Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін дәріптеуде

219

6 қараша күні сағат 16:00-де ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ( CISC ) "Туған жер" патриоттық республикалық жобасы аясында Адырна - ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп өзге ұлт өкілдері арасында "Туған жерім - Қазақстаным" атты поэзиялық байқау ұйымдастырды.

 

14-29 жас аралығындағы жас өзге ұлт өкілдері қазақ ақындарының ел мен жер, Отан тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқып өзара бәсекеге түсті.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Жалпы атаулы байқауда 20-дан астам қатысушы бақ сынады. Олардың басым бөлігі орыс ұлтының өкілі болды. Қатысушылар Ақмола облысының түкпір-түкпірінен және Көкшетау қаласынан арнайы келіп бәсекеге түсті. Конкурсанттардың репертуарлары да өте бай болды. Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжоловтардан бастап бүгінгі Маралтай, Қалқамандарға дейінгі көптеген ақындардың шоқтықты шығармалары оқылды.

Жастар бір-бірінен асып түсуге тырысып, тамаша өнер көрсетті. Онда Біржан сал атындағы музыкалық колледждің студенттері халық әндері мен күйлерін орындап, көрермен қауымды ұлттық музыка жауhарларымен сусындатты. Әдебиет зерттеушісі, ақын Ерболат Баятұлы, облыстық "Арқа ажары" басылымының журналисті Асылай Айжарихова, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Талшын Молдағали тәрізді кәсіби мамандар қазылар алқасының құрамында төрелік жасады.

 


Іс-шараға қолдау көрсеткен Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасына, Біржан сал атындағы музыкалық колледж директоры Саян Мұхамедиярға, өңірлік БАҚ өкілдеріне, қазылар алқасына шексіз алғыс айтамыз!

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер