Түс

473

 

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды иесі «Үздік мақала» аталымы бойынша Жанель Шайықтан.

Бүгін ерекше әрі ұзақ түс көрдім. Қазақстанның ару қаласына, Алматыға, қыдырып келсем де, Сыр елімнің самал желі жетіспей тұратындай... Жә, түсімді баяндап берейін.

Парижде әлемдік деңгейдегі көрме өтуде. Бір қызығы, мұнда дүниенің түкпір-түкпірінен жануарларды жинап, әлем жұрты «хайуанаттар көрмесін» тамашалауда. Атақты Париждің өзіне келгеніне хайуанаттар тым бақытты болса керек, барлығы бұл мекенді мақтауда:

- Табиғаты қандай ғажап еді!-деді Африка пілі.

- Әй,одан бұрын Эйфельді айтсаңшы. Көзге оттай басылып тұрғанын-ай!- деп тамсанды Үнді жолбарысы.

- Адамдары қандай кеңпейіл, ә?- деп бұлардың қатарына Египет мысығы

қосылды.

- Нағыз сәулеттің, мәдениеттің жері екен. Осында қаламын!-деген Германия аюының қуанышты дауысы естілді. Рим қасқыры, Албания бұғысы, Финляндия қарғасы, Чехия арыстаны,  Монако қояны – барлығы да Парижге келгендері үшін мәз-мейрам еді.  Кенет сыртқа шығуға талпынып жатқан жануардың ызғарлы үні естілді. Бәрі аң-таң болып, «бұл кім?» десті.

- Жылқы ғой,-деп қысқа жауап қайырды біреуі.

Тұяғымен жер тарпыған жылқының қылығына ашуланған арыстан

қаһарланып:

- Шырқымызды бұзба! Біз үшін бүгін айтулы күн. Парижді тамашалап,

тыныш тұр!-деді.

- Сендер-ақ тамашалап қызықтаңдар!-деді де, жылқы шығуға талпынып, адамдардың назарын аудара түсті. Сол сәтте, осы көрменің беделді қонағы болса керек, француз ақсақалы:

- Жылқыны босатыңдар! Еркіне қоя бергендерің дұрыс. Өз қалауын жасасын, шығарыңдар!-деді ұйымдастырушыларға. Беделді кісі болғандықтан шығар, адамдар жылқының есігін лезде ашты да, аң-таң болды. Есік ашыла сап, жылқы сұлу біткен денесімен биікке секірді де, тоқтамастан шаба берді, шаба берді. Жүйріктігі сондай, көзді-ашып жұмғанша жоқ болды. Шабысына көз ілеспеген жылқыға қайран қалған көпшілік қауым оны босатуды сұраған ақсақалдан сөз күтті. Оның бар айтқаны мынау еді:

- Бұл жануарды қай елден алып келдіңдер?

Иә, миллиондаған адамдар да жылқының қайдан келгендігін білуге

ынтық болды.

- Қазақ дейтін халықтан, яғни Қазақстаннан келді!-деп жауап берді көрме президенті. «Сонша қашқаны несі, апыр-ай?» десті жұрт. Сонда ақсақал:

- Жо-жоқ, қашқан жоқ. Ол Қазақстанға асықты. Туған жеріне асықты.

Туған жеріне деген сезімі мен сағынышы, махаббаты мен құштарлығы оны Қазақстанға аман-есен, адастырмай жеткізеді деп сенемін...

Міне, бұрын-соңды ешкім көрмеген таңғажайып түсім осылайша аяқталды.  Бәріміз түсімдегі жылқы секілді болсақ қой... Туған жердің топырағы да киелі, түтіні де тәтті екенін түсініп, перзенттік парызымызды

өтесек қой, шіркін! Бөтен елдің гүлінен өз елімнің шөбі қымбат. Кешегі ел үшін, туған жер үшін жанын қиған текті бабалардың ұрпағы екенімізді дәлелдейтін жастар көбейе берсін!

Айтпақшы, түсімдегі жылқы Қазақстанға жетті ме екен?

 

 

Жанель ШАЙЫҚ

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы