Жүйенің құлдырау шегі

1017

Полиция әкім қаралар мен жоғарыда отырған тойымсыз шенеуніктерді қамау керек!

Жоғары жақтағы үлкен акулаларға тісі батпайтын полиция қызметкерлері енді мұғалімдермен айқасқа көшкені, өте ұятты жағдай. Әйтпесе Түркістан облысында қылмыс аз дейсің бе?
Мал ұрлығы былай қоя тұрайын, адам ұрлығы ашылмай тұр!
Бізде проблеманы үңіліп түбінен зерттемейді. Тек жоғары жаққа көрініп қалу, шешіп жатырмыз деп жағымпаздану міне біздегі жүйенің былығы. Жергілікті полиция басшысы Данияр Мейірхан мұғалімді емес, әжетхана соқпаған әкімдерді қамауға алу керек еді.
Ал бізде әкім,министірлердің қателіктеріне әлсіз мұғалімдерді жазалайды!
Күні кеше ғана Түркістанда үлкен форумға жемқорлықпен күресуге мұхит асып Димаш деген қазақ полициясын шақырды. Оған шапан жауып үлгі тұтты. Америкалық полицей Димаштан алған үлгілері мүмкін осы шығар. Әлде Мұхамеджан Тазабектің лекциясының пайдасы осы шығар! Қол қайырып, кісен салып оқушылардың көзінше отыз жыл еңбек өтілі бар ұстаздың абыройы ойрандалды!
Нағыз қылмыскерлер тайраңдап, ал әлсіз таныс тамыры жоқ байғұстар мына шіріген жүйенің құлына айналды.
Форум жасап біз бәрін керемет жасап жатырмыз деп, суретке түсіп өтірік есеп беруге ұста!
Ал шындығында дәл кешегі мұғалімнің басындағы жағдай, Түркістан Облысының Полиция Департаменті өте нашар жұмыс істейтінін көрсетті! Полиция қызметкерлері өздері заңды бұзып тұр! Кезекшілік уақытында қалайша өз жұмысын атқарып тұрған адамды сүйреп алып кетеді. Егер сол уақытта педофил келіп қыз зорлап кетсе ше?
Полиция қызметкерлері хаттама толтырып айып пұл төлейтінін ескертіп кету керек еді. Ең болмағанда директорға кіріп, қызметкеріне тәртіптік шара көруін сұрау керек еді. Жұмыстан соң полиция бөліміне келіп кету керек екенін айту керек еді. Жоқ бізде популизмдік көз қарас белең алып барады. Өзін өзі батыр қылып көрсету, атақ алу, интернетте жұлдыз болып көріну Данияр Мейірханға үйреншікті дүние болып қалған.
Кешегі “малай” мұғалім, бүгін әжетхана күзетшісі, ал ертең жүйенің жезөкшесіне айналуы әбден мүмкін! Әкімдерді қылмыстық жазаға тартпай,бұл жүйенің шірігені шіріген! Майда шүйде шабақтар емес, облыс әкімдерін айтып отырмын! Себебі полиция, прокуратура бүгіл құзырлы органдардың барлығы, облыс әкімдерге бағынышты!

 

Айгүл ОРЫНБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер