де қарсы шығып, барынша мінейді.

Жүсіпбек Аймуытовтың «Абай» журналында басылған «Ұран» (1918, №1), «Әскер марсельезасы» (1918, №6) сияқты өлеңдері де қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін Алашордаға артқаны байқалады. «Ұран»  өлеңі жалынды  рухпен  жазылған.

Қазағым,  қақтықпа, қамалма!

Ел болар қамыңды амалда!

Кетті күн, атты таң, шығып күн

Сал малды, сал жанды аянба!

 

Мал баққан, жай жатқан ел едік,

Бейнетті көп тартқан ер едік.

Қаны жат, тілі жат, діні жат

Жат елден таяқты жеп едік...–

деп отаршылдыққа  қарсылық білдіре келе, Жүсіпбек өз  елінің бостандық  жолында  аянбай күресуін қалайды.

Ұраным, қорғаным,  сен Алаш!

Жолыңа  құрмалдық мал мен бас!

Өнер тап, өрге шап, қару ал,

Аллалап алға бас, ал Алаш!

Ұлтының болашағы  үшін елін күресуге шақырып,  азаттық   идеясын  көтереді. «Әскер  марсельезасы» өлеңі де бүкіл  алаш жұртының  маршы іспеттес болды. 

Арғы атам – ер түрік,

Біз – қазақ еліміз...

Егессек ел бермес,

Еңіреген еріміз.

Бұғаудан босанған,

Біз – долы арыстан.

Долданса, болмайтын

Жаңа дәу – періміз...–

дей келе,  «Алаштың ақ туын қолға ұстап ақырып, «Алаш» деп шапқанда жауға ойран саламыз» деп ұлт мүддесі жолында жанын қиюға дайын ер ұландардың қайсар мінезін таныта түседі. Ең бастысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Жасасын, сақтасын Алаштың ордасын» деп Алладан Алашорда үкіметінің мызғымас беріктігін тілегені қазақ жастарына рух беріп, шабыттандырған еді.

Ж.Аймауытов өз ойларын өлеңмен қоса саяси мақалалар жазу арқылы да жеткізіп, оларды ұлттық баспасөзде жариялап отырды. Мәселен, оның «Тұр, Бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл, жастар», «Мемлекет  құрылысы», «Қазіргі саси хал», «Ұлтты сүю» деген мақалаларынан көруге болады.

Осы жылдары «ақ» та емес, «қызыл» да емес, тек ұлт мүддесін үшін қызмет ететін, яғни «Алаштың» тіліне айналған  «Сарыарқа» газетіндегі «Тұр, бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл жастар!» (1917, №2, қаңтар) мақаласында: «...бас қосып, қаулы қылып, ұйым жасап, бірлесіп іс қылуға берілген бостандық... Ал, жастар! Жігерленбей, сілкінбей қара бұқарамыздың есі кірмей, ақыл да, білім де күштіде деп бағына берсек іс бітіре алмаймыз. Іс бітіре алмасақ табанды, іргелі халық болуымыз кәдік» деп қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзінің жүрекжарды ойларын айтады. Мақаладағы негізгі айтылмақ ниет те қазақ халқының көзін ашу, жастарды болашаққа ұмтылдырып, қалың бұқараға қызмет жасайтын ұйым құру, халық арасында теңдікті орнату. Жалпы, жазушы қазақ ұлтына бостандық алып беру, орыстардың солшыл саясатының бұғауынан құтқару тек жиырмасыншы ғасыр жастарының қолында деп біледі. Жазушының «Мемлекет  құрылысы» (1917, 25 маусым) мақаласында: «Бір  мемлекеттің  ішінде  түрлі,  алуан  жұрт  бар. Олар  өздеріне  қолайлы  тұрмысты  өзі  біліп  жасамақ. Әмір  патшаның  қолында  тұрғанда  жұртқа  бұл  еркіндік  болмады;  мемлекет  құрылысы  халыққа  зиянды  болса  да  шыдады.   Талай  қысылтаяң  жерде  «жұрттың  еркі»  деген  сөз  патшаның  аузында  бола тұрса да,  халықтан  ерік  сұрамады. Енді  патшаның  пәрменінен  халық  құтылды.  Қандай  қолайлы  тұрмыс  жасаса  өз  еркінде»,– дейді. Автор  патшалық заманда  ерік тек сөз  жүзінде  ғана  болғанын, барлық  нәрсе  халықты  сүліктей  сорып  келген  сол патша үкіметінің  қалауымен  орындалғанын, енді мемлекет  те  халықтың  қалауымен  құрылатынын айта  келе,  енді  сол  мемлекетті  қалай  құрмақ  керек  деген  мәселеге  тоқталады. Мемлекет  құру жолындағы қажеттіліктерді рет-ретімен баяндап береді. Басшылық, халық сайлауының маңыздылығын айта келіп,  «президент»,  «республика» сияқты сөздердің ұғымына назар аудартады. Әділ билік, сөз бостандығын айтқанда, әсіресе, жеке мемлекет  болудың  қажетті  шарттарына айрықша тоқталады.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Абай» журналында басылған «Қазіргі саси хал» (1918, №6), «Ұлтты сүю» (1918, №11) деген мақалаларынан да  осы жайтты аңғарамыз. «Қазіргі  саяси  хал»  мақаласында  «Мемлекет  құрылысындағы»  арман-үмітінің  әлі  ерте  екенін,  асығыстық  жасағанын  ескертеді. Мұнда  төңкеріспен бірге бостандықтың  келгенін, сондай-ақ  қазаққа большевиктер  үкіметінің  озбырлық жасағанын, ұлт қамын ойлаушыларды қамап, өлтіруге дейін барғанын түгел баяндап шығады. Басшыларымыздың  сол  күйге  түсуіне  себепші  болған  кім  еді  дей  келе,  «олар  пайдасы  басынан  аспайтын  бықсыма  көңіл,  бояма  ұлтшылдар;  заманы  қалай  өзгерсе,  фікірі  солай  өзгеретін  қорқақтар;  аласапыранда  атқа  мініп, арам  жолмен  атақ  алуға  арланбайтын  арамзалар;  боран  болса  жүгенін  беліне  байланып,  сүргін  аңдыған  ұры-қарылар;  қылт  еткен  күні  сылт  етіп,  алаш  аруағына  пышақ  салуға  шіміркенбейтін  жүзіқаралар  еді»,– деп күйіне жазды. «Алаш  Орданың  қазіргі  мақсаты,– дейді  Ж. Аймауытов, – қазақты  жұрт  қылып,  автономия  алу.  Осы  жолда  Алаш  Орда  милициясын  жасап,  қазынаны  толықтыруға  кірісіп  жатыр». Жазушының осы  сөздерінен «Алаш» партиясы бағдарламасымен  жете таныстығы әрі  өзі  де сол  мақсатта  қызмет  етіп жүргені байқалады.   Жазушы  сөз  соңында  өз  ойын   «басы  аман,  малы  түгел  еліміз  де  бар,  ел  қамын  ойлап,  тура  бастарлық  еріміз  де  бар, ендігі  тілеу – елімізге  ес  кіріп,  ер  етегін  түйіп,  жер-су,  үрім-бұтақтың  қамын  ойлатар  күн  болсын.  Сонда  Алаш  туы  желкілдеп,  түрленерсің;  сонда  Сарыарқа  түрленіп,  гүлденерсің.  Сонда  алаш  баласы  іргелі  ел  боларсың!» деген  жалынды  рухпен,  болашаққа  деген  зор  үмітпен  аяқтайды.

Ж.Аймауытов «Ұлтты  сүю»  мақаласында  ұлтты  кім  қаншалықты  сүйе  алады  деген  мәселеге  тоқталып,  «ұлтым,  халқым»  дегенде  бәрінің  де  жүрегінде  оянатын  белгілі  дәрежеде  сезім  болатынын, оның  ең  жоғарғы  дәрежесінде  ұлты  үшін  құрбан  бола  алатындар  тұратынын еске салады.  «1905-ші  жылғы  толқын,  тағы  әр  түрлі  түрткілер  қамшы  болған  шығар;  көбінесе  ес  кіргізіп,  оятуға,  ұлтты  танытуға  себеп  болған  «Қазақ»  газетасы. Онан бұрын  ұлт  дегенді  кім  білген:  көбіміз  кеше  өзгеріс  болған  күні  ұлтымызды  тауып  алдық» деп  жазушы  ел мәселесіндегі күрделі жайттар туралы ой қатады.  Тағы  бір  маңызды  мәселе  ретінде  қазақ  оқығандары  туралы  «Оқығандардың  кейбіреулері  жан-тәнімен  адал  қызметін  көрсете  алмай,  пайдасын  не  дәрежесін  сағалап  кетуі  ғажап  емес, ...«ұлтшылдық»,  «адалдық»,  «қызмет»  деген  нәрселер  сүйегіне  сіңіп  өскен  емес.  Сырттан  жапсырылған  жамау» деп  жазушы  қазақ  оқығансымақтарын сынап  жаза отырып, «Оқығандар! Жан  тыныштық  іздейтін,  қызық  қуатын  уақыт  емес,  қызмет  қылатын,  еңбек  сіңіретін  уақыт. Ойлаңыздар: халық  біз  үшін  емес,  біз  халық  үшін  туғанбыз,  олай  болса,  мойынымызда  халықтың  зор  борышы,  ауыр  жүгі  жатыр»  деп оқығандарға  үндеу тастайды. Жазушы  қазақ  оқығандарының  алдында  ауыр  да  зор  міндет  тұрғанын,  халық  алдындағы  борышын  абыроймен өтеу керектігін ескертіп,  өздеріне тиесілі  жауапкершілікті  сезінуге  шақырады.

Түйіп айтқанда, ұлттық баспасөзде басылған  өлеңдері мен саяси мақалаларындағы Жүсіпбек Аймауытовтың жоқтағаны бүкіл қазақ мұңы болды. Қазақ халқының басын қосуға күш салып, бірлікке шақырды.

Пікірлер