Бауыржан Игілік. «Суицид»

455

Кірпігіме тұндырып көгілдір шық
Қайда мені салмадың өмір қырсық?
Ес білгелі мазасыз үміт, күдік
Шортан құсап жатады көңілде ыршып...

Еш ортаға сыймаса қошқар басым
Ешкімнің де алмадым көшке арбасын...
Бетке тіліп айтатын дұшпанымнан
Көп көпіріп сөйлейтін достар басым...

Мезгілсіз келіп қалып жерде жүрген
Түсінбеймін не қылған пендемін мен?!
Жаутаң қағып өмірді келем сүріп
Жүрегімді құшақтап шер кемірген...

Бір басымды жұлмалап мың ойларым
Өтіп жатыр қу тірлік - шыр айналым
Көздеріммен алданып дүниеге
Жон арқаммен сеземін Құдай барын.

Мен де жеріп ақылдан, ел де жеріп
Күнде жүрміз жүректі жерге көміп...
Менен өзге ермегі жоқ тағдыр-ау
Тағы қандай сыйың бар?
Бер, көрелік…

***
«Суицид»

- Қош бол өмір...
Үрей...діріл...күрсініс...
Қып-қызыл қып көзін ашты күншығыс.
Зау биікке қоңыраудай ілініп,
Тәтті өмірді әнге қосты жыршы құс.

Саусақ басы бір суынып, бір ысып,
Ауыр-ауыр тыныстайды құнысып.
Жүрек лоблып, сандырақтау басталды
Жұлынының өлім сорып бір ұшын...

Бір құтыру билеп болды еңсені...
«Алдамшы өмір жек көремін мен сені!
Барлығыңа өкпелімін!» - сол өкпе
Өрби-өрби өлім болды ең соңы...

Таңғы салқын.
Жан кемірген тыныштық.
Арқасында аунайды аяз күміс түк...
Жұдырығын тарс жұмған...соңғы сәт
сусып кетпек аша салса уысты.

Өмір-өлім түйсігінде тербеліп...
Қиялында неше мәрте көрді өліп.
Әлдеқайда көзін қадап тұрды да,
Жан қышқырып жылай салды шерленіп.

...Қос жағамен қол ұстасқан зіл-көпір
Ортасында бес секундсыз мүрде тұр.
Тамырдағы қанын үрлеп суытып,
Ажал қолы аймалайды сұр бетін...

Еппен жұмып нұры сөнген жанарын
Бір қадамға бағыттады бар әлін.
Ең бір ұлы шекарада жасамақ
Ең алғашқы һәм ең соңғы қадамын...

- қош бол өмір!
Басты қадам...
Ешқайда...
Сезім қайда?! Ақыл қайда?! Ес қайда?!
Тарқамайтын өміріне өкпесі
Соңғы қадам жасалғанда өшті ойда...

- құтқарыңда-а-р!!!
Амалсыздық...сорлы үміт
Құлағында ысқырады жел күліп.
Түпсіз аспан - дүниенің көзіне
Қимай-тоймай бір қарады телміріп...

Қазір оған жетеді ажал қағілез
Жарым секунд...
Жарты тыныс...
Жарым ес...
Бәрін-бәрін болар еді түзеуге
Бәрі де енді...
Бәрі де енді...
Бәрі кеш...

****
Көктем келді, жаз - таяу...Шыда жүрек!
Көптен бері екеуіміз құлазып ек.
Біз алданар бақыттың біразы алда,
Бізге жақын адамның біразы жоқ...

Жоқ біразы...
Қайда еді?!
Жалмады күз!
Қыдырсақ қабір болды-ау барғанымыз?!
Жалған өшті олардың жанарында,
Таңдайда қап тамсаған арман - уыз.

Бәрі алдамшы дегенді жүрсем де естіп,
Марқайтатын үмітті бір сенбестік.
Өмір деген білгенге - қиын өткел
Тайып, құлап, тасырқап, құм, сор кештік.

Тағы көктем...
Тағы да құзғынсәрі...
Енді тоят тілеме түз құрсағы!!!
Қыстай сұлқ жүргенде есеңгіреп
Әзірейілде болыпты-ау біздің шабыт?!

Кел, жүрегім қарсы алып бұл көктемді,
Алданайық уақытша дүрмекке енді.
Өлілерді білеміз сағынуды,
Үйренейік тіріні құрметтеуді...

***
Бағында кездеспедің қыршын күннің...
Сонда да «сүйемін» деп тіл сындырдым
Әлемімді ғарыш қып сапырдың да,
Уақыттың өзі сынды күрсіндірдің.

Шыр айналды басым да жұмыр жердей
«Сүйем»-нен басқа сөзге тілім келмей.
Құдай-ау, бермеймісің маған ақыл
Өртенумен өтетін ғұмыр бермей?!

Желдей қаңғып өтем бе осы мәңгі?!
Жырлай-жырлай жүректің несі қалды...
Сенің анау бейкүнә көздеріңе
Менің ессіз ғұмырым көшіп алды.

Менің ессіз ғұмырым көшіп алды
Амал қанша? Сәт өтті бесін ауды...
Тағдыр маған жазыпты кеш сүюді,
Тағдыр саған жазыпты кеш ұнауды.

Тағдыр...
Тағдыр... қосылмас тағдыр едің.
Себебін сен білесің, мен білемін...
Жылынатын Күн таппай шарқ ұрады
Менің ғарыш кеудемде жер жүрегім.

******
Жанайқай

Кешірші мені батыр бабалар,
Өксіген таулар, тақыр далалар.
Халқым тоналды, салтым жоғалды
Су тегін жатқан ақыл ғана бар...

Қағынан жеріп, сорлаған елдің –
Кеміріп мұңы, зарлана бердім...
Кешіңдер сендер қорыған жерді
Сақалым сипап, саудаға бердім.

Қолымды байлап пенде ғұмырым,
Қоғам құлының мен де – бірімін...
Шерім шығарып, шыңғыра алмаймын
Мәнісі бар ма енді егілудің?!

Кешіңдер мені алып бабалар
Бетім жоқ қазір халыққа қарар.
Ұлтарақ құрлы жерім қалмаса,
Тәнімді қайтем табытта қалар?!

Дүрегей – дінім, дүрегей – ділім
Кіммін мен баба құл емей бүгін?
Ақиқат жылап, шындығым өлді
Құны үшін бізді дүрелейді кім?!

Кешірші мені далалық бабам
Омалып барам, жоғалып барам...
Балаңмын десем сенер ме екенсің
Қарным – қабарып, жан – арықтаған?!

Кешірші мені батыр бабалар,
Ескермей жатса әкім-қаралар...
Кісінеп бір күн мен де кетермін,
Тірліктен әзір ақым бар алар!
Ақым бар алар!

******
Қарындастан шылым сұрап шектім де,
Бауырласпен көп сырластым жоқ тілде.
Машырыққа қарап оқып намазды,
Жайнамаздай қастерледім «қағазды».
Тегі – жұмбақ тастандыны жетектеп,
Махаббаты шамаладым етек деп...
Сақалына сарып едім атамның,
Мәскеу жақтан мадақтама хат алдым...
Өңменімнен тұздай көзі өткесін,
«Тұқымымды тұздай құрттың»- деп несін
Сақинаны тіленемін сау басқа?!
Ақинағым, арғымағым, марқасқам –
Бәрі, бәрі, бәрі кетті, бәрі өлді...
Түркі аңқыған түрім ғана бар енді.
Түр деген не?!
Қиын боп па тәйірі?
Тарпаңды да жабы қылған – айылы.
Құдай емес!
Адам, қоғам – қалғаны
Ләңгі қылып ойнайды екен кәлләні.
Ар-ұятты қалтамызды жұтатқан –
Оқып алып, сайрап жүрміз кітаптан.
Осы өзімнің қылығыма бар таңым,
Қыздырмалап бас ауырту науқанын –
Қарындастан шылым сұрап шегем де,
Қайта келіп үңілемін өлеңге...

***

Ескі Париж... Тас көше... Нөпір халық...
Қоңырауын шіркеулер жатыр қағып.
Суреттерін жол бойы жайып тастап,
Шылым шегіп шетінде отыр ғаріп...
Отыр ғаріп... Неге отыр,ол кім деші?
Бір аз ғана бағының шер күндесі
- Суретші еді, қаңғыған, қиял ұрып.
О, қашаннан мықтылар сордың досы?!
Жағаласып жылдармен жасанысқан
- Қиқар еді, болғанмен жасамыс - паң.
Себеп болса баладай қалбалақтап,
Керек болса Құдайға қасарысқан.
Асау еді, жас еді бас бермеді,
Енді мынау жер орта жас келгені.
Сата алмаса жұмысын қайтер екен,
Нешеме күн өзегі ас көрмеді?!
Жасып тұрған аштыққа жоқ бұл бірақ,
Көп қалықтап үйренген, көп құлдырап.
Еске салып сумақай өлім барын
Қоңырауын шіркеулер жатты ұрғылап.
- Қу дүние-ай, пиғылың мұнша тар ма?
Шырт түкіріп, қараса бір сәт алға,
Доғал мойын, доңыз бет бет біреу кеп тұр,
Аты шыққан бай еді бұл шаһарға.
Эпостарда айтатын: «сөзі - кермек,
Құлқыны - сор, ойы - арам, көзі - көр» -деп.
Дәл өзі еді. Ырсылдап тыныстайды,
Анау тәнмен жүрудің өзі де - еңбек...
Мұрыны тершіп, еріні күлгінденіп,
Сөзі де бір созылып, бір күрмеліп:
- Естіп едім атыңды алып, қолыңды алып,
Суретіңді сұрауға тұрмын келіп.
Бір мысқылды миыққа іркіп тұрып,
Ойлы көзбен қарады тым тұп-тұнық.
«Өнер жоқта - өмір жоқ, нағыз өнер
- Жүрек ісі» -деп қалды, ырқ-ырқ күліп.
Суретші айтты: «жүрегің ол - сәбиің,
Тұрмысты да елетпес қанша қиын.
Мынау соқыр ғаламда сурет сатып
Отырам ба басымда болса миым?!»
Мәз болды бай «дарындар - кіл машайық!»
- Бір өтініш айтайын қылмашы айып,
Ең қымбат суретіңді қыс қолтыққа
Саяжайда серуендеп, сырласайық?!
Неше күнгі «ораза» өртеп ішті,
Ілесе кетті, іліп ап көн кебісті.
Мың жерден менмен пәле болғанымен,
Асқазан ойлата ма оң терісті?!
...Саяжай... Салқын самал... Тау етегі...
Жұпар толы саябақ, мәуе толы.
Қысқа ғана өмірдің дәмін алып,
Әрбір гүлге көбелек тәу етеді.

 

Әр бұтақтан топ торғай пыр-пыр ұшқан,
Дүние жаңа туғандай бір тыныш таң...
Бұлықсығын, толқыған, толықсыған
Бар табиғат бір тамыр, бір туысқан.
Наразы әрі разы бір құдайға,
Шым-шымдап батып тұрып мың бір ойға,
Суретші тауға қарап, ішкен асын
Шараппенен сіңіріп тұрды бойға.
Құдай берсе шырайың демде кірмек
Мүмкін бе екен ертеңін пенде білмек?!
Бағанағы жарлының жарты қаптай
Ақшасы бар бай берген еңбегің деп!
Бір жағынан әлі де күйікті іші,
Суретінің еді ғой сүйіктісі...
Анда-санда ауырлау күрсінеді,
Күйреуіктеу келмей ме тұйық кісі?!
Не болса да кеудесі күйді бүгін,
Не болса да жартасқа тиді мұрын.
Тыңдап болсақ өнердің игілігін,
Енді айтайын сол байдың қиғылығын...
Бас бармақтай сигарын ауызға алып,
Бір кекіріп, әлгі бай, маңызданып:
- Қысқа ғана ғұмырда ақыл кірмей,
Өнер қуып кеткендер - нағыз ғаріп.
- Ей, суретші, сен мені жынды деп пе ең,
Қиялға еріп, тұрлаусыз, тірлік еткен?
деді дағы, суретке от тамызды
Суретшіге бір қарап дір-дір ектен.
Майлы сурет өртенді, будақтады,
Секілді Бодлердің шумақтары.
Жанған сайын құтырды манағы бай,
Геростраттың тамырда тулап қаны.
Суретшіде өмірдің нышаны жоқ
Айта алмайсың сорлы деп, құсалы деп
Сурет емес кеткендей өзі өртеніп
Бұл бір тілсіз жан болды - мысалы жоқ.
Кенет күлді айғай сап: Әй, қарақшы, ә!
Менде қауқар жоқ деп пе ең бай манапша?
Жаһаннәмға аттансын жедел онда,
Суретімді өртеткен қайран ақша.
Жанған отқа уыстап салды ақшаны,
Жалын жатыр жемтігін жалмап сары.
Дәл мұндайды күтпеген бай ішінен
Салған сайын ақшаны зар қақсады...
Ескі Париж... Тас көше... Нөпір халық...
Сол баяғы сор халық, соқыр халық...
Суретші жоқ. Дүние - орынында.
Қоңырауын шіркеулер жатыр қағып.
Пікірлер