Ұлттық құндылықтар-мәдени сана

158

Біздіңше, дін – қайсыбір қоғам-қауымға, жалпақ жұртқа бағытталса, дәстүр нақтылы бір ұлтқа арналған дүние. Тағы, бұлардың арасында қылдай жіп-жіңішке шекара бар. Оны ақ пен қара, ащы мен тұщыны анық ажыратар таным-таразыны, парасат-пайымды басшылыққа алу арқылы ғана байқап-бағамдауға толық негіз бар. Бүгіндері ел ішін алатайдай бүлдірген, нигилизмге негізделген діни-экстремистік ағымдар салт-дәстүр, әдет-ғұрып, бай әдеби қазына, мәдени мұра, тарих, шежіре секілді атадан әкеге, әкеден балаға мирас боп берілген құндылықтарды жоққа шығаруда. Қазақта соған қарсы тұрар «антивирус», «иммунитет» болмаса, бәрі – бекершілік. «Құран Кәрімнің» «Ағраф» сүресіндегі: «Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді» дегені соқыр сенім артынан ергендерге қатысты деп айтсақ артық емес. Ал хакім Абай не дейді екен:

Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл, кердең наданның.

Көп айтса, көнді,

Жұрт айтса, болды.

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз.

Болмаған соң, айтпа сөз.

«Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде» деп айтқан, «Толық адам» ілімін насихаттап өткен, әрі ең бастысы – қазақ, мұсылмандық Шығыс пен Батыс ой-қазынасынан нәр алған «қазақтың бас ақыны» (А.Байтұрсынұлы) дінге асқан ұстамдылықпен қарағаны белгілі. Карл Попперге сәйкес, «тарих қайталанатынын» ескерсек, гегемониялар мен мүдделі топтар қаруына айналған түрлі ағымдардың мақсұт-мұраты – адамзат алдында ислам әлемін ескермеу, әскери, генофондтық күш-қуатты құрту, рухани тұрғыдан әлсірету, деградацияға ұшырату, саяси тұрақсыздық орнату. Шыңғыс Айтматов Жоламанының (мәңгүрт) адам айтса нанғысыз айуандыққа барғаны секілді, зомбиге айналған экстремистер де ел, жер, мемлекет үшін аса қауіпті. Өкінішке қарай, олар біреудің қолында қуыршақ боп, саяси мүдделер сахнасына ойнап жүргенінен бейхабар. Бұған қарсы тұру үшін әр индивид өзінің ішкі этикалық, эстетикалық нормаларын сақтай отыра, діни сауаттылықты күшейтуі қажет деген ойдамыз. Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» атты дастанында бауырмалдық, ынтымақ, бірлік, адами қарым-қатынас, қайырымдылық, жақсылық жасауға жағдай туғызар қоғамдық өмірге бет бұруға шақырады.

                            Кетіпсің елден безіп қу далаға,

                            Қарамай ұлыс, залық, кент-қалаға.

                            Жүр дейді тау ішін тұрақ етіп,

                            Табынып бір Аллаға жырақ кетіп.

                            Не қылды ағайының сонша саған,

                            Неге сен шеттеп кеттің, айтшы маған!

Немесе:

  1. Қалада құлшылық қыл, кетпей қашып,

                            Берерсің ізгіліктің жолын ашып.

                            Халыққа пайдалы бол ақылдасып,

                            Туысқа бауырмал бол жақындасып!

                            Көз сап жүр жетім, жесір, ақсаққа аса,

                            Қалмасын соқыр, мешел көзден таса.

 

       1. Ақиқат – біреу, шындық – көп.

Себебі, әркімнің өз шындығы бар. Ақиқатқа әркім әрқилы жолмен жетеді. Сол ұзақ жолда біреу тұманда адасады, бәзбіреу жар жағалайды, ал саналы кісі, толық адам ғана оған «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман-есен барады. Алланы тану – оңай дүние емес. Ғұлама-даналар, ойшылдар соған бүкіл саналы ғұмырын сарп еткендігі даусыз. Ал, белгілі нәрсенің байыбына бармай, шала сауатпен Ақиқатқа жетемін деу – адасудың адасуы. Біздіңше, толысуға бастар құнарды алыстан іздеудің қажеті шамалы. Өйткені, бәрі – өзімізде. Мәселен, «Кабуснаманың» қырық төртінші тарауында автор адамдықты былайша тарқатады: «Ей, перзентім, егер сен жомарт адамдар халқыңа қызмет етуді ұнатсаң әуелі жомарттықтың не екенін және оның қайдан келіп шығатынын біл. Адамның адамдық қасиетінде үш нәрсе бар. Бұл үшеудің бірі – ақыл, екіншісі – туралық, үшіншісі – жомарттық (адамгершілік, сақилық, қолы ашықтық)». Расында, Кейқаустың «егер сен жомарт адамдар халқыңа қызмет етуді ұнатсаң әуелі жомарттықтың не екенін және оның қайдан келіп шығатынын біл» дегеніндей, дінді білгің келсе, әуелі бетінен қалқымай,  тереңіне үңіл дер едік. Кісі бойында жоғарыда айтылған үш қасиет болмаса, онда ол салғырттық, енжарлық, парасатсыздық, надандық, ойсыздық пен даурықпашылдыққа ұрынары сөзсіз. Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби «Философиялық трактаттарында»: «Бірінші Тұлғаны алатын болсақ, Онда ғашық болушы – ғашық етушінің өзі; тіпті бауратушының өзі баураушымен бірдей. Сонымен, Ол – әрі ғашық болушы, әрі құштарлық махаббат туғызушы Бірінші Тұлға» дейді. «Бірінші Тұлғаны» тап басып тану үшін терең білім, тарихи-мәдени негіз, тәжірибе мен уақыт қажет. «Ата-бабаларымыз сонша ғасырдан бері адаспай келгенде Біз қалайша тура жолда тайдық?!» деген заңды сұрақ-сауал туады. Мұның әлеуметтік, психологиялық, экономикалық, формациялық факторларымен қатар, салт-дәстүр, қазақы дүниетанымнан алыстау, жаһандану, технократия, информакратияның да санаға әсерін жоққа шығара алмаймыз. Дін – кісіден ішкі пластиканы қатты талап етер өмірдің маңызды саласы. Бір байқағанымыз, діни ағымдар сыртқы атрибуцияға, формаға ғана мән береді, ал оның мазмұнына үңілмейді екен. Бұл – Мигель де Сервантес Дон Кихотының әпенделігімен пара-пар тірлік...

 

     2. Дін – ғылым, білім, мәдениет, әдебиет, жалпы ойдың қозғаушы күші, генераторы.

Осы орайда, орыстың ұлы ойшылы Лев Шестовтың сенім жөніндегі мына тұжырымы көкейге қонады: «Истина лежит по ту сторону разума и мышления – это не разрыв с древней философией, как говорил Целлер, это – вызов ей». «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және хақ жолы осы деп әділетті», – дейді Абай. Хакім ұғымындағы махаббатың аясы кең: адамға деген махаббат, Аллаға деген махаббат... Осылардың ішіндегі көбіне-көп Хафиз, Хайям, Жәми, Руми, Физули, Сағди, Ясауи сияқты Шығыс шайырларына тән ортақ ерекшелік – Жаратушыға деген махаббат. Бұл – сезімдердің ең ұлысы, сезімдердің патшасы, сезімдердің сезімі. Бұл күйді буддизмде нирвана деп атайды. Яғни, адам барлық қиындық, жамандық атаулысын ұмытып, толығымен тазарады. Ал, тазарған адам дүниені емес, өзін жаратқан Құдайын тануға ұмтылыс жасайды. Қанша уақыттан бері: «Кімсің?» – десе: «Әлхамдуллилаһ, мұсылманмын!», ал: «Қашаннан бері мұсылмансың?» – десе: «Әлімсақтан бері!» – деген, иманның барлық шартына берік ел едік. Әлімсақтан дегеніміз, ол қай заман?! Ол әлі адам да жаратылмаған, адамның рухы жаратылған уақыт...

Теріс ағымдар өкілдері: «Салт-дәстүр «бидғат». Ол дінде жоқ. Пайғамбарымыз оны істеген жоқ» деген сияқты әртүрлі дәлелі жоқ сылтауларды айтады. Аллаға шүкір, асыл дінімізге қарама-қайшы келмегендіктен қазақтың үлкенді сыйлау, бата алу, әйелзаты ер адамның алдын кесіп өтпеуі сынды ғұрыптары өміршең болып бүгінге дейін жетті. Егер халыққа бір дүние ұнамаса, ол сегментация негізінде озығы мен тозығын шығарып тастап отырады (осынау үрдіс бейсаналы түрде жүзеге асады)... Ұлттық сананың тірегі – тіл. Сол себепті де, қазақтың сан ғасырлық тарихы барысында қалыптасып, өзгеріп, дамып отырған дүниетаным көкжиегі, ұлттық-мәдени және ойлау ерекшелігі төл тілімізде айқын көрініс тапқаны рас. Біз мұны халықтың күнделікті коммуникациясы барысында айрықша байқаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, теріс ағымдағылар бір-бірін «аһи» деп айтатыны бар. Қазақ көзінің кемістігі бар адамды «ақи» деуші еді?! «Аһи» дегеннен гөрі бауырым, ал «ифтардың» орнына қазақы танымға сәйкес ауызашар деген сөзді қолдансақ исламиятқа қайшы келе ме екен?! Жоқ. Діни фанатизмге бой ұрғандар түс жоруға тіс-тырнағымен қарсы. Алайда, «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш» сияқты жыр-дастандарда түс көру үлгілері жетерлік. Ал, халық ауыз әдебиетінде түс турасында «Тазшаның түсі» атты ертегісінде баяндалады. Олардың сұрыпталған нұсқалары көркем әдебиетте көрініс тапқан. Дін бойынша түстің шайтаниі және рахманиі болады екен. Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Түс жорудың қазақтар арасында да үлкен мәні бар екені ежелден белгілі, сол себепті де ел ішінде арнайы мамандар – түс жорушылар да ұшырасады» деп жазған. Менталитет дегенді естен шығармаған абзал. Себебі, ол – әр ұлттың өзіндік ерекшелік-артықшылығын айқындайтын құбылыс. Өз тарапымнан ұсынарым: Қазақ елінің мектеп, колледж, лицей мен университет жоба-жоспарына дін мен дәстүрді қамшының қос өріміндей қатар оқытатын арнайы пән енгізілуі керек. Басқаны айтпағанда, «Бабалар сөзі» атты 100 томнан құралған қазына-байлықты таным-түсінік деңгейінде әлі күнге дейін толық игере алмай келе жатырмыз (жалпыұлттық сипат жоқ). Физиктерге салсақ, Ғалам «үлкен жарылыстан соң» пайда болыпты (!), ал «Төрт қасиетті кітаптің» бірі – «Інжілде» («Библия»): «Әуелі Сөз болды. Ол Сөз – Құдай еді» делінген. Өкінішке қарай, Бізде компаративистика жағы кемшін...

Бағзыдан-ақ ата-бабаларымыз: «Тегін білмеген – тексіз, жеті атасын білмеген – жетесіз» дегенді санаға сіңіріп келді. Бұл – қанды бұзып алмаудың амалы еді. Тегеуріні мықты тектіліктің тамырын терең түсіну үшін әуелі қазақтың жеті атадан тарататын дәстүрін зерттеп-зерделеген жөн. Дін мұндай ерекшелікті ескермеуі мүмкін, бірақ дәстүр оған ерекше мән береді. Тектіліктің айқын көрінісін жыраулар поэзиясынан көреміз. Айталық, Асан Қайғы, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, т.б. – өз кезеңінің философиялық идеалдарын білдірген ойшылдар шоғыры...

Экстремистер үшін Отан деген ұғым атауымен жоқ. Мұны ашық айтуға тиіспіз. Өйткені, олар алданып, айдаладағы Сирияға «жиһадқа» бармас еді. Жалпы, жиһад араб тілінен сөзбе-сөз тәржімалағанда «ықыластану» дегенді білдіреді. Ол – Исламдағы теологиялық концепция. Аталған сөз «Құран Кәрімде» 41 рет кездеседі. Жиһад ұғымы бір кездері «ғазауатпен» қанаттас болған-ды. Бірақ, төрт түрін есепке алмағанда, жиһадтың ең жоғарғы деңгей-дәрежесі бұл – Аллаға барар жолда өзіңді жетілдіру. Яғни, Құдайға бару үшін шаһид исламдағы барлық талап-тілектерге сай болуы керек. Ең негізгісі – ол ислам жолында өзін-өзі құрбандыққа шалуы керек. Дегенмен, бүгіндері оның қажеттігі жоқ. Біз даму тарихымызда әлі кәуірлер мен мұсылмандардың жан алысып-жан берісер «ақырғы соғысына» әлі жеткен жоқпыз. Сондықтан да, бейбіт, һәм мамырстан заманда жиһад туралы сөз қозғау – күлкілі жағдай. Жүрегінде иманы бар жан сатқындық пен қиянатқа бармасы анық. Ақыл мен жүрек бір-бірін «тыңдағанда» ғана адам иманды болмақ. Имандылық – адамгершілік, ұлтшылдық, бірлік, адалдық, батырлық, білімдарлықты жинақтаған концепт.

Арабтарда хиджаб, қазақтарда кимешек бар және әр рудың өз кимешегі болған-ды. Арабстан даласы шөл болғандықтан да, олардың әйелдері көздерін ғана көрсетіп, қалған дене мүшелерін (әурәт жерлерін) тұмшалаған екен. Тағы, арабтар жылқының етін тартынады. Оған екі себеп бар: біріншісі, жағрафиялық, екіншісі, мәдени фактор. Қазақ әйелдерінің кимешегіне тең келер киім бар ма?! Оның денсаулыққа пайдасы зор. Мәселен, алдыңғы өңірі кіндіктен төмен түсіп, бірнеше қабат кестеленген-ді. Яғни, омырауды жауып тұрады, әрі төске суық өткізбейді. Арты үшбұрышталып келеді-дағы, тілерсекке дейін төгіліп тұрады, белді суықтан қорғайды. Ең қызығы, арабтар өлген кісіні сол заматта-ақ жерлейді. Себебі, жері ыстық. Мәйіт иістеніп кетуі ғажап емес. Ал, біздің дәстүрімізде жан-жақтағы ағайын-туысын, дос-жаран, көрші-қолаң күтетін жақсы үрдіс бар. Атамқазақ көңілі суысын, бір уыс топырағын салсын дегенге ерекше мән берген. Сол арқылы әр адам өмірдің жалған екенін ұғынған-ды. Қазақ қыздары ежелден-ақ киімнің тәуірін киіп, әшекейдің асылын тағып өскен. Олар әшекей бұйымдарын сәндік ретінде ғана емес, сонымен қатар артындағы сіңлілеріне мұра боп сақталу үшін де таққан. Қыз бала бес жасынан-ақ сәнмен бой түзеп, қолына білезік, құлағына сырға, камзолына күміс құймалар таққан екен. Әйел әшекейлері тек сән-салтанатпен ғана емес, наным-сеніммен де байланысты болған. Әшекейіне қарай әйелдің жасын, әлеуметтік статусын, өңірін анықтауға болады екен. Мысалы, бесбілезік, бесқасты жүзік, бөгіре, адай жүзік, ақық тасты жүзік, әйкел, дан алқа, ділда алқа, бойтұмар, құстұмсық жүзік, мөрлі жүзік, шашбау, шашқап, шаштеңге, шолпылардың өзіндік тарихы бар. Ақтаңгер ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Шолпы» деген өлеңі де бар...

Қазақ халқы ұрлықты ең үлкен күнә деп білген. Сондықтан да, қоғам оларды қабылдамаған, оларды «алаяқ» деп атаған. «Адамның ала жібін аттама» деген сөз содан қалса керек. Әсіресе, ат әбзелдерін ұрлау – ауыр ұрлық боп саналған.  Төле би жылқының шідері мен тұсауын ұрлағандарға тоғыз мал айып салған. Би ол үкімін: «Тұсау ат  сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды» деп түсіндірген-ді. Қазақтың ұлттық киімдері өзге халықтікінен кем емес деп ойлаймыз. Ертедегі шеберлер ұлттық бітім-болмысқа тән әртүрлі киім үлгілерін тіккен. Мысалы, бөкебай, қасаба, құлақшын (малақай), жалбағай, сәукеле, желек, жыға, күндік, жаулық, кимешек, кеудеше, бешпент, шекпен, жақы (құлын жақы, тай жақы), жадағай, тұлып, ішік, күпі, кебенек, белдемше, белбеу, ұлтарма, кебіс, құрысқақ, т.б. Ал, қазақ үшін жылқының орны бөлек, алабөтен. Оны керек кезінде баласындай бағалап қараған. Әгәрәки, ат алда-жалда бір дертке ұшыраса оны емдеген. Қазақта мәнін әлі толық түсінбеген сөздер бар. Бұл жылқы малына да байланысты. Айталық, айғыр, арғымақ, арқалық, ауыздық, байтал, бие, бесті, дөнен, жабағы, жабы, жорға, қазанат, қулық, құлын, құнан, мәстек, саяқ, сәйгүлік, сәурік, тай, тұлпар, т.б. Патша үкіметі: «Қазақтың астындағы атын алсақ – жеңеміз!» деген қағиданы ұстанғаны шындық. Бүркіт те қазақ үшін – киелі,  қастерлі құс. Атамқазақ қыран құстың жадағайын төріне іліп қоятын болған екен. Бұл оған деген құрметтің белгісі. Бүркітті  ежелден «қасиетті құс» деп  қастерлеп, «Көк тәңірісі» деп атаған. Бүркіт – жыртқыш құс. Ел-жұрт бүркітті ақиық,  мұзбалақ, қараша, көктабан, шөгел, көк бүркіт, су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп бөлген...

Қарап отырсақ, қазақтың дінін зерттемес бұрын, әуелі оның мәдениетіне, әдебиетіне, бай мұрасына ден қойған дұрыс. Сонда ғана халықтың жанын түсінеміз. Онсыз Алаш жұртын түсіндім деу бос әурешілік. Қай ұлтта болсын, дәстүр мен дін қатар жүреді. Біреуінсіз екіншісі аяқ-қолы жоқ мүгедектің күйін кешпек. Адольф Янушкевич: «Қазақты тану үшін этнографиясын зерттеу керек!.. Бүкіл дүниетанымы, философиясы сонда жатыр...» деп жазған. Бүгіндері діни ағымдар кесел-кесапатқа айналып отыр. Біз өзімізді тану арқылы өзгені танимыз, ал, алдыменен өзгені танып барып өзімізге ораламыз деген идея – нағыз қателік. Сол себепті де, ұтылмаудың жолын іздеуіміз керек.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы. Құдайберді Бағашаров., «Көкжиек баспасы», Алматы 2015 жыл, 240-б.
  2. Тәлімгер пайғамбар тағылымы. Еркінбек Шохаев, «Ummet» қоғамдық қоры, Алматы 2018, 184-б.
  3. Ислам және өнеге. Құдайберді Бағашаров, «Көкжиек баспасы», Алматы 2010 жыл, 224- б.
  4. Дін мен дәстүр 2. С.З. Ибадуллаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Астана 2017 жыл, 176-б.
  5. Дін мен дәстүр 1. С.З. Ибадуллаев, «Ғибрат» баспа үйі, Алматы 2013 жыл, 192-б.
  6. Біз ұстанған діни жол, Алматы, «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры», 2012 жыл, 36 б.
  7. Дін мен дәстүр сабақтастығы, Бектұрсын Уәлиев, https://akmechet.kz/kz/news/nwes28022014.htm
  8. Дін мен дәстүр сабақтастығы , http://bilim-all.kz/article/7104
  9. Хиджаб кию қазақ дәстүрінде болған ба?, https://247media.kz/hidzhab-kiyu-aza-d-st-rinde-bol-an-ba/
  10. Хиджап пен пәренженің айырмашылығы неде?, http://alashainasy.kz/din_islam/hidjap-pen-parenjenn-ayyirmashyilyigyi-nede-57660/

 

 

Күләш ҚАСИЕНОВА,

Алматы Энергетика және байланыс

университетінің  аға оқытушысы

Пікірлер