Экономиканың көтерілуі тіл мен мәдениетке байланысты

142

 

Мысалы, «қайың» сөзін айтқанда қандай ассоциация пайда болады? Сенде қандай ой пайда болды «қайың» дегенді естігенде?
— М. Мақатаевтың «Жапырақ жүрек жас қайыңы» есіме түседі.
— Қайың десе, маған «жалғыздық» елестейді. «Берік, мықты ағаш» елестейді. Бірақ «әйел» деген ассоциация туындамайды. Ал орыс ұлтына «березка» десең, олардың санасында еріксіз «нәзік әйел» деген ассоциация туады. Мысалы, мен Ботагөз десем, қазақтар көзі мөлдіреген сұлу қызды елестетеді. Ал орысқа барып «верблюжья глаза» десем, өлсе де сұлу қызды елестетпейді. Орысқа «зеленоглазая» десем, көз алдына әдемі қыздың бейнесі көлбеңдейді. Ал қазаққа «көк көз қыз» десем, сұлу қызды елестетпейді ғой. Көзі тұздай екен деп жақтырмайды. Бұл — тілдің құдіреті. Тіл дегеніміз анаңның жатыры секілді. Сен содан қорек аласың. Сен сол қорекпен дүниені танисың. Мұны лингвистикада жүйелі түрде бірінші зерттеген немістің ғалымы Гумбольт айтқан. Сонан кейін оның шәкірттері Л.Вайсгерберлер айтқан. Олар: «біз өз тағдырымызбен өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде олай емес. Біз қай тілдік қауымдастыққа қарасақ, сол тілдік қауымдастықта сөйлейтін тіл бар, сол тілдің өзіндік тағдыры бар, біз сол тағдырдың ішінде жүрміз. Бізді қайда апаратынын білмейміз» дейді. Міне, осындай зерттеулерден кейін немістердің экономикасы да көтеріліп, лингвоэкономика деген ғылым саласы да Германияда жақсы дамығаны белгілі. Себебі бұл зерттеулер жемісін берді, тіл арқылы Отанды сүюді үйреткен соң, экономикасы да көтерілген. Егер біз де әлемге танылып, экономикамызды көтереміз десек, басқа тілмен, басқа мәдениетпен ешқайда бара алмайтынымызды түсінуіміз керек. Сен өз тіліңмен, өз мәдениетіңмен ғана көрінесің. Мысалы, қазақ тілінде ақпарат аз, ал орыс тілінде ақпарат көп деп, орыстілді болып кеттім делік. Баламды да орыс мектебіне бердім делік. Сонда мен кіммін? Мен өз анамның жатырынан кетіп қалған адаммын. Өзгенің мәдениетіне жол тартқан адаммын. Мен орыстың мәдени кеңістігіне өзіндей боп сіңе алмаймын, олар мені қабылдамайды. Қабылдаса да, мен оның перифериясында жүрем.
Қабылдаса да, мен оның перифериясында жүрем. Иванға мен керек емеспін ғой. Оның өзінің мың Иваны бар. Джонға да керек емеспін, оның да өзінің мың Джоны бар. Мен олардан суырылып шығып алға шықсам да, жалғызбын. Мәселен, АҚШ-та жан-жақтан келген түрлі ұлт ғалымдары көп. Ғылымды дамытады, бірақ олардың еңбегі өз ұлтының мәдениетін емес, ағылшынтілді кеңістіктің мәдениетін дамытады. Өздері сол мәдени кеңістіктің өкілі болады. Сол кеңістікке қызмет етеді. Сөйтіп, өз этнотілдік қауымынан ажырайды. Тіпті солай болған күнде де, ол комфортта өмір сүреді, көлігі, үйі, жан рақатына қажеттің бәрі болады. Шетелдің бір дамыған, жайлы қаласында тұрады, тұрмысында бәрі жақсы болады, бірақ ол өз мәдени кеңістігіне ғана тән ғажайып құндылықтарынан айырылады. Сол жағынан қарап отырсақ, қазақ тіліндегі, қазақ тілі арқылы дәріптелетін басты құндылық адамсүйгіштік екен. Қазақ мәдениеті — адамсүйгіш, өмірсүйгіш мәдениет. Өзің көз алдыңа елестетші, сен адамсүйгіштігіңнен айырылып қалдың. Ондай өмір саған керек пе? Қазір саған адамды сүю, өмірді сүю керек емес шығар, бірақ жайлы өмірді аңсап жүріп, жалғыз қалғанда түсінесің осының бәрі бекер болғанын деп ойлаймын. Кез келген тілдің өзіндік артықшылығы, адамға беретін қасиеті болады. Ол тілден кеттің бе, Ұлы программаны бұзасың. Міне, тілдің генетикалық коды осында деп ойлаймын. Оны бұзсаң, тағдырың да өзгереді. Қазақ тілін дамытқымыз келсе, біз өз тілімізді жақсы көруіміз керек те, оны жақсартуға жұмыс жасауымыз керек. Мына жақтағы тіл жақсы екен, одан көп нәрсе үйренуге болады екен деп ана тілінен қол үзіп кетіп қалсақ, онда бұл әлсіздігіміздің белгісі.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты

директорының орынбасары Анар Фазылжан

Пікірлер