Біздің ең басты құндылығымыз – туған тіліміз

249

Қазақ халқы ертеректен өзінің даналығымен,даралығымен,ақылдылығымен,көрегендігімен басқа ұлт- өкілдерінен ерекшеленіп келеді.Көз тартар ғажайып табиғаты,ешкімге ұқсамайтын салт-жоралғысы,қайталанбас ұлттық киімдері мен қонақжайлылығы,мәдениеті әрқашан алыс-жақын елдерді таңдай қақтырып жүргені баршамызға мәлім.Халқымыздың күнделікті тұрмыста қолданған киім-кешегінен бастап,мәдениетіміз,әдебиетіміз,тіпті,ырым-тыйымдарымыздың барлығы-ұлттық құндылықтарымыз болып табылады. “Ұлттық салт-дәстүріміз,тіліміз бен музыкамыз,әдебиетіміз,жоралғыларымыз,бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс”-деп,елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі бұның негізін салып кеткен ата-бабаларымыз болса,ізін одан әрі жалғастырушы-мына біз жастар екенін әрқашан айтып келеді.Осы тұста мен ардақты ата-бабаларымыздың бізге мұра ретінде қалдырып кеткен ұлттық құндылықтардың бірнешеуін азды-кемді тілге тиек етпекпін.
Халқымыз үшін ең маңызды құндылық,әрине,ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ жеріміз,көрсе көз сүйсінер табиғатымыз.Осы қасиетті мекенді қорғап қалу үшін біздің ата-бабаларымыз қаншама қан мен тер төккені баршамызға мәлім.Сонау атам заманғы Керек мен Жәнібектің “Қазақ Хандығын” құрғанынан бастап,қазіргі елбасысыздың “Тәуелсіз Қазақстанына” дейін тұнып жатқан тарих.Баһадүр батырларымыз денесінде қасық қаны тамғанша ақ білегінің қүші,ақ найзасының ұшымен елін,кіндік қаны тамған жерін қалайша қызғыштай қорғады десеңші.
Ғұн патшасы Мөде туралы аңыздың өзі неге татиды.Бір күні көрші елдің елшілері Мөдеге келіп,одан өзінің ең жақсы көретін жылқысын беруді сұрайды.Бұған ақсақалдар кеңесі қорланып,оларды жазалау үшін соғыс бастауды өтінеді.Алайда Мөде: “Көрші отырған адамдардан бір ғана атты аяудың қажеті не?”-деп,өзінің сүйікті атын беруді бұйырады.Біраз уақыт өткеннен кейін елшілер қайта келіп,патшалықтағы ең сұлу әйелді–Мөденің әйелін беруді талап етеді.Мөде әйелін де беріп жібереді.Көршілері үшінші ретте шекараның біраз жерін беру талабын қояды.Ол мал жаюға қолайсыз және ешкім тұрмайтын,шағын ғана бос жатқан жер еді.Ақсақалдар кеңесі бұндай қолайсыз бір тұтам жер үшін араздасудың қажеті жоқ шығар деп шешіп: “Беруге де, бермеуге де болады” десті.Ал Мөде болса өз қаһарына мініп: “Жер дегеніміз–мемлекеттің негізі,оны қалай береміз?”-деп,әскерін жинап,оларды талқандап,көршілерінің аумағын өздеріне қосып алады.Дәл осы аңыз арқылы менің айтпағым,мейлі,көлемі жағынан жер-жүзін толық қамтитын ұлан-ғайыр жер болсын,мейлі,ұлтарақтай ғана бір елді-мекен болсын,аталарымыз осы киелі жерді жан ұшыра қызғыштай қорғады.Себебі олар елін,жерін қорғау–аса маңызды да абыройлы міндет екенін жақсы түсінді.Осындай арыстан жүректі қаһармандарымыздың арқасында Ұлы даланың қасиетті топырағында Әл-Фараби мен Абай,Шоқан мен Ыбырай,Әз-Тәуке мен Абылай сынды көптеген ұлы тұлғалар дүние есігін ашты.
Бабаларымыздың ата-қонысын қандыауыз жаулардар азат еткенінің арқасында қазақ халқы ұлт болып қалыптасты.Сәйкесінше,мәдениетіміз пайда болды.Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда еліміз көшпелілердің салтына біртіндеп сіңседі.Ұлы дала көші–қазақ халқының рухани мұрасы.Жазда жайлауға,қыста қыстауға көшу –халқымыздың табиғат пен адам арасындағы байланыспен қатар,мал-жанды асырап бағу үшін де пайдаланылғанының бір ғана көрінісі.Кең байтақ далада емін-еркін көшіп жүрген көш үшін ең маңыздысы – жанға жайлы,малға қолайлы жерді іздеп табу.Олар жыл бойы көшкен уақыт аралығында белес-белес асуларды,ойпат-ойпат жертердің қайда орналасқандарын анық біліп,жұмбаққа толы табиғатқа көздері тоймай,шабыттары ашылып сезімдері мен жүректерін тебіренткен жыр шырқайды.Дәл осы көркемдігі жоғары өлеңдерінің арқасында адамның өзінің туған еліне деген аса бір қуатты махаббат пайда болады.
Өткен тарихымызды қайта қарап,оның терең қойнауын ақтарып,түсіне білу – адамды отансүйгіштікке үйретеді.Мысалы,археологтардың тынбай ізденулерінің арқасында қазақтың кең-байтақ өлкесінен сан алуан мәдени ошақтары болғанын көреміз.Ежелгі адамдардың көздің жауын алатын неше түрлі зергерлік бұйымдары, “Аң стилінің” негізінде безендірілген қару-жарақтары талайларды тамсандырды. Жалпы, “Аң стилі”–ежелгі адамдардың жарқын көрінісі,болмысы мен рухани байлығы.Түрлі жыртқыш аңдар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың ежелден тығыз байланыта болғанын дәлелдейді.
Осы тұста Есік қорғанынан табылған “Алтын Адамды” тілге тиек етпеу мен үшін үлкен сын.1969 жылы алтынмен апталып,күміспен күптелген сақ ханзадасы талай тылсым құпияның бетін ашып,әлемдегі біраз елдерді таңдай қақтыртып,олардың бізге қызыға да,қызғана да қарауына себепші болды.Бұл туралы елбасымыз өзінің “Ұлы даланың жеті қыры” атты кезекті мақаласында: “Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып,әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық”,-деп,жоғары баға берген болатын. “Алтын Адамның” арқасында ежелгі көшпелілердің зергерлік бұйымдардын он саусағынан бал тамған шебер ұсталар асқан шеберлікпен жасағандарын анық байқауға болады.Төрт мыңнан астам алтын мен бағалы тастардан жасалған зергерлік бұйымдар,сауыт-сайман,алтын жалатылған жебе сынды таңқалдырарлық өнер туындылары көптеп кездеседі.Бұл жауынгер халқымыздың мәдени әрі рухани жағынан тарихымыздың бай болғанының бірден-бір кепілі. “Алтын Адам” тек құнды археологиялық олжа ғана емес,ата-бабамыздың жоғарғы мәдениетінің алтын тұғыры.
Ұлттық мәдениетіміздің әсерінен халқымыздың өзіндік болмысы құралды.Тұтастай алғанда, қазақтардың болмысы – дүниетанымында,тәлім-тәрбиелік даналығында,сөз өнерінде,соның ішінде аңыз-әңгімелері мен қисса-дастандарда,ертегі,мақал-мәтелдерде жатыр. “Ел болам десең бесігіңді түзе”,- демекші,ең алғаш балаларды отансүйгіштікке,патреотизмге тәрбиелейтін,сөзсіз,аяулы анасы,асқар тау әкесі.Буыны қатып үлгермеген жас балаға өзінен жасы үлкен кісіні сыйлауды әрқашан құлағына құйып отырған.Сыйластықтың ең алғашқы белгісі–амандық-саулық сұрасу. “Сәлем–сөздің анасы”-деген мақалдан-ақ дана халқымыз жас ұрпаққа сәлемдесудің ерекше құрмет пен ілтипаттың белгісі екенін жақсы түсіндірген.Адамдар бір-бірімен алғаш кездескен-ақ болашақта олардың араларында қандай қарым-қатынастың орнайтытын жөн сұрасудан байқауға болады.Кездескенде бейтаныс адамның жүзінен шуақ шашып,жайдары қөңілмен қүлімсіреп сәлем беру немесе,керісінше,жүрдім-бардым бас изеп өте шығу – сол адамның қандай отбасында тәрбие алғанының айқын көрінісі іспетті.Алыстан ат терлетіп келе жатқан құдайы қонақтың аяңдаған дыбысын естіп,елеңдеген баладан еңкейген қартқа дейін сыйлап,төре тұрып төр берген,қожа тұрып жол берген жаны жайсаң қонақжай халқымыздың ыстық ілтипаты–ізгіліктің ең жоғарғы шыңы,дәстүріміздің ең биік тұғыры.
Қазақ ең жақсы тамағын,сусынын қонақ келіп қалғанда ғана дастархан басына қойған,тәуір қөрпесін де соған төсеп,соған жайған.Негізінен,қонақжайлылық–қазақтың қанына ананың ақ сүтімен дарыған, қазақ ұлтына ғана тән асыл қасиет.Меймандос халқымыздың бойындағы жомарттық пен кеңпейілдікті дәл осы дәстүрден айқын байқауға болады.Ұлтымыздың салт-дәстүрі бойынша үйге беттеп келе жатқан жолаушыны байқаған үй иесі бірден алдынан күтіп алуға шығып,шаңырағына жылы жүзімен ертіп кіргізіп,бар ықыласын құтты қонаққа арнаған.Сол заманнан қазіргі заманға дейін бұл үрдіс ұмыт қалған жоқ,әрине.Аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл халқымыз дастархан мәдениетіне де айрықша мән берген.Астың атасы нанды дастарқанның ортасына қойып,қымыз-қымыранын,етін үстел үстіне қойған,сыйлы қонаққа қойдың басын берген.Дастархан үстінде түрған ыдысқа да үлкен мән берген.Оларды әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген.Адамдар ас ішіп отырғанда өсек айтуға,біреуді балағаттауға немесе ұрысуға тыйым салынған.Өз басым,бұның барлығы ата-дәстүріміздің ізгіліктің қайнар көзіне айналуы деп білемін. Қонақты құдайындай қүту әлі күнге дейін әр шаңырақтың парызы. Т.Молдағалиева өзінің бір шығармасында: “Қонақжайлылықтың мәні–қара су болса да бар пейіліңмен беру”,-деген екен.Себебі қонақты дұрыс күтпеген адамдарды ауыл тұрғындары да қатты сынайтын болған.Сараң адамдардың өздері қонақты босағада тұрғызып қоймаған. “Қазақта кел демек бар да, кет демек жоқ”,-сынды мақал осыған саяды.Бұған қоса: “Қонақ келсе–құт”,“Қонақ келсе қой егіз табады” деген мақалдар қазақтың ежелден бері қонақжай халық екендігінің бірден-бір дәлелі.
Жасыратыны жоқ,салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен таралып жүргендерімен қоса ұмыт қалып бара жатқандары да бар.Әсіресе,жастар біле бермейтін дәстүрлеріміз жетерлік.Соның ішінде жарысқазан,ұрын келу,аунату,қыз қашар секілді дәстүрлеріміз әрқашан игі мақсатта қолданғанына қарамастан қазіргі таңда ел жадында сақталған жоқ.Менің ойымша,ескіден қалған дәстүр өзгеріске заман ағымына ұшырамастан қайта қолданысқа енуі қажет.Себебі халқымыздың әрбір дәстүрі өзінің мән-мағынасымен,тәрбиелік мәнімен кұнды.Мұстафа Шоқай: “Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды”,-деген сөздері еріксіз еске оралады.
Біздің ұлттық ерекшелігіміздің бірі,әрі бірегейі –“Жеті қазынамыз”.қазақ қашанда жеті санын киелі тұтқан. “Жеті қазына” , “Жеті ата”,“Жеті шелпек” “Жеті керемет” деп басталатын даналықтың алтын діңгегі әдебиетіміз бен мәдениетімізде жетерлік.Бұл “жеті” санының қасиеттілігін одан сайын айқындап көрсетеді. “Жеті қазынаға” негізінен: жүйрік ат,қыран бүркіт,құмай тазы,берен мылтық,қанды ауыз қақпан,майланғыш ау және өткір кездік кірген. Көкірегі ояу,көзі ашық халықтың ғасырлар бойы құдіретті даналықты ой-толғамдарын таныта білген осы бір құндылықтың өзі де ұлтымыздың тамаша танымың бір биігі осы “Жеті қазына” болғандығын айғақтайды. Данышпан ата-бабаларымыздың “Жеті қазынасы” бүкіл адамзаттың ортақ кереметі деп білемін.
Сонымен,біздің ең басты құндылығымыз – Туған тіліміз. Ана тілі біздің анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ең ерекше,ең керемет,ең мінсіз тіл.Ана тіліміздің қасиеттілігі,құндылығы соншалық,тіпті,оған әлемдегі барлық байлық-қазынаның құны оның шаңына да ілеспейді.Қазақ тілі- сөздік қорымен,сөздердің көрнектілігімен ерекшеленеді.Оған қоса,қазақ тілі-ежелден бергі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан әлемдегі бірден-бір тіл.Қазақтың ұлы ойшылы,философы,тарихшысы және де қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы,ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мына бір ауыз қанатты сөзі менің осыған дейінгі жоғарыда айтылған сөздерімнің бос сөз еместігін дәлелдейді.Ол: «Әлемдегі ең қасиетті тіл-араб тілі,содан кейін түрік тілі,ал түрік тілінің ішіндегі гауһары-қазақ тілі» деген екен.Бұл қанатты сөздермен келіспейтін қазақ жоқ . Мағжан атамыз «Мен жастарға сенемін!» деп ұрандатып кетті емес пе?!Ендеше,біз, бүгінгі жастар атамыздың қанатты сөздерін тасада қалдырмай,сенімін міндетті түрде ақтаймыз!Сондықтан да, өз ана тілімізді құрмет тұтайық,мақтаныш етейік! Біздің ата-бабамыз осы күнге дейін қазақ тілін,біздің «ана тіліміздің» нақышын бұзбай,дәл сол қалпында бізге жеткізді.Біздің ендігі міндентіміз,азаматтық борышымыз,осы бізге қалдырған ардақты да асыл мұрамыздың ұлттық нақышын бұзбай,келешек ұрпаққа «ең құнды мирас» етіп қалдыру!
Біз асылдың ұрпағы ретінде ұлттық құндылықтарымызды сақтап,келешектің атар таңы етіп,келесі ұрпаққа аманат етуіміз керек.Соның ішінде тілімізді,дінімізді,ділімізді,қасиетті жерімізді жүрегімізбен сезініп,тұмар қылып тағынамыз!Бір уыс топырақтың өзін тұмар қылып тағынған ата-бабаларымыздың даналығы мен даралығын,тәрбиесін сақтай білуіміз керек!

Алтынай БАЙДУЛЛАЕВА

Пікірлер