Жастар неге шетел асуда?

634

Жуырда жыл басынан бері 30 мыңнан аса қазақстандықтың шетел асқанын естідік. Статистика бойынша әр үшінші қазақ баласы шетелге кетуге мәжбүр. «Болашақ жастардың қолында» деп жүргенімізде, олардың өзі болашақты өзге мемлекеттен іздейтініне зер салмадық. Себеп неде?

     Шетте оқуды арман ету бір бөлек, тұрмыс тапшылығымен көшу бір бөлек. БАҚ беттерінде жарыса жарияланып жүрген бұл жайттың өрісі жылдан-жылға кеңейіп барады. Сандар сөйлесін.

    2015 жылы елден кеткен мигранттар саны 30 мыңнан асыпты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 2 мыңға аз болған. 2016 жылы 34 965 адам көшсе, биыл жарты жыл ішінде 35 мың отандасымыз шетке кетті. Зер салып оқыңыз: жарты жылда 35 мың! Басты себеп: білім алу, кірістің төмен деңгейі, ел ертеңіне деген сенімсіздік.

     Біз былай дейміз. Кеткен жұрт не дейді?

     Ілияс: «Мемлекеттік грантпен сүйікті мамандығыма оқуға түстім. ЖОО-дағы білім сапасы ойдағыдай болмады. Жартыжылдықтан соң мемлекетке ақша қайтарып, оқудан шығып кеттім. Түркияға тапсырып, оқуға қабылдандым. Осылай болса да, шетелге кетуімнің нақты себебін білмеймін. Қазір бәрі ойдағыдай, айтарлықтай қымбатшылық жоқ. Керісінше, ақшаның құны болған соң, елдегіден әлдеқайда арзан.  Сакария қаласындағы университетте 110 мың студент оқиды. Барлығы дерлік шетелдіктер. Қазақтар да көп. Мұнда туристерді алдап, баға қымбаттату атымен жоқ. Жергілікті жұрт сенің тілің мен ұлтыңа қызығушылықпен қарайды. Өздерімен салыстырады. Белгілі бір шектен асып кетпеу керек әрине. Келешекте елге оралсам деймін, ол жақта отбасым бар. Бірақ, мүмкіндік туса, неге шетелде жұмыс істемеске?».

     «Жастар жылы» деп жар салғанда негізгі мақсат орындалды ма? Кешегі мен ертеңгінің көпіріне айналған бұл қауымға қаншалықты жағдай жасалды? Атын айдай әлемге дүркіретіп бағдарлама жасағанда, нәтиже қайсы?

     «7-20-25». Баспана алу үшін жолға қойылған бағдарламаның негізгі талаптарымен таныстық. Ай сайынғы үй төлеміңіздің өзі жалақыдан артылмайын деп тұр. Осыдан кейін даму, бәсекелесу, қамтамасыз ету турасында қалай сөз қозғамақпыз?

     Білім саласында жыл сайын жаңа реформа қалыптасып жатыр. Ана тілімен анасы арқылы ғана танысқан балаға екі тілді артып қойдық. Осыдан кейін-ақ ұлттық сананың, тіл мен сауаттың кенжелейтіні анық. Жоғарыда айтқан ел болашағына деген сенімсіздік осы тұста қалыптасып келеді. Бабы келіскеннің емес, бағы жанғанның дәуірі озған уақытта әркім өз арманына шектеу қойып алғаны рас. Демек, прогресс- адам санасында-ақ тұншығып қалды.

     Құлқынның қамы дейміз, менмендік дейміз... Шүкір деп үстіңе шүберек іліп жүре беретін заман емес, ел жағдайы түзелмей, мемлекеттің ішкі проблемасы да реттелмейтіні енді айқын. Кінәлауға мін табылғанымен, өзімізді ақтар сөз бар ма? Даму жолына түсіп, жақсылық қуып кетсе бір сәрі, діни ағымға ілесіп, адасқандардың жайы не болмақ?

     «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов The Qazaq Times сайтына берген сұқбатында былай деген еді: «Айдың-күннің аманында, тәуелсіздік қолда бар кезде, әлеуметтік жағдай тым төмен емес кезде білімді, білікті жастардың кетіп жатқаны ауыр тиеді.  Менің ойымша, бұған бірінші себеп бұл глобалды себеп. Қазір бұрынғыдай емес шекаралар өшіп бара жатыр. Қазір кез келген әлемнің түкпіріне жету қол жетімді болып қалды. Қазіргі таңда жастардың елден кетіп жатқынының бірінші себебі жалпы әлемдік ғаламдану процестерімен байланысты. Екінші, бұл әрине елдің ішіндегі мәселе. Бұл өсу мүмкіндігінің шектеулілігі. Өсу мүмкіндігі шектеулі болған кезде альтернативті даму жолы болған кезде адам кетіп қалады. Ауылдан да қалаға кетті ғой кезінде. Үшінші, кетудегі үлкен мәселе – бұл адам санасының өзгеруі. Қазір индивидуализм басып бара жатыр. Адам ең бірінші кезекте өз алдына жақсы, мәнді, сәнді өмір сүруді мақсат етіп қояды. Бірінші кезекте оларға жағдай жасау керек. Екінші кезекте үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру үшін олармен жұмыс істейтін аға буын керек. Олармен жоспарлы түрде ұзақ мерзімде жұмыс істеу керек. Біз осы салаға қалай келдік? 2001 жылы біз КазГУ-де студентпіз. Сол кезде бізге  Дос Көшім ағамыз келді. Ана кісінің екі сағаттық сөзі біздегі көптеген балаларды қоғамдық салаға бұрып жіберді. Негізінен бұл салада аға буын жұмыс жасауы керек».

Қазақстанның «ақыл-ойы» шетке ағылып жатқанда билік неге қауқарсыз? Жыл сайын артып жатқан бұл көрсеткіш қашан оң нәтиже көрсетеді? Санада қалғаны сансыз сұрақ қана...

Мадина ОҚАС,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер