Дәстүрге дем, әдепке әр берген..

22023

Шымкентте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын арқалаған Қазақстанда теңдесі жоқ, толығымен қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне арналған бірегей орталық бар. 2014 жылы желтоқсан айында Шымқалада «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» бой көтерді. Аталған орталықты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі оңтүстікке жасаған сапарында ашып берген еді. Бұл бір ғана Оңтүстік жұртшылығы үшін емес, Қазақстан халқын елең еткізер оқиға болды, себебі ел аумағында бұған дейін салынбаған бірегей нысан-тұғын.
Орталықтың бір ерекшелігі сол, мұнда қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналған жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Яғни, ғасырдан-ғасырға жеткен рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауға, үңіліп толыққанды зерттеуге жол ашылып отыр. Осы мекеме ашылғалы қаймағы бұзылмаған күнгейлік қазақи ортаның руханияты дүр сілкінді. Бірінен кейін бірі салт-дәстүрді насихаттайтын, әдет-ғұрыпты әспеттейтін іс-шаралар легі бүгінге дейін толастаған емес.
Шырайлы Шымкентте тұрып, оның жылы да мөлдір ауасын жұтып жүріп, ұлттық ерекшеліктерімізді, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттауға келгенде бұл Орталықты жазбау күнә болар деп ойладық. Өйткені, осы жерде салт-дәстүрге қатыстының бәрі бар. Бұл орталық салт-дәстүрді насихаттаса, біз оны республика жұртшылығына кеңінен таныстырғымыз келеді. Ендеше Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына бірге саяхаттайық!..
Жеті саны – киелі
Орталықтың табалдырығын аттаған бойда көзге бірден түсетіні – кіре берістегі «Жеті қазына» мүсіні. Жалпы, атам қазақ жеті санын қастер тұтқан. Жеті қарақшыға қарап жолын тапса, жеті атасын танып, тарихын білген деген сөз бар. Соның ішінде қазақ санасындағы жеті қазына – ер жігіттің өмірімен тікелей байланысты ұғым. Жүйрік аты – қанаты, қыран бүркіт – қуаты, құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі, берен мылтығы – қаһарлы оты, қақпаны – серті, ауы – әдіс-айласы, кездігі – сұсы. Мүсіннің астыңғы жағында 4 түліктің бейнесі салынған. Қазақ бай болған, төрт түлікке сай болған. Түліктің төресі – түйе. Жылқы мінездес деп жатады әдетте. Сол жылқыны жанындай сүйген елміз. Жылқы, сиыр, қой қошқар, түйе. Әр қайсының киесі, иесі, атасы бар. Түйенің атасы – ойсыл қара, жылқының атасы – қамбар баба, сиырдың атасы – зеңгі баба, қой, қошқардың атасы – шопан ата.
Ал Орталық ғимараты өз ішінде «Достық» және «Салт-дәстүр» деген екі үлкен мазмұнды залға бөлінген.

«Ұлттық салт-дәстүр» залы

Мекеменің ұлттық салт-дәстүр залында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, көшпелі өмір салтын, табиғатпен үйлесімдігін, жалпы дүниетанымын бейнелейтін жәдігерлермен жабдықталған. Залда орын-орнымен, бүк-бүгімен, жік-жігімен ұқыпты етіп жайғастырылып қана қоймай, әдемі безендірілген әрбір зат көздің жауын алады. Қазақтың бай мәдени мұрасынан көзайым болып, сусындап, ләззат алып шығасыз. Пайдаланған әрбір тұрмыстық бұйым, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, төсек-орынға қатысты ұсақ-түйекке дейін ескерілген.
Мұндағы әрбір тұрмыстық зат белгілі заңдылық пен тәртіппен орналасуы ұлтымыздың ой-өрісін, таным-түсінігін байқауға мүмкіндік береді. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі халықтың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған этнографиялық, қолөнер бұйымдарының толық үлгілері осы жерде жинақталған.
Қазақта киіз үйдің төрі қасиетті орын саналған. Ал халқымыз ежелден қонақжай болғанын ескерсек, әрбір қонақты сыйлап, төріне шығарған. Керісінше, жас келін ешқашан емін-еркінсіп, төрге шықпаған. Негізінен киіз үйдің оң босағасына – әйелдер, сол жақ босағасына – ер адамдар отырған.
Киіз үйге кіре берістегі оң босаға әркез киелі саналатын. Қыз бала он екіге толғанда шаңырақтың оң босағасынан өзіне тиесілі орын бөлініп, киім-кешегін, көрпе төсегі мен жатын орнын шымылдықпен көлегейлеп, бөлек тәрбиелене бастаған. Ал жағдайы күйлі-қуатты ауқатты адамдар қызы бой жетіп бастағанда бөлек киіз тіктірген де, оң жақтағы шымылдық ұл мен келіннің орны болған. «Босағасын қызартып», «оң жағын қызартып» деген сөз содан шыққан.
Шымылдықтың ішіндегі қыздың төсегі «көсеге» деп аталады. Қазақ бабам тілек-бата айтқанда «көсегесі көгерсін» деп осыған байланысты айтатын болған. Қыз бой жетіп, ұзатылатын шағында көсегесін жасауымен қоса беріп жіберетін болған. Қыз баланы жастайынан оң босағада ұстауының өзінде терең философилық, тәрбиелік мән жатыр.
Қызды жатжұрттық деп санаған халық дәстүрі қызды үлкен өмір жолына қадам басуына ерте кезден әзірлеген. Жаңа келін түскенде де оны киіз үйдің оң жағымен жағалатып жүргізуі сол себептен екен. Оған қоса сол үйдің иесі қаза болғанда да киіз үйдің оң жағына мәйітін қойып түнетуі сол қасиеттің мәнін аша түскендей.
«Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» демекші, қыз-келіншектер, апа-әжелеріміз ұлттық нақышта безендірілген әшекей бұйымдарды жарқыратып, шашбауларын сылдырлатып, жүзік сақиналарын қолдарына бар сән-салтанатымен тағып алатын болған. Солардың ішіндегі ең көрнекті де бағалысы, ұзатылған қыз киетін аса қымбат, кәделі бас киім саналатыны – сәукеле.
Сәукеле құнды маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт, лағыл секілді асыл тастардан жасалған моншақтар төңкерілген. Біле білгенге ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелеге қарап қарап бағаланған.
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда түскенде Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсін» - деген екен. Сөйтсе, Кенесарының ағасы Саржан төре тұрып: «Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал, сондықтан қызының малы бес жүз жылқы болсын» - деп кескен екен деседі. Бұған қоса, дәстүр бойынша сәукелені тек ұзатылатын қыз бала киген. Оны ешкімге, ештеңеге айырбастамаған, басқаға киюге рұқсат берілмеген. Осының өзінен-ақ халқымыздың қаншалықты салт-дәстүрге, наным-сенімдерге аса үлкен көңіл бөлетінін оңай аңғаруға болады.
Киіз үйдің оң жағы үй иесінің отыратын және жататын орны болған екен. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар орналасып, оны шимен жауып қоятын болған.
Қазақ халқы ыдыс-аяқтарды ағаштан, теріден, қыштан мол жасаған. Мысалы: астау, ожау, қымыз, шұбат пісіп, май шайқайтын күбі, жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалатын. Қымыз құюға арналған 3-8 литрге дейін сусын құйылатын түрлі торсықтар тағы бар.
Тары, бидайды түйетін келі-келсап, тамақ және ыдыс-аяқ сақтайтын үй жиһазы, кебеженің түрі асадал да бар. Бұлардың барлығы киіз үйдің сол босағадағы қазан жақта орналасқан. Қайқы төсектен кейін рет-ретімен орналасады.
Ал киіз үйдің теріс жағы, яғни қамшылар жағы балаларға берілген. Оның өзінде босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінген.
Киім демекші, қазақ ұғымында Адалбақан (бір деректерде ашамайбақан, ашабақан деп те айтылады) деген киелі зат бар. Ол бірнеше қызмет атқарған. Бірінші киелі шаңырақты көтеретін құрал ретінде. Екіншіден, киім ілгіш ретінде. Ал дәстүр бойынша жігіт қызға ұрын келген кезде бақан өзінің тәрбиелік мәнін атқарған. Оң босағада отырған қызға жігіт ұрын келген кезде қыздың жеңгелері адалбақанды жігіттің аяғының астына тастаған. Жігіт болса, адалбақан киелі болғандықтан, оны аттап өте алмаған екен.
«Ер қаруы – бес қару» дейді. Оған соғыс кезінде кесу, шабу, түйреу, соғу, ату арқылы жауын жарақаттап, өзіндік қолдану әдісі бар қылыш, айбалта, найза, шоқпар, жақ (садақ) сынды қарулар жатқызылған.
Тағы бір ерекше көңіл бөлетін жабдық – түр-түрге бөлінетін ер-тоқым. Тұрмыста қолдану мүмкіндігіне, жасаған материалына, әшекейлеп безендіруіне, кескін-келбеті, яғни пошымына орай үлкен ер, жігіт ер, әйел ер, бала ер, қайың ер, қарағай ер, құрама ер, темір ер, алтын ер, күміс ер, оюлы ер, құранды ер, қапталды ер, жайпақ ер, биік ер, сауырлы ер, қоқан ер, орыс ер болып жіктеліп кете береді. Осы ердің қаңқасына тоқым, желдік, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, қанжыға, үзеңгі, таралғы немесе үзеңгі бау, ноқта-жүген, шылбыр, тізгін, ішпек қосылып, олар ат әбзелдері деп аталады.
Киіз үйге ерекше сән беру мақсатында шашақты желбаулар ілініп, тағылады. Ол екі түрлі мағына береді. Алғашқысы – сән, екіншіден  киіз үй құрылысының беріктігін қамтамасыз ететін болған. Әр түстің мән мағынасын ашуда олардың дүниетанымының қаншалықты кең болғандығын аңғару қиын емес. Мына тамашалап отырған басқұрдағы ою-өрнек шексіздік белгісі – жер мен көкті жалғап тұрған ақжол іспеттес.

«Достық» залы

Ерекше назарды қажет ететін тағы бір зал – «Достық» көрме залы. Ол 2014 жылдың желтоқсанында нысанның ашылуына байланысты Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай бар сән-салтанатымен келем деушілерге қызмет көрсете бастады.
Залдың экспозициясын  жабдықтауда облыстың барлық дерлік жиырма этномәдени бірлестігі бір отбасыдай атсалысып, экспонаттарды жинақтауға  үлкен қолдау көрсеткен. Олардың негізін ұлттық киімдер, салт-дәстүр мен ұлттық мәдениет қамтылған әдебиеттер, ыдыс-аяқ, тұрмыстық бұйымдары және тағы басқалары құрайды.
Бұл жерде аталмыш мәдени орталықтар жылына бірнеше мәрте тәрбиелік маңызы бар түрлі мәдени шаралар да өткізіп тұрады. Сол арқылы әр ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрінен молынан хабардар болуға мүмкіндік бар. Жалпы адам баласына қандай да бір ұлттың салт-дәстүрін, жол-жоралғысын оқып білу, зерттеу, сол халықты жақыннан тану ешқашан да артық етпейді. Керісінше ой-өрісің кеңіп, жаңа білімге жол ашылады.
Ендеше Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылғалы бері өткізіліп келе жатқан салт-дәстүрді насихаттайтын ең елеулі деген іс-шараларға тоқталуды жөн санадық.
Наурыз-керуен...
Шымкентте жүрген!
Биылғы Доңыз жылында Наурыздың Наурызы Шымкентте басталды. Мегаполис көшелерінен бұрын-соңды болмаған Наурыз-керуені өтті.
Табиғат рухының, көктем мейрамы мен қазақ халқының сән-салтанатын бейнелейтін бірнеше арғымаққа күйме жегіліп, керуен жасақталды. Салтанатты шеруге түрлі этнос өкілдері, мәдениет қызметкерлері, қала жастары мен тұрғындарын қосқанда – барлығы 700-ге жуық адам қатысты. Керуен басын бозінген бастап, аттылы сері кісілер ән салып, ұлттық нақышта киінген абыз ақсақалдар аңыз-әпсәналарынан әңгіме айтып, ғибратты әндер орындап, шаһарымыздың көрікті жерлерін аралауға бағыт алды. Орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Тағаев өз сөзінде Ұлы Жібек жолында орналасқан Шымкент шаһарынан тұңғыш рет бастау алған бұл шерудің маңызы зор екендігі, қала халқына, қонақтарға қуаныш сыйлайтын, жастарға көшпелі өркениеттің мән-маңызын көрсететін бұл шара алдағы жылдарда да жалғасын табатынын атап өтті. Наурыз алаңынан басталған салтанатты керуенге ақсақал ардагерлер ақ тілектерін арнап, батасын берді. Жиналған қауымға Наурыз көже, табада піскен ыстық күлше нан және күбіден алынған сары майдан ауыз тию бұйырды.
Бірінші қатарда қос түйе, одан кейін күймелер, аттылардың соңынан жастар қаз-қатар тізбектеліп, «Ақ бүрку» рәсімін өткізу үшін дендросаябаққа тоқтады. Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауды көздеген керуеншілер жол-жөнекей халық әндері мен күйлерінен шашу шашып, бауырсақ таратты.
Ертеде көктем келіп, ағаштар алғаш бүршік атып жатқанда аналарымыз жеміс ағаштарына ақ бүркиді екен. Салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында ерінбей еңбек еткен, Дихан бабаның киесі дарыған жақсы мен жайсаңдар жиналып, ағаштарға ақ бүркіді. «Табиғатқа нәр беріп, тіршілікке шеру бер!» деп ақ жаулықты аналарымыз тілек тіледі.
Айрықша сән-салтанаты жарасқан көш-керуен соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алдына табан тіреді. Арнайы дастархан жайып, қала тұрғындарына Наурыз көже таратылды. Сондай-ақ түркі халықтарының Наурызды тойлаудағы ерекшеліктерін айшықтайтын көрме мен концерттік бағдарлама жұртшылықтың назарына ұсынылды.

