«Көмірдің пайдасын өзге елдер көріп жатыр»

411

«Кеше көмірге кеткен жолдасымның жағасы жыртылып келді» ,-дейді бізге хабарласқан көп балалы ана. Бізде жылда осы жағдай. Қыстың көзі қырауда отын-суын таба алмай жатқан халық. Көмір тапшылығын татқан бұқара. Ал өзгелерде қалай? Өзге елдер көмірден бензин алу, электр энергиясының 80 пайызын көмірден алу, тіпті көмірден түрлі иіссулар алу әдісін де жап-жақсы меңгеріп алған.

Бұған қатысты химия ғылымының докторы Қорлан Апсалықова:

«Бізде көмірдің қоры мол. Бірақ оның пайдасын өзге елдер көріп жатыр. Мысалы, бізден көмір алатын Жапония осы әдісті әбден меңгеріп алған. Финлияндияда көмірден иіссу өндіретін компаниялар бар.  Швейцария көмірден электр энергиясының 80 пайызын өндіруді жақсы меңгерген. Ал біз әзірге көмірден дайын өнім алу жағын сауатты меңгермедік. Себебі технологиялық базамыз жеткіліксіз. Көмір мен ағаштан синтетикалық мұнай алуға болатынын Қазақстанның  «Химиялық материалдарды талдау және синтездеу» орталығының ғалымдары дәлелдеді. Бірақ өндіріске енгізе алмады. Бізде ғалымдардың жаңалығын өндіріске енгізу жағы кемшін. Негізі аңғарғанға, көмірдің болашағы мұнайдан да жоғары. Бірақ атқарушы билік бұған аса мән бермей отыр»,-дейді.

Күлкілісі сол, біздің атқарушы билік көмір өндіретін нақ осындай базаны жетілдірмек түгілі, жыл сайын көмірдің бағасын төмендете алмай әлекке түсіп отыр емес пе?

Негізінде, Қазақстанда 400-ден астам тас және көмір кен орындары бар. Еліміздегі көмірдің қоры  160 млрд тоннаны құрайды. Мамандардың пайымдауынша, осы көмір қорын сауатты пайдалана білсек, 250 жылға жетуі әбден мүмкін. Өкініштісі сол,  біз көмір өндірудегі ең озық 10 елдің қатарына ене тұра көмір қорын дұрыс пайдалануды әлі меңгере алмай отырмыз. Бізде көмір өндірісіне қатысты жабайы кәсіпкерлік қалыптасып алған.

Мәселен, мамандардың айтуынша, елдегі көмір резервіндегі негізгі баға 5500 теңге. Ол баға өзгермей осы күйінше қалады. Көмірді теміржол арқылы тасымалдау шығыны 1715 теңгені құрайды. Стансадан эстакадаға дейін апару 1242 теңге, ал көмір қоймаларындағы сатушылардың үстемесі 2000 теңге. Сонда осы соманың барлығын қосқанда делдалдарға дейінгі көмірдің бағасы 10457 теңгені құрап отыр. Енді бұған делдардар өз үстеме бағасын қосады.  Үйге жеткізіп беру бағасын қосады. Сонда бір тонна қатты отынның бағасы 15-20 мың теңге болып шыға келеді.

«Барометр» зерттеу орталығының экономист-сарапшысы Арман Мусиннің айтуынша,  біз үшін қазір алдымен осы делдалдар мәселесін шешіп алу өте ыңғайлы.

«Бағамдасақ, елде жыл сайын көмірдің құны артып барады. Елдегі көмір қоры 150-160 млрд тоннаны құрайды. Мұның 25 пайызы шетке экспортталады, қалған 75 пайызы ішкі нарықты қамту үшін қалады. Осы 75 пайыз ішкі нарықты толыққанды қамтуға жетеді. Бірақ бізде қыс келсе бітті көмір тапшы болады. Делдалдар бағаны қолдан өсіре қояды. Делдалдар мен көмір қоймаларындағы сатушылардың осындай бірігіп алып астыртын әрекетке баруы түрлі келеңсіз жайттар тудыруда. Сондықтан үкімет бірінші кезекте осы мәселені шешу керек. Көмір қоймаларындағы сатушыларға, делдалдарға бақылау орнату керек. Бағаны қолдан өсіретін делдалдарға, қажет болса, әкімшілік жаза қарастыру керек. Қарағанды көмір бассейіні, Екібастұз көмірі, Қаражыра, Шұбаркұл көмірі, Майкүбі қоңыр көмір алабы, Ақсу ГРЭС көмір алабы осылардың барлығына нақты қадағалау бақылау керек. Үкіметтік тұрғыда қадағалау болмаса болмайды. Жекеменшіктің қолында екен деп еркіне жібере берсек, бұлар көмірдің құнын, оны жеткізу қызметін шарықтатып өсіре береді»,-дейді экономист-сарапшы Арман Мусин. Деректерге жүгінсек, расымен де Қазақстан ТМД елдерінен бөлек Жапония, Швейцария, Кипр, Финлияндия тәрізді елдерге көмір экспорттайды. Мамандар болашақта Қазақстан көмірінің экспорттағы әлеуетін арттыру үшін де одан өнім алуды барынша  меңгергеніміз жөн екенін алға тартты.

Бұл ретте мамандардың пайымдауынша, көмір қорын сауатты пайдалансақ, нақ бүгінгідей ішкі нарықта көмір тапшылығына, қымбатшылығына жол берілмес еді. «Сондықтан болашақта технологиялық базамызды жетілдіру   жағын ойластырған жөн. Бұл ретте ғалымдардың ой-пікіріне де құлақ асып, олардың жаңалықтарын өндіріске енгізу жағына мән берілуі тиіс»,-дейді ғалым Қорлан Апсалықова.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер