«Бесінші жатақханаға» кітап арқылы саяхат

101

Қазақ журналистикасының қара шаңырағы саналатын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Абай Аймағамбеттің «Бесінші жатақхана» кітабының тұсаукесері өтті. Автор талайлардың жүрегінде ыстық естеліктерімен сақталған студенттер үйін махаббат пен достықтың, қуаныш пен қайғының, тоқ күндер мен аш күндердің басты куәсі етіп әңгімелейді.

«Жатақхана- өз үйің». Талай серілер мен «перілердің» ордасы болған дәл осы 5-жатақхана турасында жазушы Бауыржан Омарұлының әдемі әңгімесі бар. Бүгінгі тұсаукесер рәсімінде кеңінен айтылған студенттік кезеңнің тәтті естеліктері қонақтарды қызықтырмай қоймады. Автор Абай Аймағамбеттің өзі:

«Студенттік шақтағы естеліктердің басын қосып, кітап етіп шығару ойда бар еді. Оның біразы facebook-та жарияланды да. Күзде улап-шулап «балмұздақ» жамағаттың келерін ескеріп, әрі өзіміз де қартайып кетпей тұрғанда жастық дәуреннің жазбаларын жинақтауды жөн көріп отырмыз»,- дейді.

«Бесінші жатақхананың» тұсаукесеріне кітаптың басты кейіпкерлері де қатысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Кәкен Қамзин авторға шапан жауып, ақ тілегін арнады.

Бал дәуреннің бақытты естеліктерін оқығыңыз келсе,  Абай Аймағамбеттің instagram парақшасындағы мекен-жайларға хабарласа аласыз. Студенттік шағымыз санамызда жақсы естеліктерімен сақталсын, оқырман!

 

 

Мадина ОҚАС

Пікірлер