Салт-дәстүр – рухани құндылық

20206

«Халқың қандай десең, салтыңнан сынап біл,

Өзің қандай десең, халқыңнан сұрап біл.»

(халық нақылы)

«Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Бұрынғының парқын білгендер ғана бүгінгінің нарқын білер», - деген Ғабит Мүсірепов атамыздың сүбелі сөзі бар. Сан ғасырдан бері халқымызбен жасасып келе жатырған әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің қолданысына мүмкіндігінше қанық болғанымыз дұрыс. Жақсы жарасымын тапқан салт-дәстүрлер қазақ халқының пайым-түсінігімен, психологиясымен, тектілігімен астасып жатыр. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт - дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Салт-дәстүр – халық өмірінің айнасы. Оның жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі таудай ақ.  Алайда оны жаңа ғасыр жастары ата-баба көзіндей қып, қажетіне қолданып жүр ме? Осыған байланысты салт-дәстүрдің бірнеше түріне тоқталғанымыз жөн.

Бұрын қазақ халқында қызды алып қашу өте сирек кездесетін болған. Тек қыздың ата-анасы оны қалаған жігітіне беруден бас тартқанда ғана осындай әрекетке баратын. Негізінде қызды құда түсіп алған. Қарын құда, бесік құда, айттыру құдалығы, сүйек жаңарту құдалығы қазіргі таңда сирек кездескенімен, жастардың өз ырқымен бас қосуы қуантарлық. Соңғы уақытта қазақ қыздарының «сырғалым» атанып, туған ұясынан ата-ананың ақ батасын алып ұзатылуы жиі көрініс табуда. Кей деректерге сенсек, құдалар қыздың төркініне қалың мал беру рәсімі бойынша қырық жеті жылқы малын беруге тиісті екен. Ал бүгінде ол заң сақталмағанымен, әркім шамасы келгенше қалың малын апарады. Қыздың ата-анасы да жасауына керекті дүние-мүлкін, ыдыс-аяғын және еншісі деп үйірлі жылқы, сауынды сиыр, сойыс қойларына дейін шамасы жеткенше беруге тырысқан.

Ұзатылатын қыз екі-үш ай бұрын елін, ағайын-туысын аралап қоштасатын еді. Қоштасуға барған үйі мал сойып, ауыл жастарын жинап, алтыбақан құрып сауық жасайтын. Бұл серуендерде әдептілік, сыпайылық, адамгершілік, имандылық қатал сақталған. «Ұрын бару», «ірге басар» секілді рәсімдерді тек кітаптан ғана оқитынымыз болмаса, бүгінде оларды көрек қоймайтынымыз ақиқат. Дегенмен, қазіргі уақытта да ұзатылатын қызды жақын-жуығы арнайы қонаққа шақырып, бір шәйнек суын береді. Мұның артында ағайынның қимастығы, ілтипаты, дархан көңілі жатыр.

Ертеде ұзатылатын қыз тойында жар-жар айтып, ел-жұртымен қоштасатын. Қоштасудың үлгісі сұрақ-жауап түрінде болады. Сұрауды ұзатылатын қыз қояды да, жауапты қыздың жеңгелері, замандас-құрбылары береді. Бұл тұрмыстық әндердің тәрбиелік маңызы күшті болған. Онда ұзатылар қызға ақыл-кеңес, насихат сөздер айтылған.

Барлық рәсімдер орындалып болған соң, екі жақтың құда шақырысу рәсімдері басталады. Құда-құдағиға, оның қасына ілесіп келген кісілерге лайықты қасиеттерін кигізіп, ат мінгізген. Кит демекші, кит кигізу салты еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда Маңғыстау түбегінде әлі күнге дейін сақталған. Китсіз құдалық өткен емес. Шүберек-шұрқа демесеңіз, бұл дәстүр сый-сияпаттың белгісіндей.

Халқымыз «Бір сәби дүниеге келсе, еншісіне бір қой артық қоздайды, сол жылы бір уыс шөп артық шығады», - деп, әр баланың өз несібесі бар деп түсінген. Бала дүниеге келгеннен кейін үш күннен соң ауылдың қадірменді қариясы әлгі сәбиді шапанының етегіне орап азан шақырады. Одан кейін баланың құлақ түбінен үш рет айқайлап атын қояды. Өкінішке орай, бүгінгі күні нәрестеге ат қою рәсімі тек қағаз түрінде қалып жатыр. Діни тұрғыдан да азан шақырып ат қойғанды құп көретін бірен-саран отбасыны кезіктіріп жатамыз. Бәрібір де бұл дәстүр кеңінен белең ала қойған жоқ. Жаңа туған сәбиді заңды тұрғыдан ғана есепке алып, ата-анасына бір жапырақ куәлікті ұстата салумен ғана шектеліп жүргендейміз. Әйткенмен, «шілдехана», «қырқынан шығару», «иткөйлек», «тұсау кесер», «шаш алу», «сүндет той», «тілашар» т.б. салт-дәстүр түрлері бүгінге дейін өз жалғасын табуда.

Төркіндеп келген қыздың қалағанына қарсылық жасамай, қызды құрметтеген қазақ жиеніне де мал атаған. «Бәсіре» деп қозы, бұзау, жабағы, тай, бота атаған. Кей жерде мұны «қырық серкеш» дейді екен. . «Жиен назары жаман», «Жиен ел болады малы болса, желке ас болады майы болса» деп, жиенді жақсы көрген ата-бабаларымыз жиеніне мал тарту етіп отырған. Атауы қаз қалпында сақталмағанымен, бұл жоралғы да қазіргі кезде қолданысын жоймаған. Әр адам мырзалығына қарай жиеніне сыйлығын үлестіріп жатады.

Маңғыстау – ата салтын ардақтаған киелі түбек. Әдет-ғұрыптарды ұлықтау жөнінен Маңғыстау жұртшылығы алдыңғы орында. Салт-дәстүрлерді ұрпаққа үлгі еткен  «Адайлар мекенінде» көптеген игі дәстүрлер сақталған. Солардың бірі – «көрісу айт» амал мерекесі деп те аталады. 14 наурызда жұрт көшеге шығып, бірінің үйіне бірі барып қол алысып, құшақтасып көріседі. «Наурыздарың құтты болсын, жас жылыңмен, келер жылға дейін аман-есен болайық», - деп, тілектер айтылады. Ренжіскен адамдардың да бір-бірімен татуласатын күні осы. Бір-бірін көрмей қалған жандар болса, келесі жылға дейін көрісе беруіне рұқсат. Ауыл балалары болса үйді-үйді аралап көрісіп, қалталарын тәттіге толтырып шығады.

Ұлыстың ұлы күнінде ғана емес, кез-келген той-томалақтарда қазақтың ұлттық киімін үстінен тастамай киетін де осы өңір тұрғындары. Ою-өрнектермен әшекейленген ұлттық нақыштағы киімдерді қолданыстан шығармау да –  құндылығымызға қосылған бір үлес.

Қазақ елінің кейбір өңірінде сәлем салу дәстүрінің екі түрі қалыптасқан, біріншісі – келіндердің өз күйеуінің үлкен ағайындарына, екіншісі – қазақтардың үлкен асын (етті) жеп болған соң табаққа сәлем салуы. Табаққа салем салу дегеніміз - ет жеп болған соң дастарқан басында отырған үлкен адам табақты келінге ұсынған кезде келін иіліп сәлем салып барып табақты алуы. Үлкендер жағы «Ұл тап, қарағым! Бақытты бол! Абыройлы бол! Көп жаса!» - деп, баталарын береді. Келін алған табағынан дәм ауыз тиеді. Салттың бұл түрін күнделікті ошақ басымыздан да көріп жүрміз. «Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің» деп білетін халықтың асқа деген құрметінен туса керек.

Көптеген салт-дәстүрлер қазақ халқының көшпелі тіршілігіне, кәсібіне, қолөнеріне байланысты пайда болған. Оған дәләл – биебау, кеусен, келі түбі, қой басты, тулаш шашу, қымызмұрындық, сірге жияр, сауын салу, шашыратқы т.б. салт-дәстүрлер.

Бұрын ел арасында: «Шала туып, тымаққа салып өсірген екен»,- деген сөздер жиі естілген. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Шала туған сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан, күн басы кереге арқылы есептелетін болған. Бұл күндері шала туылатын сәбилер жоқ емес. Тек тымаққа салынбайды, жаңа заманның озық технологиясы оларды артқа тастады. Сонда да «тымаққа салу» дәстүрінен халқымыздың тымақтың қадір-қасиетін дәріптеуін ғана емес, айла-шарғы, амалының да көрінісін көреміз.

Осындай қызықты рәсімнің бірі – аунату деп аталады. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген ғалым, сыншы Дандай Ысқақтың айтуынша: «Қазақ салт-дәстүрді құрмет тұтып, қалтқысыз орындаған халық. Өйткені сол арқылы барлық қарым-қатынасты ушықтырмай реттеп отырған. Яғни, көп мәселені дәстүр жолымен шешкен. Тіпті құда түсудің, олармен тез табысудың жолын да қарастырып қойған». Ал қоғам қайраткері, заңгер Н.Шайкенов: «Ұлт дәстүрі – заңнан биік», - дейді.

Тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырылған халықтың құрдымға кетері анық. Біздің сөз еткеніміз салт-дәстүрлердің аз ғана бөлігі. Ал қазақтың тектілігін танытып, көрегендігін көрсетететін әлі де қаншама қасиетті дәстүрлер, жөн-жоралғы, әдет-ғұрыптар бар. Қолданыстан шығып, ұмыт болған дәстүрлерді жаңартып, қайта ұстану өз қолымызда. Салт-дәстүрді «ескіліктің сарқыншағы» деп қарамай, керісінше, ата-бабамыздың көзі деп қарағанымыз жөн болар. Себебі салт-дәстүрлер - ұрпақты тәрбиелеуші құрал. Өз отбасында әдет-ғұрып, жөн-жоралғы көріп өскен баладан үлкенге ізет көрсететін тәрбиелі азамат шығары сөзсіз. Өз ұлтының тілін, дінін, салт-дәстүрін сүйетін адамның да болашағы жарқын. Ойымды қорытындылай келе, елімізде салт-дәстүрімізді насихаттайтын игі іс-шаралардың жалғасын тапқанын қалаймын. «Халқын сүйген – салтын сүйер» демекші, салт-дәстүрді толық ұстанатын өңірдің тумасы болғанымды мақтан етемін.

Ер жігітке жарасады озып шықса бәйгеден,

Қыз балаға жарасады алқа, шашпау, сәукеле.

Жоғалмасын дәстүріміз ұмытылмасын

Ата-баба көзіндей қылып сақтайық қазақ дәстүрін

- демекші, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелейтін дәстүрлеріміздің ғұмыры ұзақ болғай!

 

 

 Гүлжанат Оразбекқызы

Пікірлер