Сырмақ шерткен сыр

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Сырмақ шерткен сыр» атты тарихи-танымдық шара өткізді. Жиын Қазығұрт ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе «Қызылқия» ауылдық мәдениет үйінде аудан тұрғындары арасында «Тулақ шашу» дәстүрін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұмыт бола бастаған көне дәстүрімізді жаңғырту, жүннен жасалатын бұйым түрлерін, киіз басу өнерін кеңінен насихаттау. Аталмыш шарада аудан тұрғындары ұмыт бола бастаған қолөнеріміз – жүн сабау, жүн бояу, шүйкелеу, киіз басу салтынан шеберлік көрініс көрсетті.
Құда бола қалсаңыз...
Жеті қырдан асып, құда болу, жеті атадан ары құдандалы болу бұл елдігіміздің, ұрпақ жалғастығына апарар ежелден келе жатқан жол.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе өткізген «Құда бола қалсаңыз» этнотанымдық іс-шарасы Арыс жағасындағы «Ауыл» демалыс аймағында өтті.
Құдалықтың көнеден жеткен жөн-жоралғылары – қамшы ілу, жаушы жіберу, бауыздау құда, қандас құда, «бауырдан табақ жүгірту», төс қағыстыру, ұн жағу, қарғыбау, табақ тарту, құйрық-бауыр асату, құда тінту, құда сілку сияқты кәделер мен жол-жоралғылар қамтылған көрініс құдалықтың мән-мағынасын аша түсті.
Құдаласу – жекжаттық, туыстық қатынастарға бастайтын алғашқы қадам. Ұл ержетті. «Қосқұлақ бала бізде бар, қаса сұлу сізде бар, жекжат болайық» деген ниетте жігіт әкесі бастаған құдалар келіп жөн-жосығын жасап қамшы ілуі , оны қайтаруы – ата-баба салтында екі жақтың разы болуы, береке-бірлікті бұзбауы, жаушы кетерінде қыз ата-анасынан үкі (қарғыбау) тағатын сәтті күнді белгілеуі, оған қыз ата-анасының шеге шапан кидіріп аттандыруы – «есігіміз оларға қашанда ашық» деген көңіл күйін аңғартады. Бұл жөн-жосық адамдар арасындағы қарым-қатынастың ақыл-парасатпен шешілуін меңзейді.
Бауыздау құда – құдандалық салтында жақындығы жағынан бас құдадан кейінгі құда. Дәстүр бойынша жігіт жағынан қыз айттыра келген, бауыздау құда бастаған құдалық адамдарына арнайы мал сойылып, бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм татысқан. Мал бауыздарда бата берген құданың бауыздау құда аталуы осы жайтқа байланысты қалыптасса керек.
Бүгінде отбасы құндылығын, жастардың шаңырақ құрудағы жауапкершілігін нығайтуда мұндай ғұрыптардың мәні зор.
Құда түсу салтында ұмыт болған көне ғұрыптардың мән-мағынасын қайта жаңғыртып, ұлттық болмысты көрсетуде мұндай шаралар бүгінгі таптаурын, ретсіз кірме дәстүрлерден арылтады.

Қолөнер – сырлы өнер

Қолөнерді насихаттау Орталықтың негізгі жұмыстарының бірі десе де болады. «Қолөнер – сырлы өнер» атты көрмеге 15-тен астам шебер жиналып, өздерінің төл туындыларын, қазақтың ұлттық нақыштарын дәріптейтін түрлі бұйымдарды қала тұрғындарына ұсынды. Жергілікті қолөнер шеберлері мен зергерлер, сонымен қатар темірден түйін түйіп, сазды сәнді бұйымға айналдырған хас шеберлер бас қосты.
Бұл көрменің ерекшелігі сол, қонақтар ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік заттардың бірнеше нұсқасын көріп, жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнерін, бұйымдарын осы жерден тамашалауға куә болды. Яғни, қолөнер шеберлері келушілерге сол жерде шеберлік сағатын өткізді.
Қазақстан Шеберлер одағыныӊ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Шымкент университетініӊ доценті, қолөнерші Бибіажар Симова осы көрмеде ханның қызындай халқына еркелеп әрі ел анасы ретінде жас буынға бар ақылын айтты. Бибіажар Иманбекқызы 2017 жылы Қазақстан Қолөнершілер одағының бас марапаты – «Хас шебер» атағының иегері атанған. Көрмеге өзінің қолынан шыққан сөмкелер, шашақты-оюлы жиекшелер, қабырғалық сәндік гобелендермен қатар тоқымалық құрастырмаларын ала келіпті.
Бибіажар апамыз сабауды сабап отырып, жастарға өзінің қолөнерінің сырын ашты. – Сабауды сабаймын, жүнді түтемін, оны иіремін, ұрып, тоқимын. Соның арқасында ел, жер көрдім, Қазақстан бойынша хас шебер атандым. Бәрі де еңбектің арқасы. Біздің жастарымыздың иығына жалқаулық мініп алған. Сол жастар ескі өнерді жалғастырса деймін. Біздің көзіміз тірі кезде үйреніп қалыңдар. Қазақтың қай өнері де болса да, өмірге қажетті дүние. Қай-қайсысы да ақыл-ойыңды өсіреді, сабырлыққа үйретеді. Көп келіндер қолда бар жүнімізді өртеп жібере салады. Соны түтіп, иіріп, тоқыса балаларына киім, қалпақ, шұлық шығар еді. Мысалы, осы жүнімізді қытайлар, қырғыздар шикізат күйінде сатып алып, өндіріп, қайта өзімізге зат қылып сатып жатыр, - деді Бибіажар Симова.
Жүн иірудің технологиясы шебердің айтуынша былай. Бірінші малдың жүні қырқылғаннан кейін шөп-шаламнан тазалайды, жуады, одан кейін тулақтың үстіне салып, сабаумен сабайды. Қалған-құтқан қоқымдары астына түсіп, тазарады. Одан кейін тараққа салып, үйкелеп, ұршықпен иіреді.
Бибіажар шебердің қолдан тоқыған сөмкелері мен гобелендерін Америкаға көрмеге барғанында шетелдіктер талап әкеткен көрінеді. Шеберлік сағатының соңында қолөнер шебері: «Менің үйімде ауылдан да, қаладан да, даладан да келіп, сабақ үйренеді. Келіп, үйренем десеңдер, есігім ашық», - деп жастарға ағынан жарылды.

Жүннен жастық жасады

Жұпар Бейсенова Амангелдіқызы Қазақстан Суретшілер, Шеберлер одағының мүшесі, ұлттық нақышта түрлі бұйымдар шебері, қолөнерші.
Алғашқы еңбек жолын өзі түлеп ұшқан Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде оқытушы қызметінен бастаған. 1993-2014 жылдар аралығында осы колледждің көркем-тоқыма бөлімінде тапжылмай 21 жыл оқытушы қызметін абыроймен атқарып, студенттерге тоқыма өнерінің қыр-сырын үйретіп, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнеріміздің нәрін сіңдірді. Жұпар Амангелдіқызы 2015 жылдан бастап Түркістан қаласындағы балалар қолөнер мектебінде оқытушы қызметін атқарып келеді. Бүгінде мектеп оқушыларына тоқыма өнерін, гобелен тоқуды, жалпы ұлттық қолөнердің барлық түрлерін үйретуде.
Қолөнершінің жүннен тоқылып, тігілген қазақы нақыштағы бешпент, байпақтары, оялы кілемдері, т.б. келушілердің назарын аудармай қоймады. Ал киіз басу өнерінен жаңа технология бойынша көрсеткен шеберлік сағатында меринос қойының жүнінен көпшіліктің көз алдында мойын жастығын жасады. Жұпар Амангелдіқызы дәл осы қауын жастықпен 2010 жылы ЮНЕСКО қолөнершілерінің көрмесінде «Сапа» белгісін алған екен. Қауынды таңдап алу себебі, өңірімізде қауынның көп өсетіндігімен байланыстырды.
Киіз басу, алаша тоқу сияқты дәстүрлі технологияны әжелерімізден
жақсы меңгергенмін. Ал жаңа технология бойынша ұсақ-түйек бұйымдарды жасаумен айналысамын. Жүннен аксессуар, сувенирлік бұйымдар, киім-кешек, аяқ-киім тігемін. Бұрын ата-бабаларымыз тек қана сырмақ, текемет, киіз, ши тоқыса, қазір түрлі кішігірім бұйымдар жасауға болады, - деді шебер.

Түскиіз тоқып көрсетті

Біз Түркіменстанға қарап таңдай қағып жүрсек, түркіменстандықтар біздің Бейсбековтер отбасына тәң беріп қарап, таңданып жүр деседі. Болат Бейісбеков халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері. Ол жасаған бұйымдар бүгінде Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттерінің көрме орталықтарында кеңінен танылып жүр.
Болат Бейісбековтің үйіндегі жеті жан қазақтың қолөнерін кәсіп қылып, көпшілікке дәріптеуде. Кілең суретшілер жиналған отбасында  түскиіз тоқиды, сурет салады, ер-тұрман соғады. Шеберлердің ұшқыр қиялынан туындаған әрбір дүниеде қазақ халқының тың тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы үйлесім тапқан. Мәселен, қыз-келіншектер  шеберханада ұмыт бола бастаған  киіз басу  мен алаша тоқуды дамытуда.  Жүннен жіп иіріп, кілем тоқиды. Үйренгісі келетіндерге қазақтың шашағын жасап көрсетеді. Ол үшін арнайы курстар ұйымдастырылады екен. Тұңғиықта қалып қойған шашақты дүниелерді суырып алып, қазіргі заман талабына сай етіп жасап шығаруда. Сондай-ақ киіз басып, киім шығарады. Табиғи өнімнен жасалған сырт киімдер мен үйде киетін аяқ киімдерге де сұраныс артып отыр.
Тері, киіз, гобелен, керамика, осының бәрін отбасымызбен игеріп
отырмыз. Өз елімізде, тіпті Ресейден, шетелден келіп үйреніп жатыр. Қазақтың қолөнері қалып кетпесін, кейінгі жастар үйренсін деген ниетіміз бар, - деді Күләш Айдарбекова. Қызығушылық танытушылар бар болса, шеберлер «қаржы жағын келісеміз» деп отыр.

Талбезерлікті кәсіп еткен

Қолданбалы ағаш шебері, атбегі – Мұхтархан Атахан ағаштан түрлі-түрлі бұйымдар жасап шығаруда. Сувенирлік бұйымдар, ағаш ыдыс-аяқтан бастап ер-тұрманға дейін жасайтын шебер жан-жақты. «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер жеткілікті» демекші, атқа мініп, көкпар шауып жүрген ағамыз бүгінде бірыңғай қолөнершілікке ден қойған.
Бабаларымыз ағаштан бұйым жасайтын шеберді талбезер деп
атаған. Мен осы талбезерлікті кәсіп еттім. Ең бай, ең құнарлы өнер – қазақ өнері. Шетелдің алба-жұлбасына қызығудың қажеті жоқ. Мәселен, бесіктің түбегі пен шүмегі – Еуропа унитазының атасы. Барлығын байыптаған бабаларымыз баланың тісі шығып, аузынан суы аға бастағанда ағаш қасық беріп, оны тістетіп, нәрестеге оңтайлы жолын қарастырған. Асты да ағаш астаумен ішкен. Себебі, ағаш табақ, қасықпен ішкен адамның аузы күймейді, - деді көрмеде сөз алған қолданбалы өнер шебері.
Бұлардан бөлек, Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінің бұрышында қос ішекті домбыра, торсық, күміс пен мыстан құйылған бұйымдар, гобеленді картиналардың бәрі студенттердің қолынан шыққан.
«Жеңіл өнеркәсіп колледжі» МКҚК, М.Сапарбаев атындағы институтының «Парасат» колледжінің, №90 жалпы орта мектептің кестелеп тігілген, өрнектеп безендірілген бұйымдары да көз жауын алады. Бұл бұйымдар – жәдігер емес, қолдануға жарамды дүниелер. Дорба, масатыдан құрақталған көрпелер де керемет тартымды. Он саусағынан өнер тамған зергерлер мен шеберлер ағаштан, күмістен жасалған құнды дүниелері мен былғарыдан тігілген бұйымдарын әкелген. Ондағы бұйымдар жұрт сән үшін емес күнделікті қолданысқа тұтынуға болатын сәндік дүниелер. Мәселен, заманауи әмиян, қол дорбалары дәстүрлі оюлармен әспеттеп, таза былғарыдан жасалған.
Атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақтың қолөнері осындай шеберлеріміз барда өлмек емес. Ұлттық қолөнерді бүгінгі күнде заманауи үлгіде жалғастырып жүрген осы өңірдің танымал шеберлері, халықаралық дәрежедегі шеберлер өз кезегінде көрермендерге шеберлік сағатын өткізіп, жастарға өз өнерлерін үйретуден жалықпайтынын жеткізді. «Басты мақсат – жас қолөнершілер мен зергерлердің басын қосып, туындыларын көпшілікке таныстыру болса, халқымыздың ұлттық нақыштарын дәріптейтін мұндай шара жергілікті қолөнершілер мен шеберлерді қолдауға септігін тигізбек», - деп орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Абданбекұлы атап өтті. Осылайша өресі биік, өрісі кең қазақ қолөнері осы күні рухани жаңғыра түсті деп айтсақ, қателеспейміз.

Түйемұрындық

Бүгінде ұмытылған көне дәстүрге деген көзқарас артты. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Арыс ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Саналы ауылының тұрғындарымен бірлесе отырып, «Түйемұрындық» дәстүріне арналған облыстық мәдени іс-шара өткізді. Оның мәні мынада. Келінді қарсы алу – келіншек көшінің алдынан шығып күтіп алу қазақы дәстүрде аса құрметті саналған. Қалыңдық жасауы, қызға берілген дүние-мүлік артылған көш қыз ауылынан шығып, Келін болып түсетін ауылына жақындағанға дейін қыз көші, ауылға жақындай келе келіншек көші деп аталады. Ұзатылып келе жатқан қыздың басына салған сәукелесі мен киімі, мінген аты, күмістелген ер-тоқымы, түйеге артқан жүгі мен жабылған кілемі, басқұрмен шандыған қоршауы т.б. көз тартатын сәнді болады. Келіншек көшінің осындай әдемі көрінісін келін салтанаты деп атайды. Келіншек көшіндегі Келінге тігілетін отаудың шаңырағы жеке түйеге артылып, басқаларынан барынша безендіріліп түйе көш бастап алдында жүреді. Оған адам мінбейді, мұндай сәнді түйені атпен жетелейді. Келіншек көшін бастайтын осындай шаңырақ артылған түйені шаңырақ түйе деп атайды. Келесі бір түйеге Келіннің ең жақын адамдары – қыздың шешесі, жеңгесі, сіңлісі мініп келе жатады. Бұл да шаңырақ түйе деп аталады. Оған бұлардан басқа өзге адам, яки жолшыбай кездескендер мінбейді. Өйткені, ол түйе келін үшін өте ыстық, қасиетті мал болып саналады. Ал қандай да бір себеппен бөгде адам ол түйеге міне қалса, оны көрген жұрт «... пәленше келіннің шаңырақ түйесіне мініп келді» деп мазақтаған. Шаңырақ түйе бастаған келіншек көшін жол бойында кездескен ауылдың әйелдері, жастары шаңырақ түйені жетелеп келе жатқан аттың ноқтасынан немесе түйенің жез бұйдасынан ұстап, «түйемұрындық бер» деп кәде сұрайды. Қыз шешесі оларға сыйлық беріп, түйемұрындық кәдесін алғандар жастарға бақыт тілеп, жол болсын айтады.
Ауыл тұрғындарымен өткен бұл дәстүрдің тәлімі мол болды.

Қымызмұрындық

Қымызмұрындық дегеніміз – ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін – қымыз тойы. Қазақ жерінде қымызмұрындық әр түрлі аталады. Жетісу, Батыс Қазақстанда – қымызмұрындық, Сарыарқада –биемұрындық, Шыңжаңда – биебау, Моңғолияда – бие байлар т.с.с., бірақ бәрінің мағынасы бір. Жалпы ұлттық сипаты жағынан қымызмұрындық Наурыз мерекесі мен құрбан айттан бірден-бір кем түспейді.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы осыдан екі жыл бұрын Түлкібас өңіріндегі «Таң нұры» демалыс аймағында «Қымызмұрындық» этнофестивалін өткізген болатын. Ашық аспан аясында нағыз қазақ ауылын көріп, еркіндіктің ерке самалына елітіп, сол кезде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеген-ді. Салтты сақтап, дәстүрді дәріптегісі келетіндер сол жолы фестивальде барын салды.
Иә, қазақ үшін жылқы – қасиетті ұғым. Нағыз қазақ жылқының жанарына қарап тазарған. Оның бал қымызын татып, бабалар рухымен қуаттанған. Қымызды қанына, жылқыны жанына балады. Келешегін де жылқымен байланыстырған. Бүгінде осы игі дәстүр әдемі жалғасын табуда. Соның бір айғағы – Түлкібаста өткен қымыз мерекесіне жиналған ел шат-шадыман болғаны бар. Бабымен қымыз әзірледі. Жанкүйер де қарап қалған жоқ. Ұлттық ойындардан сайысқа түсті. Әншілер ауылдың алты ауызын айтты.
Асық ойнап, тай жарысқа түскен балалар.Үлкендер бапты қымыздан дәм татып, келелі дүкен құрды. Мешкей жарысы, алтыбақан тепкен жастардың ойын-сауығы дейсіз бе, бәрі осында. Маңғаз басқан бәйбішелер қымыз баптау сырын келіндерге көрсетті. Жігіттер қымыз ішуден сайысқа түсіп, думанның көркін қыздырды. Ойында жеңімпаз атанған Нұржан Тұрлыбеков 16 кесе қымыз ішіп, жұртты таң қалдырған еді. Қысқасы, қымызмұрындық біразға дейін ел есінде қаларлық ерекше мереке болды.
Соңғы сөз орнына. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығын дәстүрді дәріптеп жүрген дәруішке теңер едім. Дәруішке теңегеніміз, бағзыда дәруіштер түркі халықтарына исламды насихаттап, басқа елдермен рухани, мәдени байланыстар орнатуға үлкен үлес қосқан. Бұл орталық та қашан көрсеңіз, салт-дәстүрге қатыстының бәріне де ұйытқы болып, елді рухани жаңғыруға ұйыстырып жүргені. Жоғарыда аталған мекеме ұйымдастырған негізгі-негізгі іс-шараларға ғана тоқталдық. Оның сыртында қаншама ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрге қатысты жиындар өтіп жүргенін, оның бәрін бір мақаланың еншісіне сыйдыра алмайтынымызды да айта кетуіміз керек.
Қаладағы мектеп, балабақша, түрлі мекеме ұжымдары ұлттық бұйымдар мен киім-кешек, ат әбзелдерін, киіз үй керек-жарақтарын, т.б. қажет болса, осы жерден алып, пайдаланады. Ал бұрын ұлттық бұйымды іздеп табу – қиынның қиыны болатын. Біздер, шымкенттіктер, енді осындай дәстүрді дәріптейтін дәруіш, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын ұстыны биік орталығымызбен қалай мақтансақ та жарасады!.. Мақтасақ та!.. Бізге келіңіз!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Пікірлер