Қазіргі Қазақстан жағдайындағы  конфессияаралық қатынасты реттеудің маңыздылығы

161

Полиэтникалық, поликонфессионалдық Қазақстан үшін этникааралық, конфессияаралық келісімді сақтап қалудың қаншама маңызды екені баршаға мәлім. Қазіргі Қазақстан этникааралық және конфессияаралық келісім мен диалогтың моделі қалыптасып басқа елдерге үлгі ретінде қабылданатынын мақтан етеміз және қазақ жерінде ешуақытта діни негізде бірде-бір ірі діни қақтығыстар болмағанын ерекше атап өтуге болады.

Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми идеология дінге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірінен өзгеше.

Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін маңызды мәселе. Бүгінде Қазақстан әлемге бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Оған әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді шешу үшін жиналады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының бірінші съезінде (2003) еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтіліп, конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі қағидаттары айқындалды. Олар: толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды. Бұл туралы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап өткендей "Біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз".

Дін біріктірудің, интеграциялық үдерістердің күшті факторы бола алады. Ол үшін діндерден қайшылықтарды емес, керісінше, ортақ белгілер мен қағидаттарды, ортақ негіздер мен ортақ құндылықтарды, біріктіруші бастауды іздеуге міндеттіміз.

Айта кету керек, Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие. Қазақстан көне заманнан бері саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Қазіргі Қазақстанның аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиандық (оның әсіресе нестериондық және яковиттік тармақтары) және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүрген, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқанындай: "...бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл – Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс".     

Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениеті мен руханиаты ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі.

Ислам құндылықтары мен ислам философиясын, ислам мәдениеті мен өнерін дамыту мен жаңарту ісіне қазақ халқы маңызды және зор үлес қосты. Ортағасырлық мұсылмандық кезеңде өзгеше философиялық сананың қалыптасуы мен дамуына қуатты серпіліс берген қазақ даласының ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұни және басқаларының мұралары дала өркениетінің асыл қазынасы. ХIХ ғасырдағы ойшылдары Абай, Шоқан Уалиханов ("Тәңірі", "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы", "Жоңғария очерктері", Қашғарияға сапары негізінде "Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы"), Ы.Алтынсарин, Шәкәрімдер де дана халқымыздың ұлы перзенттері қатарынан саналады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында ождан бостандығы мен діни бостандықтың қағидаттары, әртүрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құрудағы теңқұқылығы, мемлекеттің діннен бөлінгендігі туралы қағидаттар бекітілген. Сондай-ақ, діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер бар. Соған қарамастан, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рөлі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсері, кеңістігі және шекаралары қазірге дейін дәл анықталмаған. Осындай белгісіздік, әсіресе оның теріс салдары еліміздегі қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа үрдістерге байланысты анық та айқын аңғарылуда. Бұл, әрине, әсіресе дін мен діни сананың күдік туғызатын діни-рухани нормалары мен догмаларына негізделген жаңа діни ағымдар мен бағыттардың пайда болуына байланысты. Мұндай әсірешіл нышандар діни фундаментализм мен діни экстремизм ретінде көрініс табуы мүмкін.

Жалпы айтатын болсақ, елдегі діни жағдайды бірқалыпты деп айтуға болады. Бірақ дегенмен, бұл қалыптасып қалған жағдай, діни салада барлық мәселелер шешілді деуге толық негіз жоқ, оған біздің елімізде соңғы жылдары болған келеңсіз оқиғалар, жекеленген терактілер мысал бола алады. Сонымен қатар әлемде, жақын және алыс көршілес елдердегі діни жағдай алаңдатушылық туғызады. Бүгін күнделікті жаңалықтарда экстремистік және террористік жағдайға байланысты немесе оның алдын алғандығы туралы міндетті түрде айтылып жатады. Террористер күннен күнге өздерінің іс әрекеттерін жетілдіріп отырғандығын көруге болады. Соңғы уақытқа дейін олар жарылыс заттарын пайдаланып келді. Бірақ оны дайындау, теракті жасалатын жерге жеткізу біраз қиындықтарды тудыруына байланысты, олар келесі оңай жолды тапты. Ниццадан басталған соңғы кезде әлемнің бірнеше елдерінде орын алған терактілерде қол жетімді кез келген көлікті алып ешбір күнәсіз адамдарды басып шаншумен өздерінің терактілерін іске асырып жүр. Әрине осы жағдайлардың барлығы терактіге қарсы тұратын ұйымдардың өз жұмыстарын жетілдіріп жаңа форматта жұмыс істеуін талап етеді. Баршаға мәлім кезінде 400-ден астам қазақстандықтардың тіпті семьяларымен Сирияға соғысуға кеткені, енді олар қайтадан Қазақстанға оралып жатқандығы мәлім, дегенмен олар әскері дайындықтан өтіп соғысқа қатысқан адамдар қандай ниетпен оралады деген заңды сұрақ туындайды. Келесі мәселе, біз білеміз, көршілес Россияда Иегова куәгерлерінің қызметіне тиым салынды. Әрине, тиым салынды деп осы діннің өкілдері жаппай бізге көшпес, дегенмен, олардың ұйымдары Қазақстанға келіп қызметін осы жерде жандандыру қаупі бар.

Қазақстан Елбасы Н.А.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын» жазып, әрмен қарай «...Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады» [1]  деп ерекше атап өтті.

Біз қазір постсекулярлы қоғам жағдайында өмір сүріп жатырмыз, бұл деген діни жағдайдың, діни процестердің күрделенгендігін көрсетеді. Соңғы уақытқа дейін секуляризация процесі басымдылық көрсетіп, дін мен мемлекет бір-бірінен бөлініп, әрқайсысы өз кеңістігінде қызмет атқарып біржақты зайырлы қоғам жағдайында өмір сүрсек, постсекулярлы қоғам жағдайында десекуляризация процесі тез қарқынмен дамып, діннің қоғамдық өмірдің барлық салаларына белсенді әсер етіп діндердің жаңғыра бастағанына күә болып отырмыз. Бірақ қандай діндер жаңғырып жатыр деген орынды сұрақ туындайды. Дәстүрлі діндерге қарағанда жаңа діни ұйымдардың қаулап өсіп белсенді түрде өздеріне адамдарды тартып, жылдан жылға саны артып, қоғамдық өмірдің барлық салаларына белсенді әсер етіп жатқанын көруге болады.

Постсекулярлы қоғам жағдайында тіпті діннің табиғаты да, бұл ең алдымен, жаңа діни ұйымдарға қатысты, түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатқанын байқауға болады. Олар көп жағдайда діннің өзіндік табиғатына сай өзіне тиесілі қызметпен шұғылданбай, оның шеңберінен шығып кетеді. Бір бағыттағы жаңа діни ұйымдар, ең алдымен исламистік топтардың қызметі діни ұйымнан гөрі саяси партия, саяси ұйым не саяси қозғалыс сипатында орын алса, келесі жаңа діни ұйымдардың қызметі, мұнда негізінен неопротестанттық дәстүрден тыс басқа да діни ұйымдар туралы сөз болып отыр, бизнес құрылым, бизнес ұйымның қызметіне көбірек ұқсайды.

Бүгінгі күні этникааралық және конфессияаралық қатынастарды күрделендіріп жіберетін мәселелер қатарына әлеуметтік мәселелердің әлі де болса шешілмеген жақтары бар екендігін, әсіресе, жастарға байланысты, оны да естен шығармағанымыз дұрыс болар. Күн тәртібінде діни және дінтанулық білім беру мәселесі де бар. Ол шет елдерде діни білім алу мәселесімен қатар, өз елімізде мектептерде дінтанулық білім беру қалай жүріп жатыр, сабақтар өте ме, тиісті мамандар сол салада білім беріп жатыр ма, осы сияқты біраз сұрақтар мен мәселелер баршылық екендігін мойындап тиісті іс-шаралады уақытылы өткізуіміз қажеттігін ұмытпағанымыз дұрыс болар. Осы уақытқа дейін жоғарғы оқу орындарында “Дінтану” пәнін міндетті пән ретінде енгізу шешімін таппады. Баршаға мәлім бүгінгі күні барлық радикалды, деструктивті, экстремистік және террористік діни ұйымдардың басым көпшілігі, олардың әлеуметтік базасы жастар болып табылады. Бүгінгі күн талабына сай тек дін саласында қызмет істейтін адамдардан ғана діни және дінтанулық білім талап етілмейді, жалпы қоғам, әсіресе жастардың осы салада білімді болуы өмір талабы. Сонымен қатар, қазіргі кезде діни жағдайдың барған сайын  күрделенуіне байланысты кез келген мемлекеттік қызметкер заң және экономика саласында сауатты болуымен қатар дін саласында да сауатты болуы бүгінгі күннің талабы.

Мемлекет тарапынан, дін істерін басқаратын, реттейтін мемлекеттік ұйымдар тарапынан жоғарыда аталған мәселерді назарда  ұстап нәтижелі іс-шаралар істеліп жатқаны көпшілікке мәлім. Нақтылы дін саладағы мәселелерді шешумен қатар әлеуметтік мәселелерді шешу, қол жетімді арендаға беретін жастар үйлерін салу, жұмыссыздық мәселесін барынша шешу тұрақты түрде іске асып жатыр. Діни және дінтанулық білім беру мәселесі де түбегейлі шешілмесе де, реттеліп жатыр, болашақта діни білім беру, діни мамандарды 100% өз елімізде дайындау мәселесі қолға алынып отыр. Жалпы білім беру мәселесі қазіргі жаһандану заманының өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Түркия Президенті Эрдоған мұсылман елдерінің ең үлкен мәселелерінің бірі сауатсыздыққа (55%) ерекше назар аударса, Қазақстан Елбасы Н.А.Назарбаев G20 форумы тәріздес мұсылман әлемінде ғылым мен техниканы дамыту үшін Ислам ынтымақтастығы ұйымының дамыған 15 мемлекетінен тұратын ИЫҰ-15 ұйымын құру туралы ұсыныс жасады. Осы кездесуде Қазақстан Елбасы Н.А.Назарбаев этникааралық және конфессияаралық қатынастардың маңыздылығына ерекше назар аударып, осы саладағы қазақстандық тәжрибемен бөлісуге дайын екендігімізді атап өтті.

Дін істерін басқаратын, реттейтін мемлекеттік ұйымдар соңғы жылдары болып жатқан күрделі өзгерістерді ескере отырып дін саласындағы заңдарға түзетүлер мен қосымшалар енгізу бағытында іс шаралар енгізіліп жатыр. Егер осы уақытқа дейін заңнамаларда жалпы діни ұйымдардың қызметін реттеу бағытында қарастырылса, енді тереңдетіп дін саласындағы нақтылы мәселелерді, неке, діни білім сияқты мәселелер төңірегінде заңды жетілдіру қолға алынды.

Постсекулярлы қоғамның конфессияаралық қатынастарды реттеудің негізгі мәселесі секуляризация мен десекуляризация, яғни зайырлық пен діндарлық арақатнасын үйлесімді байланыстыру өзекті мәселелердің біріне айналып отыр, себебі соңғы жылдары, әсіресе исламистік топтар тарапынан  елде теократиялық мемлекет, халифат құру ниетімен мемлекетіміздің ұстанып отырған зайырлық принципіне кері әсер тигізуге бағытталған іс әрекеттері себеп болып отыр.

Қазақстан Елбасы Н.А.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің болашақ дамуына байланысты: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін… Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп, осындай нәтижелермен қатар болашақ дамудың маңызды факторы ретінде «Мәдени және конфессияаралық келісім” сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» [2] екендігіне назар аударған болатын. Болашақ үшін қоғамдағы этникааралық және конфессияаралық келісімді сақтау бағытында істелінетін іс-шараларда біздің қоғамдық ұйымдар белсене қатысады деген сенімдеміз және де сол бағыттағы қызметінде жоғарыда қарастырылған дін саласындағы мәселелерді ескереді деген үміттеміз.

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

  1. Н.А.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». 12 сәуір 2017// www.akorda.kz
  2. сол жерде

 

Байтенова Н.Ж.,

 филос.ғ.д., профессор

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

дінтану және  мәдениеттану кафедрасы.

Пікірлер