Жүкті әйелдер неге сыраға, темекі тұқылына жерік?

169

Қазақ халқында екі қабат, жүкті әйел бойына бала біткен күннен бастап немесе жүктіліктің алғашқы айларында әйтеуір белгілі бір тағамға жерік болады. Жерік болу - бұл әрбір ананың еркіндегі іс емес, табиғаттың әйел перзентіне берген ерекше бір құбылысы. Кейбір ана аң –құсқа, тіпті түздегі жыртқыш аң етіне, аю еті, бөрі еттеріне де жерік болған. Ал кейбір аналар тәтті нәрселерге, кей ана ащы бұрыш, ащы тұзды қиярға жерік болса, кей аналар тұзға нан батырып та, жеп жерігін басады. Топырақ, күл, көмір, әк, кермек дәмді ұсақ заттарға жеріктік құмары артатын жүкті әйелдер де бар.
Кейде заманына қарай амалы деп соңғы уақыттарда жерік әйелдер ұйқыға, тіпті айтар ауызға, еститін құлаққа жат сыраға, темекі тұқылына, тіпті қай- қайдағы қол жетпес, күтпеген нәрселерге де, өзге ұлт тағамдарына да, ( самса, сущи, корей салатына, KFC) жерік болғандарын естіп жүрміз. Бір қызығы кейде көршінің немесе өзге үйдің дастарқанынан дәм тартып, сүйікті жерік тамағын іздеп кететіндер де бар.
Жеріктіктің қызығы да, қиыны да сол екі қабат әйел сол жерік асын жеп, көңілі қоншымай, жерігі басылмай, аңсары ауып, ұйқысы қашып, күндіз- түні көксейді. Ойы ауып, мінезі өзгеріп, тұрақтылық таба алмайды. Жерік асын қарны тойып жесе, сонда жерігі қанып, көксігі, аңсары басылып, тіпті кейбірі отырған орнында ұйықтап та кетеді екен. Жерігі басылып, көңілі көңшіп, жай табады, бой жазады.
Жерік асы жай ас емес. Жерік асы - тумысынан мінезді қалыптастыратын ең негізгі қозғаушы күштің бірі. Бойға біткен баланың пішімін, жан мен тәнін, адам бойындағы қасиеттерді ана құрсағы арқылы балаға дарытып, екі қабат әйелдің жерігін, «көксігін» қандыратын астың бірі.
Қазақ келінінің жеріктігін сезген енесі, абысын – ажыны, тума – туыстары жерік асын қайдан болса да тауып, жерігін басуға асығады. Өйткені, жадымызға сіңген тәрбие, естіген, көрген, оқыған әңгіме, дастандардағыдай жеріктіктің құдіреттілігін қасқырдың төс етіне, жолбарыстың, қабыланның, аюдың жүрегіне жерік болып, жерігін қандырған аналардан туған алып тұлға батырлар мен ақылды, тауып сөйлер шешендердің де болғандын біле тұра әйелдің жерігіне бей-жай қарауға болмайтынын әр қазақ біледі.
Ырымға сеніп өскен қазақ баласы екеніміз рас. Әйелдің жеген жерік асына қарай туылған баласының мінезі де соған тартады деп сенген.Бұрындары аю етіне жерік болса, мінезі сабырлы, сөзі сараң, елге арамдығы жоқ, бірақ, ашу келсе оңдырмайды деп жатады. Жалпы атам қазақ жоғарыда аталған түздегі аңдар мен үй жануарларының етіне жерік болған анадан туған бала мінезін туралап, ырымдап отырған.
Менің естуімше, ең қиыны, неге жерік болғанын білмеген жүкті әйелді «итжерік» деп атаған екен. Кей жерлерде сондай «итжерік» болған жүкті әйелдерге ырымдап ит табаққа, тамақ салып береді екен. Бұл кейін баланың аузынан үнемі сілекей ағып тұрмас үшін деп ырымдаған. Әйелдің жеріктігін байқаған адамдар жерік асын тауып беріп, жерігін қандырып, сауап іс жасадық, -деп қуанып жатады.

Бақытын баладан табатын қазақ халқы баланың болашағы үшін жүкті әйелге бойына бала біткен күннен бастап, дүниеге келгенге дейін тағылымы мол өсиет пен ырымдардың жөн - жорығын көрсеткен. Жерік асын жеп, жерігі қанған әйелден туған бала толыққанды, тәлім мен тәрбиені бойға жиған, ата - тегін білетін тұлға болып туылуына жерік астың да бірден - бір көмегі болатынына жебеу болайық - дегім келеді.

№ 182 мектеп мұғалімі,

Айгүл САДЫРҒАЛИҚЫЗЫ

Пікірлер