"Туған жерім – Қазақстаным" поэзиялық байқауы өз мәресіне жетті

839

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ( CISC) гранттық жобасы аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарындағы өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында Қазақстан Халқы Ассамблеясы арқылы поэзиялық байқау ұйымдастырды. "Туған жерім – Қазақстаным" атты поэзиялық байқауға 14-29 жас аралығындағы жас өзге ұлт өкілдері қазақ ақындарының ел мен жер, Отан тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқып, өзара бәсекеге түсті.
Алғашқы байқау 4-қараша күні Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп, өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылды. 20-ға жуық өзге ұлт өкілдері қатысып, олардың басым бөлігі орыс ұлты болса, өзгелері армиян, әзірбайжан, молдаван, кәріс және тағы басқа ұлт өкілдері өнер көрсетті. Қазылар алқасы болып профессор, философия ғылымдарының кандидаты, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Жақып Қалқаман Хасенұлы, облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Досжанова Қымбат Мұратбекқызы, Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Тыныштықова Баян Талғатқызы тағайындалды. Жергілікті әр түрлі этнос өкілдері қазақ тілін меңгергендерін дәлелдеп, көпшілік ортада өнер көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды Қостанай облысы, Майкөл орта мектебінен келген Тамара Мнацаканян, 2-орынды Қостанай қаласынан келген Анель Пимичева, 3-орынды Қостанай облысы, Қарабалық ауданынан Кравцова Мария иеленді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

 


Қарашаның 6-күні жалғасын тапқан байқау Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Қатысушылар Ақмола облысының түкпір-түкпірінен және Көкшетау қаласынан арнайы келіп бәсекеге түсті. 20-дан астам қатысушы бақ сынады. Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжоловтардан бастап бүгінгі Маралтай, Қалқамандарға дейінгі көптеген ақындардың шоқтықты шығармалары оқылды. Жастар бір-бірінен асып түсуге тырысып, тамаша өнер көрсетті. Онда Біржан сал атындағы музыкалық колледждің студенттері халық әндері мен күйлерін орындап, көрермен қауымды ұлттық музыка жауhарларымен сусындатты. Әдебиет зерттеушісі, ақын Ерболат Баятұлы, облыстық "Арқа ажары" басылымының журналисті Асылай Айжарихова, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Талшын Молдағали тәрізді кәсіби мамандар қазылар алқасының құрамында төрелік жасады. Байқау нәтижесінде Соколова Анжелика 1-орын, Бабенко Анастасия 2-орын, Смирнова Татьяна 3-орын иегері атанды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Іс-шараға қолдау көрсеткен Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасына, Біржан сал атындағы музыкалық колледж директоры Саян Мұхамедиярға, өңірлік БАҚ өкілдеріне, қазылар алқасына шексіз алғыс айтамыз!


Қостанай, Ақмола облыстарында бастау алған "Туған жерім– Қазақстаным" атты поэзиялық байқау Солтүстік Қазақстан облысында 10-қараша күні өз жалғасын тапты. Аймақтық ұйымдастырушылардың белсенділігі бірінен бірі асып түсіп, іс-шаралар барған сайын мәнді де, мазмұнды, сән-салтанаты да жоғары деңгейге көтеріле түскендей. Қызылжар қаласындағы Достық үйінде «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» мен Қазақстан халқы ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі бірлесе отырып жоғарыда аталған байқауды жоғары деңгейде жүзеге асырды. Байқауға орыс, поляк, украин, неміс, түрік, армян және тағы басқа ұлт өкілдері қатысты. 13 жас қатысушы байқауда бақ сынап, үздік шығуға барын салып патриоттық шығармаларды оқыды. Онда Абай Құнанбайұлының, Мағжан Жұмабайдың, Сәкен Сейфуллиннің, Қасым Аманжолдың, Фариза Оңғарсынның және тағы басқа қазақтың көрнекті ақындарының өлеңдері оқылды. Тіпті сахналық қойылыммен өлең оқыған жастар да кездесті. Арнайы видео-ролик жасап, фонға музыка қамдап, қазақ батырының, ханшайымның киімін киіп ерекше дайындалған. Оған қоса, үлкен зал кісілерге лық толып, қатысушыларға барынша қошемет көрсетіп, белсенділік танытып, шабыттандыра түсті. Солтүстік Қазақстандағы аймақтық ұйымдастырушыларымыз Мария Петрқызы мен Динара Балғабайқызына, өңірлік БАҚ өкілдеріне мың да бір алғыс айтамыз!
Қараша айының 12-күні «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» мен Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Туған жерім – Қазақстаным» атты поэзиялық шығармаларды көркемсөз оқу бойынша байқауы өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – Қазақстандағы этнос өкілдерін еліміздің патриоты болуға баулу. Қатысушылар қазақ ақындарының ел мен жер, Отан тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқып, өзара бәсекеге түсті. Байқау қорытындысы бойынша, 1 орын - Семенова Александраға, 2 орын - Онянов Тимурға, 3 орын - Сейсекина Валерияға бұйырды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Павлодар облысындағы ұйымдастырушымыз Ақертіс Солтанбаевқа, оның көмекшісі Маржан Теміроваға, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Серік Елікбай бастаған қазылар алқасына, өңірлік БАҚ өкілдеріне шексіз алғыс айтамыз!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы