Абай Құнанбайұлына 175 жыл!

936

Қазақтың ұлы ойшыл ақыны – Абай Құнанбайұлының туғанына келесі жылы 175 жыл болмақ. Мінекей, осы айтулы датаға орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өкіметке мерейтойды жыл бойына өз деңгейінде өткізуге тапсырма берген-ді. Мерейтойды атап өту,өткізу атқамінерлерге қиын емес шығар, алайда, біз, жастар, Абай ілімін кеңінен насихаттай отырып, ой-сана мен рухтың жаңғыруына қол жеткізе алуымыз тиіс.

Абайдың армандаған қазағы қандай болуы тиіс еді?  ХХІ ғасыр қазағы қандай?- деген екі сұраққа жауап іздейік.

Абай өз заманында қазақтың тек мал бағып, бай үйіне бүкіл отбасымен жалданып, малай-атқосшысы боп күніндегі нанын айырып тауып, соған мәз болып жүргеніне қарап таң қалатын. Орысша білім алып, орыстың атақты ақын-жазушыларын жата-жастана оқып жүріп, өмірге деген пікірі тереңдей түскен Абай қазақ қоғамын шығыстық хат танумен шектеліп қалмай, орысша білім алса көп есіктің ашылатынын, өнер үйреніп кәсіп қылса, пұл табудың қиын емес екенін түсіндіргісі келді.

Жалпы, қазіргі қазақта тіл, өнер, білім бәрі-бәрі бар. Бірақ, ұлттық рухтың оты сөніп барады. Абай арманындағы тәуелсіз қазаққа айнала алмай келеміз. Тәуелсіз қазақ кім? Ол өз тамағы мен киімін шеттен сатып алмай өзі тоқып өндіретін, кәсіп үйреген қазақ болмақ. Абай мен жаңа заман қазағының экономикалық жағдайы ұқсас. Кедейі жылап нан сұрағыш, қазіргісі көшеге шығып ақша сұрағыш. Ұлттық сана мен рухтың төмендеуінен отбасылық қатынастың әлсіреуінен, арсыздыққа етіміз үйреніп бара жатқандай.

“Абайдың 175 жылдығы” қалай өткізілуі тиіс? Меніңше, сөз басында айтқанымдай жаңғырудың бөлшегін қоғамға беруге тырысуымыз керек. “Қазақ хандығына 550 жыл “ өткен тарихымызға серпіліс беріп, батыр бабаларымыз бен жақын танысуға мүмкіндік берсе, Абай жылы қазаққа өзінің әрбір қара сөзіндегі мәтінен жаңғыруға жол сілтемек. Сондықтан, өкімет пен әкімдікке сілтеп қоймай, шаруаны бірге қолға алып атсалысуымыз ләзім болмақ.

Әл-Фараби атындығы ҚазҰУ биылдан бастап университет деңгейінде іс-шаралар ұйымдастырып, факультет аралық Абай өлеңдерін оқудан жарыстар өткізілуде. Ал, Әл-Фараби кітапханасында дана ақынның кітаптар жәрмеңкесі аптаның әрбір үшінші күні ұйымдастырылуда.

Қорытындылай келе, Абай өлеңдерін оқу эстафетасы мемлекет басшылары мен танымал адамдар арасында өтіп, жастар қалыс қалып қойдық. Осы бір эстафетаның өзінде қаншама мән жатыр. Мұғалімдер өзара немесе мұғалімдер мен студенттер бір-біріне Абай өлеңін жатқа оқып жолдап жатса, университет қабырғасындағы кішкене жаңғырудың үлесі осы болады емес пе?

 

                                                                                         ҚазҰУ аға оқытушысы

Есекеева А.А

Пікірлер