«Қар қызының» мөлдірлігі сақталды ма?

1323

Соңғы күндері Алматыға жаумай жатып еріп жатқан ғұмыры қысқа ақ қардан тұрғындардың шаршағаны рас. Адам баласы қашанда кіршіксіз мөлдір пәк дүниені аңсайды емес пе?! Соған дөп келген болу керек Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» көрермен қауымға ыстық ықыласпен жол тартты. Бұл спектаклдің премьерасына құштар боп жүрген халықтың қарасы расымен көп екен. Әсіресе әлемнің әйнегін қырау басқан тұтастай суық дүниеде нәркес қар қызын аңсаған ер-азаматтардың жандарына демеу болды ма деп те ойланып қаласың...

Үш бірдей атпалдай азаматтардың қалың қарды кешіп жүріп, Қоңқай зәлімге және Айыртауда отырған сиыршы шалға тап болғанын ұтымды бейнелеген қойылымды бірыңғай үрей сезімін кешіп отырып көрдік. Ал қойылымға зиялы қауым өкілдерінің пікірі қандай екен, бірге оқиық.

Зейнеп Ахметова, этнограф, жазушы:

Мен бүгін Мағжан Тұрыс ойнайды дегенді естіп қойылымға ынтызар боп келген едім. Жалпы спектакль ұнады. Біз қанша айтқанмен бұрынғы нағыз классик әртістерді көрген буынбыз ғой. Іштей салыстырып отырдым.  Сәл бір жадау көңілге жамау бола алмағаны айқай-шу көп екен. Айқайласақ жақсы естіледі деп ойлайтын болу керек... Үнсіздікпен де қойылым мәнді шығады емес пе?! Дегенменен бәрібір қойылым жақсы ойластырылған, жастарға өнерлерің өрге жүзсін деймін!

Сәбит Әбдіхалықов, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Қара сөздің патшасы ғой Оралхан Бөкей. Бұл жерде театрда тіл жоғалып кетті деген сындар болып жатады. Қазақтың тіліне, сөз мәйегіне мән берілген, нағыз актерлік спектакль болды.

Балтабек Нұрғалиев, ақын, режиссер:

Қойылым ұнады деп айта аламын. Дегенмен бұл сөзді адамдыққа салып қана айтып тұрмын. Бірақ адамгершілік-мамандық емес. Кәсіби тұрғыдан талдайтын болсам, одырайған олқылықтарды көріп тұрмын. Бұл метафоралық-поэтикалық спектакль болғандықтан қара сөзбен жазылғанменде, Оралхан Бөкейханның тіліндей мөлдір, иірімді, ағып жатқан бұлақтай болмады. Қар секілді аппақ әрі анық болуы керек еді. Сахна тілінен  мәтіннің мәнін ұғып, поэтикалық қуатты сезінбеді. Музыка, сценография, декорация жағынан әрине сөз жоқ!Әйткенмен тұнығымызды лайлады...

 

Иә, таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Сондықтан жоғарыда айтылған тырнақтай ғана сынды әкемтеатры көтере алатыны даусыз. Дегенмен көрермен пікірі қашанда маңызды емес пе?! Өнерсүйер қауымның тікесінен тік тұрып, жарты сағаттап қол соққанына қарап қойылымға "5" деген баға берсек артық емес-ау, сірә?!

(Суреттер kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Суреттерді түсірген Досжан Балабекұлы)

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер