Секен ТҰРЫСБЕК: Қарық болғаннан күй жазып жүрген жоқпын...

1593

Ол секілді құдіретті күмбірдің жұмбағын шешкен жан жоқтың қасы. Ол секілді халықтың күйзелісін домбыраға түсірген "қасиетті" дарын иесі кемде-кем. Ол секілді қазақтың күйін ең тамаша сөздермен өрнектей алар күйші жоқ.  Ол кешегі дәулескер күйшілер Тәттімбет, Ықыластардың сарқыншағы, бәлкім соңғы тұяғы... "Адырна" ұлттық порталы әсем күйлерімен қазақ елін ғана емес, әлемді тербеп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбекпен жүздесіп, пікірлесіп қайтты.

— Алғашқы сұрақты дәстүрлі сұрақтан бастасақ. Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

— Мен күйдің санына емес, сапасына қарайтын адаммын. Осы уақытқа дейін 14 күй, 20-30 - дай ән жазыппын. Аса көп болмаса да, бар нәрсенің өзін насихаттау оңай дүние емес...
Сондықтан  Астанада 17-18 жыл бойы  өзімнің мемлекеттік камералық "Ақ жауын" оркестріммен бірлесіп, қазақ мәдениеті мен күйлерін шетелге шығып, таныстырып жүрдім. Шығармашылықпен айналысатын адамға Алматы қашанда жайлы ғой. Алматыға қайта аяқ басқаныма 1-2 жыл ғана болды. Алдағы уақытта көктем не жазда "Алматы қазақ әуендерінің эстрадасының" оркестрімен және Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестімен бірге Республика сарайында шығармашылық кешімді өткізбек ойым бар. Сонымен қатар өнер ордасын да ашып жатырмын. Соған орай жақында ғана ұстаздар күніне арнап, үлкен концерт бердім. 6-7 мектептерде кездесу жасадым. Арасынан талантты деген балалрды іріктеп алдым. Енді болашақта балаларды өнерге баулығым келеді.

Асқар Сүлейменовтің "ән шығарушылар аз емес, күй шығарушылар көп емес" деген тәмсілі бар. Сізде күй қалай дүниеге келеді?

— Ішімде "бірдеңе" ұзақ уақыт бойы жұмбақ болып жатады. Кітап оқып жатқанда, табиғатта, яки жақсы бір жанмен жолыққанда күрмеуі шешіледі. Ары қарай сонымен алысамын, күресемін, ізденемін... Бұрынғы дүниеден бөлініп, жарылып кетпесем де өзімше ырғақты сындыруға тырысамын. "Сазды айырар құлақ, сұлулықты айрырар көз" демекші, мен классиканы тыңдағаннан рахат табамын.  Қысқасы, қарық болғаннан күй жазып жүрген жоқпын, қарағым.

— Сіз ешбір диплом, аттестатсыз консерваторияға қабылданған жалғыз күйші екенсіз. Талап қатал шақта оқуға қалай қабылдандыңыз?

— Ол кездері мен Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеде оқып жүрген кезім. Уақыт ұту керек болды. Әрі армия қатарына алып кету деген дүние бар. Армияға барайын десем, бұдан былай домбыраны қолға алмай кетемін бе деп қорықтым. Қолды қайта қалыпқа келтіру үшін орауышпен орайсын, домбыраға ұзақ уақыт бойы икемдейсін.. Қысқасы, машахаты көп. Соны ескерген шығармын. 4-курс бітірген балалар 1-курстың дайындық курсына түсумен ғана шектеліп жатқанда, мен 3-курстан кейін консерваторияға қабылдандым. Профессор Мәлгаждар Әубәкіров,  Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде домбырадан дәріс берген ұстазым Қадыр Досымжанов, 15 жылдай бірге жүрген дирижер, әйгілі күйші композитор Нұрғиса Тілендиев  секілді өнер адамдарынан дәріс алып, ноталарды үйрендім. Бойында жылт еткен дүние болса жерде қалмайды екенсін. Оқыған кітаптар, театрға жиі бару, шығармашылық адамдармен жиі байланыс жасау оқуға түсуіме себепші болды.

—Жарыңызбен қалай танысқан едіңіз?

Семейдегі училищеге 8-сыныптан кейін түстім. Сол кездері жолдасым Нәзихан Насреддинқызы скрипкаға қабылданды. Гитарамен ән айтатын, скрипка, домбыра тартатын өте талантты музыкант болды. Спорттың бірнеше түрімен де айналысты. Жолдасым екеуміз танысып жүргенде театрға, киноға, кітапханаға барамыз. Ерте тұрып саябақта бірге жүгіруші едік... Бір жағынан 2 жыл кейін түскеннен кейін Нәзиханға теория, сольфеджио жағынан қосымша сабақтар қажет болды. Мен барынша жанымды салып көмектесіп жүрдім. 3-курстан кеткеннен кейін бір үйге бір бақсы жетер, осы өнердің соңынан мен түсейін дедім. Ол келісті. Себебі, отбасы-академиядан да биік дүние! Үйленгеннің бастапқы жылдары пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Соған қарамастан үнемі ізденісте едік. Тәубе, қазір бір ұлым, бір қызым, немерелерім бар.

— Сіз күйлеріңізбен адам жанын емдейсіз... Алайда өз жаныңыз ауырып қалмай ма?

— Ондай да болады. Күй болсын, поэзия, әңгіме болсын автордың мінезінен хабар беріп тұрады. Шабыттың үстінде адам не істеп, не қойғанын да білмейді. Кедергі жасаған адамның бәрі жау көрініп, мына дүниеге сыймай кетеді. Өнермен ауыру деген осы емес пе?
Сондықтан М. Әуезов "Қазақ өнеріндегі ең күрделісі, толғаулысы, сырлысы ол - күй өнері" деп айтқандай күй оңайлықпен келетін дүние емес, қарағым. Әйтпесе қатардағы ортаңқол күйшілер күніне қырығын жазбай ма?! Алайда 7 күйді жалпақ жұртқа жеткізе алмай жатып, "70-100 күйді білемін", деп кердеңдейтіндер бар. Жұрт құлағын жауыр етпейтін, тың дүниені өмірге әкелу керек. Бір күйдің өзінде қаншама сыр жатыр. Білемін деген күйдің өзі 2-3 жылдан кейін мүлдем білмеген күй болып шығуы әбден мүмкін...

— Ұлы күйші Секен Тұрысбектің бір күні қалай өтеді?

— Мен бала кезімнен таңғы 5-6-да тұруды әдет қылған адаммын. Тұра салып, қалада жүрейін, далада жүрейін 1 жарым сағат серуендеп, ой қорытып қайтамын. Одан кейін күндегі тіршілік басталады. Таңғы асымды ішемін, домбыраға қол жүргізіп жарты сағаттай отырамын. Теледидар көрмеймін, күнде нақты жоспарлармен жүремін. Жеңгеңмен театрға, киноға барамын...

— Төкпе күйдің тарланы - Құрманғазы, күй өнерінің дарабозы - Дина секілді күйшілер ешқандай консерваториясыз-ақ артында ұлы мұра қалдырып кетті. Ал қазір бізде консерватория да, басқасы да бар. Бірақ сізден кейінгі келе жатқан мықты күйші жоқ...

— Әркім өз деңгейінде тартады. Бірақ қазіргі домбырашыларда расымен, салмақ жоқ. Үстірт, аққан жұлдыздай жақсы сабалаумен ғана шектеледі. Кешегі күйшілерді қарап отырсаңыз, күйінен қарттық, салмақтылық байқалады. Ал жастар жылпылдатып, жеңілдетіп жібереді. Мысалы, маған Төлеген Момбеков «Секен, осы сен «Салтанатты» сахнаға алып шықсаң, сен тартқан күй тіріліп кететін сияқты» деп батасын берген. Міне, ширек ғасырдан бері «Салтанат» күйін жаныма серік етіп келемін. Қазір жас күйшілер Төлегеннің өз нұсқасын емес, менің нұсқамды шертіп жүр. Сондықтан Төлегендікі басқа, менің жүрегімнің қағысы мен соғысы басқа.

— Қазақ елі бойынша ең керемет домбыра сізде болу керек сияқты. Бір домбыраңыздың құны қанша тұрады?

— Страдиваридің скрипкасының ең төменгі құны миллион жарым доллар болғанда, қазақтың домбырасы неге су тегін тұруы тиіс?! Домбырамның құны  100 мың доллар тұрады. Романенконың 3 домбырасы бар еді, біреуі сол бағаға кетіп қалды.

— Мұратхан Шоқан есімді ақын «Бұрқырап шашы күй ойнап отыр бір қазақ, Бетховен сынды тәңірмен тіке ұғысқан» деп сіздің сыртқы болмысыңызға қарап өлең жазған. Расымен, сыртқы келбетіңіз тегін адам емес екеніңізді алыстан-ақ аңғартады. Осындай образ шығармашылық адамдарына ғана тән бе?

— «Суретшілер сақал қоймаса сала алмайды» деген ұғым бар ғой... Алайда менің ұғымымдағы суретші, үнемі жұмыс бөлмесінде жұмысын жаңғыртып, өрнектеп қана отырады. Сапсиған сақалымен айналысып отыратын уақыты жоқ секілді. Бірақ енді жазушы, ақын, әртістің бәрі де сол өзгеше стилде. Күйшіден шаш қойып жүрген мен ғана шығармын (күлді). "Қазақтың маңдайалды күйшісінің шашы неге бұндай?" деп кезінде әбден сынап-мінеп еді. Енді қазір шашымды аламын десем де, "тиіспе" деп шыға келеді. Жұрт мені шашым мен қабағымнан танитын болу керек. Бір күні іс-сапармен өзге қалада жүргенмін. Кездесу барысында өнер төңірегінде сұрақтарыңыз болса ортаға сала отырыңыздар, мен жауап беруге тырысайын дедім. Бір уақытта күйді терлеп-тепшіп тартып, тұрып келе жатсам, бір қария «менің сұрағым бар еді» деді. Айтыңыз, қария деп ем, «балам шашың неге өсіп кеткен?» деп сұрақ қойды. Сосын мен: ақсақал, егер сіздің бір құлағыңыз шолақ болған болса, мүмкін сізде шаш қойған болар ма едіңіз, дедім. «Кешір, айналайын, қайдан білейін» деп ақсақалдың өзі ыңғайсызданып қалды. Қасындағы кемпірі «нең бар оның шашында» деп нұқып отыр екен. Бірақ екі құлақ та бүтін. Әзілдеп айтқаным ғой...

— Жапониялықтар сіздің күйлеріңізді иемденіп алды деген ақпарат естіп едік. Бұл қаншалықты рас?

— Қытайлар теледидардан күнделікті ауа-райына 17-18 жылдан бері «Ақ жауын» күйін пайдаланады екен. Содан 5-6 жыл бұрын Қытайға барып қайттым. Сахнада тұрып «Ақ жауын» күйін тартқанда бүкіл Қытай орнынан тұрды. Әкәу, мыналар күйді қалай түсінеді, домбыраны қайдан біледі, десем, талай жылдан бері күйді құлағына әбден сіңірген екен. Қырдағы қайдағы Қытайдың күйге берген бағасына қарап қайран қаласың?! Енді бір 50 жылдан кейін «біздікі» деп шығудан тайынбайды-ау... Соның жанында біздің қазақтар ауа-райына орыстың, шетелдің әуендерін қойғанша, неге күйді пайдаланбайды осы? Қарапайым ғана дүние ғой. Сөз жоқ, таза әуен, аударманы қажет етпейді. Бірақ баланың да, үлкен-кішінің де бойына сіңетін құдірет.
Одан кейін Жапонияға іс-сапармен барғанымда жапондықтар күй жөнінде екі-ақ ауыз сөзбен «аннотация» беруімді сұрады. Сосын мен күй «Семей-Невада, Херосима Нагасакиге арналған» деп едім, жыламаған ел қалмады. Тағы қайталап ойнауымды сұрады. Тағы қайталап ойнап бердім. Бетін аулақ қылсын әрине, шерден шығатын дүние ғой күй деген. Мен мысалы, көңілденіп отырып, ешқашан күй шығарған емеспін. Іштегі мұң-зарынды ауызша айта алмайсың ғой. Күй иірімдерімен ғана бересің. Әсіресе халық басындағы қайғы жаныңды күйзейді, жүрегіңді ауыртады. Ауылдағылардың қара су, қара нанмен отырғанын көріп көзіме жас келеді. Баяғы Одақтың бір артықшылығы, байы бар, кедейі бар тең дәрежеде еді. Неге қазір ондай емес? Осыған ақыл жетпей ме? Неге осы бәрі жаппай дүние қуалап кеткен? Ертеңгі елдің болашағы бұлыңғыр. Қазір тәлкекте жүргендейміз... Шығатын бір ғана жол бар. Жастар тек білім алу керек. Жан-жақты жетілген тұлғаларымыз ғана батпақтан, мынау лас қоғамнан суырып шыға алады. Ал үлкендер немере, шөберелерінің тәрбиесіне көңіл бөлу керек. "Орта сондай ғой", "солай сөйлей береді ғой" деген сөздер болмау керек. Себебі қазіргі мектептердегі білімнен қайыр жоқ. Балалар да, мұғалімдер де шаршаған. Екі тарап та түк қызықпайды. ЖОО-ның өзінде дәмеленіп отыратын ұстаздар бар. Жаппай қоғам іріп-шіріп барады. Бұл тек біздің ғана емес, бүкіл адамзат баласының басындағы мәселе. Ием бар, қожам бар-ау демейді. Көздегендері тек қана дүние, байлық, алдап-арбау. Жеріңнің астына дейін қазбаны пайдалану. Кезіндегі Одақты таратудың да басты мақсаты сол болды. Мәселен, біздің мықты деген жастарымыздың біразы шет елдерде жүр. Неге? Себебі, дарынсыздар таныспен бір-бір қызметке мініп алған. Сондықтан елден күдер үзіп, болашағының жоқ екеніне көзі жеткеннен кейін амалдың жоқтығынан сыртты паналауда. Міне, жекешеленіп едік, алам деген дүниеміздің бәрі сол отаршыл мемлекетке кетті. Халық түк те көрген жоқ. Әйтпесе, бізде жанып тұрған ұрпақ болатын еді. Халықта қаражаттан қысылмайтын еді.

— Жуырда ғана қабылданған №184 жарлық бойынша барлық құзірет экс-президенттің қолына өтті. Бұған көзқарасыңыз қандай?

— Мен қос президентке де келіспеймін. Бір елде президент пен Елбасының болуы екеуінде де биліктің жоқтығының дәлелі. Президент президент болып өздігінен түк жасай алмайды. Жүйе қате. Ешкімде ерік жоқ. Халық та әбден күдер үзген. Сенім жоқ. Алданып келді, алданып жүр... Бір ғана мысал, Қытайдағы қазақтардың жантүршігерлік жағдайына қыңқ демеу – ешкім емес екенімізді білдіреді. Бұларға бәрібір. Отанын, тілін, ділін, дінін, үнін, өнерін танымайды. Таныса, Димашты Қытайға бармай тұрып танымады ма?! Бүткіл әлем танығаннан кейін барып, қазақтың мойындағанына қарап не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің... Біз саңырау, көрсоқыр, сал, мүгедек, ессіз қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

— Ел ертеңіне сенбейсіз бе?

Сенбеймін. Шаршадым...

— Қазіргі қазақ мәдениетіне берер бағаңыз қандай?

Нөл.

— Неге?
Мәдениет министрлігі өз жұмысын дұрыс атқармады. Болмайтын адамдарды билікке апарды. Оның үлкен қасірет екенін ұқпады. Күлтөбенің басына құрылысшыны әкеп қойса да, таңғалмайтын хәлге жеттік. Бұрын оркестрларға мәдениет министрлігі бюджеттен ақша бөлетін. Соған қарай түрлі туындылар дүниеге келуші еді. Қазір гонорар төленбесе, адамның тың дүние тудыруға құлшынысы болмайды. Содан кейін баяғы күйлерді әлі азық етудеміз. 30-40 жыл бұрынғы жазылғандар әбден жауыр болды. Жаңа нәрсе жоқ. Бұрындары ақындар бір ғана кітап шығарып үй-күйін, бар жағдайын жасап алатын. Эфирге қонаққа барсаң, шыға берісте қолыңа ақшаңды ұстататын. Бірақ қазір өнер адамдары 30 жыл бойы еш гонорарсыз қызмет етіп келеді. Олжас Сүлейменовтың өзі "25 жылда бір гонорар алмаппын" дегенді естігенде жағамды ұстадым. Жазушы, ақын, суретші, журналистердің бәрі бақсының құмалағындай бытырап кетті. Осыдан кейін өнер қалай дамиды? Өнері, мәдениеті, әдебиеті болмаған ел қалай ел болады?
Қазір академияға барсаң "домбыра класынан" сабағын үйреніп шығып келе жатады да, құлаққабынан Европаның музыкасын тыңдайды. Бұндай жастар сөздің, не күйдің парқын білмей қалай адам болады? Ар жағында іліп аларлық дүние жоқ. Бәрі жасанды.
Жақында бір министрдің орынбасары сахнаға шыққалы тұрған жерімнен "4 минуттық күйді 1 жарым минутта орындап шығыңыз" деп ашуыма тиді. Тұрдым да кетіп қалдым. Мәдениетті дамытамыз деп, Нұрғиса туралы фильмді де түсіріп тастады. Бұны Тілендиев көрсе төбелерін оятын еді. Қорыта алмайтын дүниеде нелері бар?

— Сіздің күй тартқаныңызды сырттан бақылағанның өзі ғанибет. Көзіңізді тарс жұмып алып, төгілте жөнелесіз. Ұлы күйші Секен Тұрысбек күй тарту барысында қандай күй кешеді?

— Қажытай Ілиясұлы деген ақын ағам: «Күйдірме, күйдің нарқын елемесең, Мейлі сен кім болсаң да төбелесем!»- дейтін еді...
Біреудің жыбырлап, қозғалып, басқа жаққа қарап отырғанын көргім келмейді. Оның бәрі саусағыма қатты әсер етеді. Мың адамның бірі ғана тыңдаушы. Күйдің ішкі иіріміне, жаныңмен, болмысыңмен берілмесең тыңдағанға жатпайсың. Ал енді қазіргі домбырашыларды жүріп те, жүгіріп те тыңдай беруге болады. Себебі, көп-көрім күйді даңғаза дүниеге айналдырып жатыр. Құрманғазының "Адайын да", Нұрғисаның "Әлқиссасын да" адам тыңдамайтын хәлге жеткізді. Баяғыда Асқар Сүлейменов ағамызға біреу келіп, "баламның күйшілік өнеріне бағаңызды беріңізші" деп көрсетсе, "жақсы сабалайды екен" деп жауап беріпті. Бұның астарында "ән айта алмаған абалайды, домбыра тарта алмаған сабалайды" деген дүние жатыр ғой. Сондықтан күй тартылған ортада тыныш отыру керек, қарағым.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер