Заида ЕЛҒОНДИНОВА: Мен махаббат туралы өлеңдерді күнде жазамын

339

Қараша айының жиырма үшінші жұлдызында ақын Айгерім Тұрлықожаның шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында кітаптың тұсаукесер рәсіміне атсалысқан әйгілі ақын, Жұматайды Ләйләсімен бірге жақсы көрген Заида Елғондинова "Адырна" ұлттық порталына аз-кем сұхбат берген еді... Әдебиетсүйер қауымға азық болар деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз...

 

- Шекспирге "поэзия деген не деп ойлайсыз?" деп сауал тастағанда , "Мен поэзияның не екенін іштей білемін. Бірақ өзгелер сұрағанда, білмей қаламын" деген екен. Жұматайдың жары, ақын Заида Елғондинованың түсінігіндегі поэзия деген не?

- Өткен ғасырдың Гарсия Лорка деген ақыны: "Дүниеде мен ешнәрседен қорықпаймын, тек поэзиядан қорқамын" деген екен. Сол секілді поэзия мен үшін ақынның тұтас тағдыры. Поэзия деген-өзіңді және бүкіл ғұмырыңды құрбандыққа шалу. Поэзия деген-жоғарыдан келген энергия, күш-қуат. Оны көтере алатын да, көтере алмайтын да ақын бар. Сондықтан қолыңнан келмесе қол созбаған жөн. Негізінде ақынның басы галактика секілді болады. Ал ақынның галактикалы басында ең сұмдық ойлар жатады.

- Жаныңыз жиі ауыра ма?

- Менің жаным күнде ауырады. Лирикам тым нәзік, ән саламын, өлеңге әуен жазамын. Қазақ ақындарынан бастап, әлем әдебиетіне де дейін кітаптар оқимын. Осының барлығы оңай тіршілік емес қой. Жаным бәлкім сондықтан да жиі ауыратын шығар...Алайда жүректі сақтау керек екен.

- Қазақстанның мәдениетіне берер бағаңыз қандай?

- Бәрі жақсы деп қоя салуға болар еді... Алайда бұрындары бір анадан туған, мәдениет, әдебиет, өнер деген үш түрлі сала еді. Қазіргі таңда өнерге орын бар, мәдениет ара-тұра аталады, ал әдебиет шетте жетімсіреп қалды. Қазақ халқы әлемдегі ұлы халықтардың қатарына қосылу үшін әдебиетті қайта көтеру керек. Теледидардан ақын, жазушылар сөйлеу керек. Біз қазір бір жақты ғана кетіп барамыз. Ұлы дүниелерді дүниеге әкеліп жатқан ақындардың кітаптары некен-саяқ шығады. Көп әдебиетшілер кітаптарын өздері шығарып, өздері сатады. Біз шоу-бизнес секілді ұсақ-түйекпен ешқашан өсіп-өнбейміз.

- Қазір махаббат тақырыбында өлеңдер жазасыз ба?

- Күнде жазамын.

- Қызық екен, оларды кімге арнайсыз?

- Тәңірге арнаймын. Еуропаның әдебиет зерттеушісі: "Бұл өмірде ең ауыр жүр ақынның мойнындағы жүк. Себебі өлең жазуға оқталып отырғанда түрлі шаруалар шығып қалуы мүмкін. Сонда ақындар өздерінің ең жақсы өлеңдерін өлтіріп алады" деген екен. Мен ең жақсы сәттерімді жас кезімде осылай өлтіріп алған болуым керек. Қазір махаббатым қайта бүр жарып, ғашықтық туралы өлеңнен өлең қалдырмай жүрмін.

- Жұматайды сағынасыз ба?

Мен ешкімді сағынбаймын...Неге деп сұрашы?!

- Неге?

- Мен өзімді сағынамын. Кезінде мен Жұматайды сағындым. Оған қанша кітаптар шығардым. Сөйтіп жүріп әдебиеттің қалың орманында адастым да қалдым. Ақырында өліп-талып жүріп, өзімді тапқандай болдым. Маған бір ауыз жылы сөз, бір ғана көзқарас жетеді. Соның өзі жақсы өлеңдер тудыруыма себепкер болуы мүмкін...

- Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

- Махаббат туралы топтамаларым шыққалы жатыр. Бірі білсе, бірі білмес мен мистика да, проза да, поэзия да, естеліктер де жазған адаммын. Мәселен, жуық арада басты кейіпкер ретінде өзімді алып, "Динозаврлар дәуірі" деген қысқа әңгімелерден тұратын туындымды жазып бастадым...

- Еншеде сәттілік, шығармашылығыңызға мол табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

 

Пікірлер