Әкім мен министрді жазалау арқылы қымбатшылықтан құтылмаймыз

211

Бүгін Еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтергені үшін вице-министрлер мен бірнеше облыс әкімдерінің орынбасарларын жазалауды тапсырды.

«Мүдделі мемлекеттік органдардың ішінен жұмыс тобын құрып, бір апта ішінде әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа мерзімді және орта мерзімді шаралар жүзеге асыру қажет. Үш күннің ішінде Премьер-Министр Кеңсесіне  азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесімен шұғылдануы тиіс ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция вице-министрлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс хат жолдансын», - деді Мамин үкімет отырысында.

Бұған қоса Үкімет басшысы Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау, Тараз және Жамбыл облысы әкімдерінің орынбасарларын жауапқа тартуды тапсырды.

Білеміз, біздің Үкімет ин­фляциямен күресті бастағалы біраз уақыт бол­ған. Тіпті  жыл басынан бері қым­батшылықпен күресуге тек қана Үкімет мү­ше­­лері емес, жергілікті әкімдер де белсене кіріскен болатын. Ол тұстары «инфляцияны күшпен тежеп, байлап-матап тастаймыз» дегендер де табылған. Бұған қатысты елімізде халыққа бөлінетін әлеуметтік төлемдер құны өсті дегенмен, әрине, оны қымбатшылық жеңіп кетіп отырды.  Бізде осы кезге дейін  жыл сайын мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына  үстеме қосылып отырды. Үкіметтің есебінше, отандық тауар өндірушілерге, әсіресе азық-түлік өнімдерін өндірушілерге қазірде елде барынша жағдай жасалуда. Осы арқылы отандық өнімдерге салынатын салық көлемі азай­тылып, отандық өнім өндіретін кәсіпкер­лерді орынсыз тексеруге мораторий да жария­ланды. Бірақ қалай десек те қымбатшылықтың қамыты биылғы жылы бұқараға тіпті қатты сезіліп отыр. Не істеу керек? «Адырна» ұлттық порталының атынан мамандармен пікірлесіп көрдік.

Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков

«Қазір шенеуніктердің басым бөлігі «елдегі қымбатшылықты одан әрі шарықтатпау үшін отандық тауар бағасын тежеп ұстауымыз керек» дейді. Бұл – нарықтың заңдылығына қайшы келетін дүние. Нарықта тауар бағасын шектеп ұстау керек деген қағида жоқ. Бұл әдістен отандық өнім өндірушілер өндірген тауа­рының үстінен пайда көре алмай ұтылып отыр. Үкіметтің отандық тауар бағасын өсіруге шектеу қойғаны дұрыс емес. Бұл – бір. Екіншіден, инфляция кезінде елдегі жан басына шаққандағы орташа табыс табатындардың ұтқаны да шамалы. Қазір қазақстандықтардың 60 пайызы айлығын шай-пұлына жеткізе алмауда. Демек, халыққа мемлекет тарапынан бөлінетін әлеуметтік төлемдерді өсіруді, инфляция есебінен 9-10 пайыз емес, 30 пайызға дейін үстеме төлем қосуды ойластырғаны жөн. Бұған қоса, елдегі орташа жалақы көлемін де өсіру қажет. Ал, үшін­шіден, Қазақстанға келетін тауарлардың 60 пайызы сырттан тасымалданады. Бола­шақта импортты қымбаттатпау үшін им­портқа салы­натын салық мөлшерін қайта қарастыру ке­рек. Осы жайттардың астарына мән беріл­генде ғана біз инфляциямен күресте ұтып шығатын едік. Әзірге инфляциямен күресте ұтқан тұсымыз шамалылау болып тұр. Әсіресе қарапайым халыққа ауырлау тиіп тұр»,-деді.

Жалпы, экономист-мамандар инфля­ция­мен күрес жолында кешенді, жүйелі бағ­дар­ламалар жасалынуы қажеттігін алға тартады. Бір ескеретіні, «ол бағдарла­маларда ғылыми негіз болуы керек» дейді отандық ғалымдар. Бағамдасақ, іргеміздегі Ресейде, көршілес Қытайда елдегі болып жатқан нарықтық құ­былыстарды бақылап отыратын ғылыми кеңестер орталығы бар көрінеді. Ал біздің бұл ретте «ұстанып отырған қағидамыз тым ескі» деседі ғалымдар.

Бұл реттен қаржыгер Ілияс Исаев:

«Біздің нарықтық қағиданы елімізге ендірер тұста ағылшын ғалымы Фридмен Милтонның теориясын қалап алғанымыз еріксіз ойға оралады. Сол Милтонның қағидасы «елде қымбатшылық орнамауы үшін ақша массасын қысып, өндірістік салаға емес, қаржы саласына бейіл аудару керек» дегенге саяды. Заманында бұл қағиданы тек Қазақстан емес, біраз мем­лекеттер таңдап алған-ды. Бірақ эконо­микалық жағдайына сәйкес келмегендіктен, біраз елдер Милтон­ның өндірістік саланы қолдамайтын монетарлық теориясынан әлдеқашан бас тартқан. Ал Қазақстан бұл теорияны әлі де болса ұстанып келеді. Елде өндіріс орын­дарын дамыту, отандық өнімді қолдау жағы өте кемшін. Біз өндірісті емес, банктерді қолдауды, бантерге демеу қаржы беруді ұстанып келдік.  Біздің құзырлы тараптар банк секторлары мен құрылыс саласын айрықша қолдауды әлі жалғастырып келеді. Ал бұл екі сала бүкіл мемлекеттің жоқ-жітігін түгендей алмайды. Біздің атмосферамызға бейім деген Милтон теориясы әлдеқашан көнерді. Сондықтан бізге ұстанған қағиданы өзгертіп, өндіріс орындарын көбейтуді, өнеркәсіп саласын дамытуды кемінде 15 жыл бұрын бастап кету керек еді»,-дейді.

Негізінде, қымбатшылық төңірегінде сөз қаузағанда мәселе бір мұнымен шектелмейді. Ілияс Исаевтың пайымдауынша, мәселені шешудің тетігі бір ғана комиссия құруда немесе антимоно­полиялық комитеттерге шүйлігуде, банктерге талапты күшейтуде, бағаны шектеуде немесе халыққа үстемеақы қосуда ғана жатқан жоқ. Егер төркініне үңілсек, инфляцияны бұғау­лайтын, біздің бағымызды ашатын мынадай үш ғылыми тетік бар көрінеді:

а) Ол үшін, біріншіден, елде ауыр өнеркәсіп саласын дамытуға күш салумыз керек. Біз инфрақұрылымдарды дамытуға пайдаланатын қажетті технологияларды, инженерлік маман­дарды сырттан әкелуді тоқтатуымыз керек. Бұл отандық өнеркәсіп саласының жандануына кері ықпалын тигізуде.

ә) Ал, екіншіден, қайта өңдеу саласына жан бітіруіміз керек. Біз кезінде өндірісті және қайта өңдеу саласын дамытуды дұрыс жолға қоюды ойластырмадық. Керісінше, банктерге инвес­тиция бөлуді, мұнай саласына айрықша көңіл аударуды дұрыс санадық. Мұнайдан түскен түсім арқылы мемлекетке қажетті тұтыну та­уарларын сырттан сатып алғанды тиімді деп есептедік. Бұл үрдістің қате екендігін қазір уақыт дәлелдеп берді. Сондықтан осы қателікті жөндеуге тиіспіз. Қымбатшылыққа одан әрі ұрына бермеу үшін елдегі қайта өңдеу саласына дем беруіміз қажет.

б) Үшіншіден, сауда-саттық саласының 50 пайызын мемлекет өз қарамағына алуы керек. Кезіндегідей халықты азық-түлік өнімдерімен және тұтыну тауарларымен қамтамасыз ететін мемлекеттік дүкендер болуы тиіс.

Міне, инфляциямен күресте осы басты үш тетікті ұстансақ, «мемлекеттен бөлінер үстеме­ақыны да, жәрдемақыны да, орташа жалақыны да инфляция жеп қоймайды» деседі мамандар.

 

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер