Нан бағасы доллар ізімен..

256

«Кесапат осы күнгі болып жатқан
Қарғысым қалың елді менің атқан,
Қашанда ұрмас тегін кепиетім,-
Әу бастан бекер елге сенім артқам?!»,- деп Ғафу Қайырбековтің бір өлеңінде қазақтың қасиетті қара нанына тіл бітіп, ренішін білдірген.
Иә, нан қолды-аяқты болғанда баяғыда-ақ, астықты ел Қазақстаннан алды-артына қарамай зытар еді.  Неге дейсіз бе?! Демесеңізде айтайын. Ас атасының қазаққа деген өкпесі қара қазандай.
Осыған орай, жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев: «Нан мен көмір бағасы бақылауымда болады» деп мәлімдеген еді.  Бірақ сол мәлімдемеден кейін-ақ, көмір бағасын қайдам,  нан бағасы қымбаттай жөнелді. Тіптен Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін "бәзбіреулер"  қымбатшылықты әдейі енгізді ме деп те ойланып қаласың.

Бұған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров: «Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі белсенді қолданылып келеді. Қазіргі уақытта 3,1 млрд. көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады», - деп нан бағасы болашақта қалыпқа келуі мүмкін екенін алға тартқан еді. Бірақ Тоқаевтың тапсырмасына 10 шақты күн болып қалса да, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің сөзі әлі нәтиже берген жоқ. Баяғы сол удай баға, зар еңіреген халық...

"Удай баға" демекші, қымбатшылық Қазақстанның бас қалаларына ғана әсер етпеген секілді.  Қалған өңірлерде ас атасы аспандап тұр. "Тұрақты түрде 70 теңгені ұстап тұрады" деген нан бағасы Павлодарда 110 теңге, Талдықорғанда 95 теңге, Шығыста- 92 теңге, Ақтөбеде - 87 теңге, Жамбыл облысында - 85 теңгеге көтерілді де қалды. Дүкендегі сатушылар нан бағасы "140-қа дейін барады" деп болжауда. Бәрі бірдей бақсының құмалағындай бытырап, нан бағасын шарықтатқанда Тоқаев бұны "Бағаны делдалдар қолдан өсіріп отыр»,- деп түсіндіргендей болды. Ал экономика министрлігінің бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті: «Нан өндірушілер мен тауар өткізушілерге 20 рет ескерту де жасалды», - деді.
Хош делік, бір нанның бағасы 100 теңгенің ар жақ, бер жағында айналып жүргенде бір қап ұнның көтерме саудадағы бағасы 6500 - ден 8700- теңгеге дейін өскен. Ал былтырғы желтоқсан айының көрсеткіші 3800 теңгеден әрі аспайтын еді. Сонда бір жылда 3 есе қымбатшылыққа ұрынып отырмыз.  Нан қымбаттаған соң сәйкесінше макарон, тоқаш, бәліш секілді ұн өнімдерінің де бағасы да арта түскен. Оған дәлел статистика комитетінің хабарлауы.  Бір айда арпа жармасы – 2,2%-ға, ұн – 2,1%-ға, ұнтақ жармасы — 1,6%-ға, макарон — 1,2%-ға өскен.

Марс Сейдімбаев: "Нан бағасы дүкендерде 75 теңге болғанымен, тұрақтандыру қорының көмегімен әлеуметтік дүңгіршектер, коммуналдық базарлар мен ірі сауда орындары арқылы төмен бағамен сатылатын болады", деп қалған өңірлерді қайдам, Таразда баға тұрақталатынын мәлімдеген.

Қысқасы, 200 теңгенің тиынға айналуымен басталған бұл құлдырау, нан  бағасының қымбаттауына әкеп соқтырды. Ары қарай азық-түлік пен ет бағасы да аспандай жөнелді. Әлемдік астық нарығында жетекші орында екенімізді ескерсек, нанды тегін-ақ алуға әбден болар еді. Алайда...

 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер