Кино әлеміндегі Нұртас Адамбайдың нұрлы жолы

276

Заманауи кино өндірісін дамытып, сапалы туындылардың экранға жол тартуына жекеменшік студиялардың қосатын үлесін тілге тиек етуді ұйғардым. «Сәбина келін 1», «Сәбина келін 2», «Ауылдан қашу», «Әкім» сынды фильмдерден соң дүниеге келген «Құдалар» фильмі жайлы  түйген ойымды ортаға салғым келіп еді. Себебі, Нұртас Адамбайдың бұл фильмі көрермендердің көңілінен шықты. Бір байқағаным, Нұртас Адамбайдың комедия жанрында түсірген фильмдерінің барлығы дерлік ауыл мен қала өмірін салыстыра сипаттаған. «Құдалар» фильмінде үйленбекші болған  қыз бен жігіттің қала мен ауылда тұратын ата-аналарының екі түрлі мінез-құлқы, ұстанымдары мен көзқарастары, салт-дәстүрі көрініс табады. Қалалық отбасы бір ауыз қазақша сөйлей алмаса, ауылдық отбасы ана тілін қастерлеп, салт-дәстүрді аяқ асты еткісі келмейді. Дегенмен, қыздың да, жігіттің де ата-аналары балаларының бақытты болғанын қалайды. Алғашында олардың отбасы құруларына қарсы болғанмен, ақыр соңында балалардың бақыты үшін келісімдерін береді. Нұртас Адамбайдың көпшілікті баурап алатын тәсілі – комедия жанрын пайдалануы. Автордың мақсаты көрермендерді қазақилыққа тәрбиелеу, салт-дәстүрді дәріптеу,  ана тілді құрметтеу мәселелері бола тұра, осыншалық салмақты да салиқалы ұғымдарды ұлағаттау арқылы әрдайым ерекше күлкі сыйлай алады. Бірақ, ауыл мен қаланың айырмашылығы қандай екенін, ауыл тұрмысы мен қала өмірінің арақатынасы белгілі бір тұста жер мент көктей екенін жеткізе білді. 

Фильмде Данияр есімді жігітті Олжас Рымбаев сомдаса, жігіттің әкесі Серіктің рөлін Дархан Дайырбек, анасын  Райхан Халиолдина, Диана есімді қызды Динара Бақтыбаева, қыздың әкесін Жан Ізбасар, ал анасы «Жаннетті» Нұртас Адамбай сомдады. Нұртас көпшілікті қызықтырып, рейтингті көтеру үшін фильмдерінде әйелдің рөлін ер адамға беруді әдетке айналдырғанын бұл жолы тағы да көрдік. Нұртас Адамбайдың комедия жанрында түсірген фильмдерін кейбіреулер сынға алып, біраз дау тудырғанына қарамастан, «Сәбина келін» фильмі қазақстандық үздік 5 фильмнің қатарына кірді. Соңғы кездері Нұртас комедия жанрынан өзге драмалық туындыларды түсіруде, «Лифт» фильмі Лос-Анджелестегі халықаралық «Genrecelebration-2018» фестивалінде бір емес үш бірдей «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссура» және «Үздік операторлық жұмыс»  жүлделеріне ие болды. 2019 жылдың қаңтар айының 30-ыншы жұлдызында «Сәбина келін 3» фильмінің тұсаукесері өтеді деп жоспарлануда. Нұртас Адамбай өзге салада білім алып, қызмет еткенмен, өнерге деген құштарлығы оны кино әлеміне жетеледі. Нұртас әрі сценарист, әрі продюсер, әрі режиссер, әрі актер. Бірақ, фильмдердегі басты рөлдерде өзінің ойнайтынын көкейге қондыру қиынырақ. Әр фильмде де барлық істі өз мойнына ала бергені көпшіліктің титығына тимей ме екен? Әлде басты рольді өз деңгейінде орындайтын актер табу ол үшін проблема тудыратын мәселе ме? Келешекте «Nurtas production» фильмдерінен өзгеше, жаңа серпін күтеміз деген үміттемін. 

Ал «Құдалар» фильміндегі әзіл мен күлкіге толы екі түрлі отбасының бір-біріне деген қарым-қатынасы, арада туған кикілжіңдер мен қызықты сәттер көпшіліктің есінде біраз уақытқа дейін сақталып қалады деп есептеймін. Фильмнен түйген  ойым – «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген мақалды жоққа шығарып, жаңа заманда өмір сүрген жастардың бақыты үшін қандай жағдай болмасын ата-ананың қолдау білдіріп, ақ батасын беруі. Әзіл-қалжыңмен жеткізілсе де, Нұртас Адамбайдың фильмдерінде бойға сіңіретін ізгі дүниелердің бар екенін түсіндім. Келешекте дәл осылай алған беттерінен қайтпай талпына берсе, «Nurtas production» студиясынан әлі талай сапалы кинотуындылар шығатынына сенімім зор.

Айсұлу Съезхан,

Абай атындағы орта

мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы.

Ғылыми-жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы

 

Пікірлер