Қытай еліндегі екі миллион қазақтан жыл сайын сүйінші хабар келетін ғадет бар. Анау бір жылдары «Тиян-Шан» киностудиясы «Көрікті мекен» фильмін елге әкеліп, көрерменді көзайым қылған-ды. Сосын «Қара жорға» мен қара домбыраны Гиннестің рекордтар кітабына бірақ енгізгеніне қарап, аузымызды ашқанбыз. Қазақылықты әр қырынан танытып жүрген бауырларымыз биыл қандай сыйлық әзірлер екен деп іштей күтіп жүргеніміз жасырын емес-ті. Міне, алғадай сүйінші жетті. Осы аптада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында арғы бетте түсірілген сужаңа фильмнің тұсаукесері болды. Фильмнің аты — «Ақсарбас», сценарийін жазған Қытайға танымал қазақ жазушысы, Шынжаң Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Еркеш Құрманбекқызы. Түсіруші топ: ҚХР Орталық телеарнасы, режиссері Гау Фың атты қытай.
Алдын-ала айта кетелік, бұл фильмнің желісі шамамен бұдан 100 жыл бұрынғы қазақ өмірін, сахара мәдениетін, көшпенді тағдырдың астарлы отбасылық жағдайын арқау еткен. Жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстау, көктем де көктеу сағалап, көше жүріп көгілдір дүниенің есігін ашатын қазақ жан-дүниесі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы сол күйінде суреттелген шын мәніндегі қазақы фильм деуге толық негіз бар. Әсіресе, көш салтанаты ерекше орын алған: түйеге артылған жүк, оның әрбір деталы күні кешегі өмір салтымызды көз алдымыздан қайта өткізеді. Мыңғырған малды бағып-қағу жағдайы, киізүйдің бау-шуының толықтығы, ат әбзелдерінің, кейіпкерлер киімінің жарасымдылығы кімді болсын оқиға желісімен ерте түсетіндей.
Оқиға желісі Қали атты бала, оның ағасы Қастер, Ақтай атты сері жігіт, және Үкібала есімді бойжеткеннің арасында өрбиді. Үкібаланың атастырған жігітке тұрмысқа шықпай той үстінде Ақтай серімен көңіл қосып, елден қашуы, бес жылдан соң күйеуі қайтыс болып, Қалидың ағасы Қастерге үйленуі, ақыры артында қалған екі баласын қимай қайта кетуі оқиғаға арқау болған. Мұндағы негізгі идея — ананың балаға деген махаббаты, өшпес сезімі, қандай қиындық болса да, өзегін жарып шыққан баладан артық ештеңенің жоқтығы болса керек. Мұны ботасынан ажыраған Бозінгеннің Қастердің ауылына қайта-қайта қашып келуімен, Қалидың ақсарбас қозысының енесіз қалып, оны ешкілердің сүзуімен жақсы сәйкестірген. Осының бәрін көзімен көрген Үкібала уақыт озған сайын қос ботасын аңсап зарығып, ақыры бұрынғы қайынжұртына тартып отырады.
Ең бастысы, Фильмнің таза қазақ тілінде түсірілуі, актерлердің кәсіби шеберлігі болмаса да өз рөлдерін ойдағыдай сомдай алғаны қуантады. Кейіпкерлердің өз даусымен боямасыз берілгендіктен де, дауыстарында анықтық болмайтын жері де бар. Мұны Еркеш Құрманбекқызы киноның жасандылықтан ада болуы үшін солай еткендіктерін айтады. Айтпақшы, сері Ақтайдың рөлін еліміздегі белгілі жас актер Нұрлан Әлімжан ойнаған.
Шамамен 1 миллион доллар қаржы кеткен бұл киноны көрушілер екіұдай пікірде болғаны да рас. Бірі фильм желісінде ширақылық жоқ, шұбалаңқы, бата беруде, сөз мәнерлерінде жұтаңдық байқалады десе, енді бір жақ таза көшпенділік тарихымызды дәлме-дәл суреттеуімен құнды деп отыр.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірер күннің ішінде ірі кинозалдардан көрсетеміз деп уәде етті.
Біздегі телеарналар шетелдің арзан сериалдары мен атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа, зомбилық мен манияктыққа құрастырылған көбік киноларын экраннан үзбей бергенше, өз бауырларымызды қанаттандырып, осы секілді ұлттық нақышы жоғары фильмдерді сатып, елге жеткізсе, қанеки?
«Абай-ақпарат»