Ұлтымыздың музыкалық аспаптарында ойналған күй болсын, дәстүрлі әндеріміз болсын, дерттен айығуға септігін тигізеді. Дәстүрлі әндерді тыңдау делебесі қозып, дегбірі қашып отырған баланы тынышталдырып, ырғағын қалпына келтіреді. Таным белсенділігін арттырып, сөздік қорын байытады. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, салт-дәстүріне, ата мекеніне, ұлтына деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беруге қол жеткіземіз. Ұлттық құндылықтарымызбен сусындап өскен бала ешқашан өз ұлтына қырын қарамайтыны анық. Әрі жасы ұлғая келе кездесетін кез келген тығырықтан шығуға да пайдасы өте мол.
Қазіргі жас ұрпаққа ұсынылып жатқан материалдың барлығы бірдей баланың дұрыс қалыптасуына бағытталған дүниелер деп айту қиын. Бала өз тарапынан жақсыны да, жаманды да сүзгіден өткізбей қабылдай береді. 5 анализатордың (құлақ, көз, ауыз,мұрын, қол) көмегімен қабылдағанының барлығы күндердің күнінде жүзеге асырылатынын ескерсек, өскелең ұрпағымыздың қандай болып қалыптасатынын анықтау қиынға соқпайды. Оның айғағын интернет желілері арқылы беріліп жатқан келеңсіз көріністерден көріп те отырмыз. Нәтижесінде баланың тәрбиесіне ықпал жасай алмай, ұлттық болмысымызды жоғалту алдында тұрмыз. Бала бойында үлкенді сыйлау, ар-ұят, сүйіспеншілік, мейірімділік,ынсап, әділдік пен адал еңбек ету, илану деген қасиеттерді қалыптастыру қиынға соқты. Бұл - ақылы толық жандармен болып жатқан жағдай. Ал, ақыл-есі кем, мүмкіндігі шектеулі жандардың да өз қатарлары сияқты сол заңдылықтармен дамитынын (бірақ шамалы баяу дамитынын) ескерсек, осы дерттен мүмкіндігі шектеулі балаларды да құтқара алмайтынымыз анық. Ғалымдар бала тәрбиесі барысындағы кемшіліктерді дөп басып айта алғанымен, түзету жолдарын қандай көздерден алуға болатынын ізденетін - ұстаз. Қандай жолды таңдау, қандай әдісті пайдалану, қалай пайдалану ұстаздың шеберліне байланысты. Ал, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамаған ұлтымыздың көреген көнекөз даналары нұсқаған тәрбиенің негізгі көзі - ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызда екенін ескерген жөн. Ол-ұлтымыздың аңыз-әңгімелері, қисса–дастандары, өлең, жаңылтпаштары, мақал- мәтелдері, өнері және ұлттық ойындары. Ұстаздың міндеті осыларды кеңінен пайдаланып, тиімді насихаттай білу. Бағыт-бағдар беріп отыру.
Бойынан жақсы қасиеттердің табылуын өз бетінше іздеген кез-келген балалар заң бұзушылыққа, діни догмаға ұрынып жатқаны баршамызға аян. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында көмекші мектеп-интернатында жүргізіліп жатқан тәрбие үрдістеріне тоқталып, таныстыруды жөн көрдім.
Көмекші мектеп–интернаты зияты төмен, қабылдауы баяу балаларға арналған арнайы мекеме. Мүмкіндігі шектеулі балалардың басым бөлігін ми қабығының органикалық зақымдануынан пайда болған танымы мен эмоциялық ерік–жігері бұзылған, ақыл-есі кем балалар құрайды. Бұл балалардың жүйке жүйелерінің енжарлығы, қоршаған ортаға қызығушылығының болмауының салдарынан үлкендермен байланыс жасай алмай, қатарларынан қалып қоюына алып келіп соғады. Тіпті олармен араласуға деген қажеттілігінің болмауы да ықтимал. Ақыл – есі кем баланың ойы маталып және қарқыны төмен болғандықтан өз бетінше қоршаған ортасын қабылдап, талдап, топтай алмайды. Осы қабілеттерді меңгерту сау балаларға қарағанда әлде қайда қиын, арнайы түзету жұмыстарын талап етеді. Олармен жұмыс жасау барысында үнемі қайталау қағидасын ұстану қажет. Ақыл–есі кем балаларда саусақ қимылдары, қимыл-қозғалысы дұрыс дамымайды. Қолдары епсіз, ырқына көне бермейді. Көпшілігі екі қолымен бірдей әрекет жасай алмайды. Ал, қол қимылы дұрыс дамымаса, міндетті түрде баланың сөйлеуі де дамымайды. Танымдық әрекеттерінің ауытқуымен қоса жеке басының дамуында да ауытқулар кездеседі. Көбіне олар шарасыз, албырт келеді. Ешқашан құлшыныс танытып, өздігінен әрекет жасап, өзгенің ырқына қарсылық таныта алмайды. Кейде ғана өзінің діттегеніне жету мақсатында қулыққа барып, жалған сөйлейтіндері де бар...
Оларға эмоциялық шикілік, жеткілікті саралай алмау, сезім тұрақсыздығы, қапалану, қатты қайғырып, қуана алмау тән. Көрсетілген ым мен ишараны түсіне бермейді. Бұл санаттағы дамуында ауытқуы бар балалардың таным белсенділігінде, сөйлеу қабілетінде, кеңістікті бағдарлауында, қимыл-қозғалысында ауытқу бар. Өзін бағалауы, талаптану деңгейі көбіне ақылға қонымсыз. Балалар өз мүмкіндіктерін асыра бағалауға бейім. Ақыл–есі кем баланың ақыл–ой және сөйлеу әрекеті бұзылуы да алуан түрлі болып келеді. Ақыл–есі кем баланы коррекциялық дамыта-оқыту мен тәрбиелеу барысында қиын да сан түрлі міндеттер тұрғанын аңғару қиын емес. Осы міндеттерді шешуге баға жетпес ұлттық өнеріміз-дәстүрлі әндерді пайдалану арқылы қол жеткізуге болады. Бұл ойды қайдан алып отыр демеңіз. Сәл ғана кідіріп әлем тарихына шолу жасай кетсек мынадай қызық деректерге тап боламыз;
Музыкалық аспаптармен ойналған әуеннің, әннің емдік әсерінің бар екенін Демокрит (б.э.д V ғ.) атап өтіп, жұқпалы ауыруларды емдеуге сырнайдың үнін тыңдауға кеңес берген екен. Ал, Платонның пайымы бойынша бас ауруынан айығу емдік шөптермен қоса ерекше музыка мен ән қосылғанда әсері еселене түседі екен. Ортағасырдағы итальяндық музыка теоретигі Дж. Царлино (1517 - 1590) Сенократтың ақылынан адасқандарды кернейдің әуенімен емдеп қайта қалпына келтіргенін, Талеттің көне аспап кифараның әуенімен обаны қалай емдегенін жазады. Дәуіт пайғамбардың кифарада ойнап, ән салып библия патшасы Саулуды күйзелістен (депрессия) құтылуға көмектескенін айтады. Осындай музыкалық аспаптармен емдеу жайында айтылғанның бәрін тізбектесең шыға береді...
Күнделікті жұмыс барысында барлық оқу-тәрбие ісі оқушының бойындағы психосоматикалық кемшіліктерімен қоса, тәрбиесіндегі кемшіліктерін де түзетуге бағытталады. Мектепке жолдама алған контингенттердің диагнозы аталған мектепке сай болғанымен даму деңгейі, танымы, тәрбиесі, ұлты, әлеуметтік деңгейі әртүрлі болып келеді. Сондықтан оқушылар арасында бірін–бірі түсінбеуі, өзара араздық, қақтығыстар туындауы ықтимал. Ересектерге болмашы болып көрінетін нәрсе, бала үшін үлкен проблема және оған бейжай қарауға болмайды. Сондай даулы мәселелерді жойып, дұрыс шешім табуға, оқушылардың іс-әрекеттеріне талдау жасап, оң нәтиже жасауына педагог бала тәрбиесіне қатысты тәлімдік ойлар жинақтауы тиіс. Бала тәрбиесіне қатысты әдеби, психологиялық, логикалық, тәлім-тәрбиелік аңыз-әңгімелер мен қиссалар, дәстүрлі әндер айтып берудің ықпалы зор. Алғашқысы ізденген ұстаздың қолынан келгенімен, дәстүрлі ән айту кез–келгенге бұйыра бермейді. Сондықтан, «Халық даналығының базары» атты кешімізге арнайы Алматыдан маман шақыруды жөн көрдік. Бұл айдармен жүргізілетін іс–шараларымыздың негізгі мақсаты - ұлттық құндылықтарымызды насихаттау.
Аңыз айтсаң ауызы ашылып тыңдап үйренген балаларымыз концерт басталғаннан тына қалды. Бірақ әңгіменің әуенін әлі де түсінген жоқ. Тек ортаға Бахтияр Ақымжанов ағалары домбырасымен шыққанда таң қалыстарын жасыра алмады. Қуаныштарында шек жоқ. Бар ықыласын салып ән тыңдап отыр. Мен залда отырған балалардың барлығына көз жүгіртіп, қалай отырғанын бақылаумен болдым. Дәстүрлі әнді жанды дауыста алғашқы рет естіп отырса да еш жатсынбай, біреу үйретіп қойғандай-ақ ән ырғағымен қосылып, барлығы бірдей үздіксіз қол соғып отырды. Шашау шығып, ритмнен қалып кеткен біреуі болсайшы... Тіпті, бала жастағы аутизмі, эмоциясы тұрақсыз, мінез-құлқында ауытқуы бар кейде сабақ өтуіңе кедергі жасайтын тынымсыз балаларға дейін бар ынтасын салып, орнынан қозғалмастан тыңдап отырып қалды. Хромосомдық ауытқулары (Даун синдромы, т.б.) бар қозғалысы баяу балалардың жанарында жалын пайда болып, жаны рахатқа бөленгені байқалды. Мектеп-интернат контингенттерінің басым бөлігін құрайтын зияткерлік-мнестикалық қызметінің жетіспеушілігі салдарынан жеке басының мінез-құлқы бұзылған балалардан кейін, саны жағынан көп осы Даун синдромы бар балалар.
Кештің екінші бөлімін, балалардың сұрақ қоюына, домбыраны жақыннан көріп, қолымен ұстауына мүмкіндік бердік. Егер, тәрбиеленушілердің психосоматикалық ерекшеліктерін ескерсек, өз деңгейлеріне ылайық, өздерін қызықтыратын сұрақтар берумен болды.
Балалар үшін ең әсерлісі - домбыраны ұстап, саусақтарымен шертіп көргенде, өздерін де керемет ән айтып тұрғандай сезінгенін жанарлары жасыра алмады. Домбыраға қосылып ән айтам деушілер де табылды арасынан.
Әнші ағаларының соңына еріп, қимастық сезіммен: - «Тағы да келіңіз, тағы да келіңіз!» деп қол бұлғап қоштасты. Бәрі шынайы. Ал, шынайылық болған жерде, жүрек елжіремей тұрмайды. Бақтияр да бұрын-соңды балалар арасында ән айтып осындай құрметке бөленбеген шығар, сірә?!
Кеш өткелі бері тәрбиеленушілердің бойынан өмірге деген құлшыныс барын байқадым. Балалар "Алматы", "Семей" туралы сөз қозғалса Бахтияр ағалары жадында тұратын болды. Қазақ әніне балаларымыздың жүректерінің қылы тербелді. «Халық даналығының базары» балаларға халқымыздың баға жетпес мұрасын ұсынды. Барлығының қызығушылығы оянып, қазынаға жолыққаны анық. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деген дана халқымыз. «Халық даналығының базары» тарқамасын! Дәстүрлі әндеріміздің тыңдаушысы көп болсын!
Ертеңіне:
- Апай, кеше қызық болды, иә? - деп келген балаларға сұрақ қойдым.
- Ағаларыңның аты кім?
- Бақтияр.
- Туған жері қай жер екен?
- Семейден екен.
- Қазір қайда тұрады екен?
- Алматыда, Алматыда – деп шулады.
- Қандай әндері ұнады? – деген сұрағыма әр қайсысы өздеріне ұнаған, естерінде қалған әннің аттарын айтып жатса, томпайып шетте тұрған оқушым:
- Апай, сіз айтып бере салыңызшы, сол өлеңді – деп, қиылып тұр. Мені қолынан бәрі келеді деген сеніммен тұр-ау шамасы...
"Семей", "Алматы" деген сөздерді естісе ассоциация - Бақтияр ағалары.
Осылай балаларға барынша жақсы дүниелер ұсынып, жақсы пікір қалыптастыру - үлкендердің міндеті. Баланың жанын жаңғыртып, бойын сілкіндіріп, ұйықтап жатқан клеткаларын оятатын дәстүрлі әндерді тыңдауды дәстүрге айналдырсақ, ұтпасақ ұтылмаймыз.
Гүлнәр СЕЙІТҚЫЗЫ,
"Шымкент қосалқы мектеп-интернаты"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
директорының тәрбие жұмысы жөніндегі
орынбасары, дефектолог,
олигофренопедагог