Шарын шатқалында Қытайлар зауыт салады: Вольфрам өндірісіне тағы кімдердің қатысы бар?

3974

Қарағанды облысындағы кен орындарынан кейінгі ең ірі вольфрам өңдеу зауыты Алматы облысында салынбақшы

«Жетісу Вольфрамы» ЖШС  Қытай компанияларының бірімен серіктестік орнатқан. Аймақтағы «Шарын» шатқалының аумағында 2020 жылы ірі зауыттық іргетесы қаланады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарат агентігі тілшісіне «Kazakh Invest» компаниясының өкілі айтып берді.

Елге инвестиция тарту жөніндегі ұлттық компанияның Алматы облысы бойынша өкілі Дарья Овсянникованың айтуынша, жақында жобалау жұмыстары аяқталады. Екі жылға жуық жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қытайдың Jiaxin International Resources Investment Ltd компаниясы өндіріске серіктес ретінде қатысады.

«Жетісу Вольфрам» ЖШС зауыттың жобалау жұмыстарын жыл соңына дейін толықтай аяқтауы тиіс.  Жобаға «Самұрық Қазына» қоры да қатысады.  Келесі жылы іргетасы қаланады деп жоспарланған. Ол толықтай  2025 жылы жұмыс істей бастайды деген болжам бар.  Әрине ол жердегі экологиялық аспектілер есепке алынады. Себебі қандайда бір суға, топыраққа немесе жергілікті халыққа кері әсер ететін жағдайлар болса, сараптамадан өтпейді. Сондықтан қоршаған ортаға қатысты сұрақтар басты назарда»,- дейді  «Kazakh Invest» өкілі.

Бұғыты кен орыны Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 205 шақырым жерде орналасқан. Еңбекшіқазақ ауданы мен Кеген ауданының ортасындағы аймақтан табылған вольфрам рудасын зерттеп, оны өңдейтін зауыт құрылысына  94,5 млрд ($246 млн) теңге жұмсалады. «Жетісу» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясының сайтында көрсетілген ақпаратқа қарағанда жобаға «Арал-Кеген» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік те қатысады. Ал  «Жетісу» ӘКК жобаның 3%-на иелік етеді.

Алматы облысындағы кен орнынан жылына 3,3 мың тонна руда алынып, вольфрам триоксиді өндірілмек. Бағалы минерал Еуропа, Қытай және ТМД елдеріне экспортталады.  Бұл аймақта басты өндірістік минерал шеелиттен (вольфрам рудасы) тыс молибден, висмут, бериллий қоры сақтаулы.

Вольфрам, W – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент. Вольфрам (латынша Wolframіum) табиғатта аз тараған, жер қыртысының 1Ч10-4 %-ын құрайды. Бос күйінде кездеспейді, оның минералдары – вольфраматтар, аздап оксидтер және сульфидтер күйінде кездеседі. Вольфрамды 1781 жылы швед химигі Карл Шееле тапқан, 1783 жылы ағайынды д’Элуяр вольфрам ангидридін көміртекпен тотықсыздандыру арқылы алғаш рет металл вольфрам алған. Вольфрам ашық сұр түсті, баяу балқитын металл. Вольфрам электр шамының қылы, электр пештерінде қыздырғыштар, рентген түтіктерде, катодтар, тағыда басқа электрлік құралдарда электродтар ретінде қолданылады.(wikipedia.org)

Вольфрамды өңдеу кезінде бөлінетін шаң адам өмірі үшін қауіпті. Ол қоршаған ортаға да кері әсерін тигізеді. Өзге де металлдардың химиялық қаупі сияқты вольфрамнан шығатын шаң да өкпе-тыныс жолдарын бітеп, адам ағзасына зиянын келтіруі мүмкін.

Қазір Қазақстанда «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ иелік ететін негізгі екі ірі кен орны бар. Олар Қарағанды облысының аумағындағы  Жоғарғы Қайрақты және  Солтүстік  Қатпар кен орындары. Қазір бұл екі жоба бойынша геологиялық-экологиялық зерттеулер жүргізіліп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. «Самұрық Қазына» қорына қарайтын еншілес кәсіпорынның сайтында көрсетілген ақпаратқа қарағанда, Орталық Қазақстандағы вольфрам кенін игеруге Қытай кәсіпорындары қатысып жатыр. Xiamen Tungsten Co., Ltd. компаниясы жобалардың біріне инвестор ретінде тартылыпты.

Қазақстан сирек және өте қажетті металл вольфрамның мол қорына ие. Кеңес одағы кезінде республика аумағында 12 кен орны зерттелген. Еліміздегі оның жалпы қоры 2 млн тоннадан асады. Егер жоғарыдағы үш жоба жүзеге асса, Қазақстан сирек кездесетін бұл металды өндіру бойынша әлемдегі екінші мемлекетке айналмақ.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы

Azattyq Rýhy 

Пікірлер