Жас кәсіпкер: Компаниямды әлемдегі ең мықты 5 компанияның бірі еткім келеді

168

Айбек Әлмұхаметов – жас кәсіпкер.  24 жаста. Сулеймен Демирел Университетін тәмамдаған. Мамандығы – Information and Computer sciencе. AV Software  IT компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры.

«BAI BOL, QAZAQ» журналы жас кәсіпкерден сұхбат алып, оқырман назарына ұсынып отыр. 

 

– Айбек мырза, әңгімемізді бизнеске келуіңізден бастасақ. Бизнеске қалай келдіңіз?

–  2014 жылы бизнеске алғашқы қадамымды жасадым. Ол кезде Сүлеймен Демирел университетінің екінші курс студенті едім. Біз үш жігіт бірігіп, бизнеспен айналыспақ болып, қазіргі IT компаниямызды құрдық. Алғашқы капиталымыз 500 мың теңгенің айналасында ғана болды. Компания құру идеясы туғаннан кейін біз қарап отырмай бірден іске кірістік. Бұл компанияны үш жігіт бірігіп ашқандықтан да әр жобадан тапқан қаржымызды үшке бөлетін едік. Осылай ақырын-ақырын жұмыс ілгері жүре бастады. Бірақ, компанияны бірге құрған ол жігіттер қазір бөлек кетті. Бірі – Еуропада, екіншісі – Қазақстандағы басқа бір компанияда өнімді жұмыс істеп жатыр. Яғни, қазір AV Software  IT компаниясының иесі мен ғанамын. Барлық меншік өз атымда.

–  Компания құруға не түрткі болды?

–   Басты себеп, өзіміздің алған білімімізді көрсетіп, қолымыздан іс келетінін дәлелдегіміз келді. Яғни, маман ретінде өзіміз ашуды қаладық. Екінші себеп, 2014 жылы «мемлекеттік тендерлерге қатысу үшін компанияның кем дегенде екі жылдық жұмыс өтілі болуы керек» деген заң қабылданды. Біз осы заңды негізге алып, 2014 жылы компания ашсақ, 2016 жылы университет бітірген кезде бірден компания жұмысын бастап кетеміз деген арманымыз болды. Алайда, 2015 жылы ол заңды алып тастады (күлді). Сонда да компания жұмысын жүргізе бердік. Жұмысты сабақпен бірге алып жүру қиын болмады. Себебі, біз ол кезде бұл жұмысқа уақытымыздың тек 20 пайызын арнайтын едік. Яғни, компания  мобильді қосымшалар ғана жасайтын. Себебі 2014 жылы мобильді қосымшаға сұраныс өте жоғары болды. Бір жылдық табысымыз 1 -1.5 миллион  теңге аралығында еді. Бұл екінші курс студенттеріне аз ақша емес секілді.

–   Компания құрғанда әлі жассыздар ғой. Сіздерде ментор, яғни жол көрсетіп көмектескен азаматтар болды ма?  

–  Ментор болды деп айта алмаймын. Компанияны өзіміз ашып, барлық жұмысты өзіміз жүргіздік. Десе де, жалпы көмекті университет көрсетті. Бізге арнайы кабинет берді.  Жиһаздарымызды сатып алып, сол кабинетте отырып жұмысымызды бастадық. Ең алғашқы офисіміз СДУ- дың ішінде болды.  Қазіргі уақытта біз отырған сол бір кеңсе «СДУ технопаркі» деп аталады.

–  Қандай жұмыс бастасаңыз да кедергі болары сөзсіз. Компания ашқаннан кейін қандай қиыншылықтар болды?

–  Бастапқы кезде қиыншылықтар көп болды.  Қазір оның бәрі кішкентай кедергілер сияқты көрінеді. Бірақ сол уақытта бізге қиын болған еді. Компанияның кірісі өскен сайын қиындықтар да көбейе берді. Қазір 2014-2015 жылғы проблемаларымызға қарасам,  ол оп-оңай шешілетін мәселелер сияқты көрінеді. Бірақ, сол уақытта біз үшін үлкен проблема болып есептелді. Мәселен, жоба менеджменттен  (project management) біліміміз таяз болды. Жобаны қалай тапсыру қажет, тесттен қалай өту керектігін білмедік. Бір жобаны үш айда бітіруіміз қажет болса, біз тоғыз ай жасадық. Осындай кедергілер кездесетін. Дегенмен ол кезде студент едік қой. Тәжірибеміз де аз. Бірақ қазіргі уақытта сол кезде үйренгеніміз бізге жақсы көмектесіп жатыр.

–  Компанияларыңыздың құрылғанына бес жылдай уақыт болыпты. Нарыққа шықтық деп ауыз толтырып, сенімді түрде айта аласыздар ма?

–  Әрине. Біздің компанияда бүгінде 30 астам қызметкер жұмыс істейді. Кірісіміз де көп өсті. Стартап компаниялар сияқты проблемаларымыз жоқ. Сондай-ақ, елуден  астам жобаны жасап, қолданысқа бердік. Тіпті, қазір біздің компанияның қол астына қарайтын еншілес компаниялар да бар. Бүгінгі күні Қазақстан бойынша кейбір салаларда  ТОП-1 компания болып есептелеміз. Алайда алдыға үлкен мақсат қойған компания ретінде бізге мұның бәрі аздық етеді. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан нарығында қалып қалмау. Біз қазақстандық компаниялармен бәсекеге түскіміз келмейді. Біз жан-жақты дамып, шетелдің айтулы компаниялармен бәсекелескіміз келеді.  Біздің клиенттер қатарында   «КазАгро», «Самрұқ-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком», Катар мемлекеті  Мәскеудің кейбір компаниялары, Нархоз Университеті, СДУ  және т.б. бар. Бұл клиенттер қатары алдағы уақытта арта түсеріне сенемін.

–  Компанияңыз ІТ саласының қай бағытына басымдық беріп отыр?

–  Біз AI, яғни жасанды интеллект, Machine learning, AR және VR бағыттарына ден  қойып отырмыз. Осы бағытта жасаған бір ғана өнімді айтайын. Мәселен, сіз жаңа біздің компанияның офисіне келдіңіз. Есік ашылмады ғой. Сол уақыт аралығында сіздің есік алдында тұрғаныңызды, түріңізді, не істегеніңізді бәрін түсіріп менің смартфоныма бірден «белгісіз обьект» деген хабарлама келді. Қазіргі камералар жай ғана түсіреді. Ал бұл бағдарлама арқылы сіз үйіңізде болмаған кездерде есігіңіздің алдына кім келгенін, оның не жасағанын сол сәтте біле аласыз.  Мұндай жоба адамдардың қауіпсіздігі үшін керек қой. Біз Қазақстанға осындай тың дүниелерді әкеліп, қолданысқа енгізіп жатырмыз.

–  Компанияның дамуы командаға да байланысты. Жұмысқа адам қабылдағанда не нәрсеге мән бересіз?

–  Қазіргі кезде біздің компанияда жұмыс істеу үшін маман үш этаптан өту керек.  Біріншісі, түйіндемесін жіберіп тест тапсырады. Екінші, осында келіп сол қызметте істейтін маманмен интервью өткізеді. Үшінші этапқа өтсе, тікелей менімен интервью жүргізеді. Біз оның ерік-жігеріне, потенциалына, энергетикасына қараймыз. Біз үшін маманның энергетикасы маңызды. Адам кішкене әлсіздеу болса, қызметке қабылданбайды. Себебі, ондай адам компания жұмысына кедергі келтіреді. Ал бізге керісінше энергиясы мол,  потенциалы бар,  мықты мамандар керек. Бұрын біз адамдарды алып, оқытып, үйрететін едік. Қазір тәжирибесі бар, кәсіби қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға тырысамыз.

–   Құпия болмаса, табыстарыңыз қанша? 

–  Жалпы табыс дегеніңіз ешкімге айтпайтын, құпия болу керек сияқты(күлді). Шамалап айтайын, компанияны шетел нарығына шығаруға жететін қаржымыз бар. Демек, аз ақша емес.

–  IT саласында жұмыс істеудің артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы айтып берсеңіз...

– Артықшылықтары көп. Мысалы, біз IT саласында жұмыс істеудің мынандай ерекше жүйесін жасадық. Біздің қызметкерлер жұмысқа қай уақытта келіп, қай уақытта кететінін өздері (свободный график) біледі. Бірақ  сегіз сағат жұмыс істеуге бәрі міндетті. Сондай-ақ біз белгілі бір тапсырмалар береміз, егер соны орындаған жағдайда ол маман жұмыста байланып отырмай кете беруіне болады.  Жалпы, IT сфера барлық жерде қолданылады. Себебі біздің клиенттер қатарында металургия, химия,  құрылыс, зауыттар мен жай дүкендер де бар. Сен IT сферасында болғаның үшін олардың бизнестерін зерттейсің.  Бизнес процесіне кіресің де, қалай жұмыс істейтінін көресің. Сондықтан да көптеген салалардың қалай жұмыс жүргізетінен  хабарың болады. Осыны бәрі бұл саланың артықшылықтары деп білемін. Ал кемшіліктеріне тоқталсам,  Қазақстанда IT-ды әлі көп адам түсіне қойған жоқ. Бірақ, бұл мәселе бірте-бірте шешіледі деп ойлаймын. Елімізде IT саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұдан басқа бізде (шетелмен салыстырғанда) IT жобалар арзан бағада жасалынады. Кемшін тұстары осылар деп ойлаймын.

–  Болашақтағы жоспарларыңыз қандай? Қазір қандай жобалармен айналысып жатырсыздар?

–  Біз қазір тапсырыстар көп алмаймыз. Алсақ, тек ауқымды жұмыстарды ғана қабылдаймыз.Ұсақ жұмыстардың орнына компанияның ішкі өнімдерін дамытуға басымдық беріп отырмыз. Сондай өз өнімдеріміздің бірінің аты – бет тану алгоритмі (алгоритм распознавание лиц) деп аталады. Бұл – Қазақстандағы алғашқы алгоритм. Адамның бетін 95% дәлдікпен тани алады. Қатты жылдамдықта жұмыс істеу мүмкіндігі бар.  Қазіргі уақытта осыған байланысты көптеген компаниялармен байланысып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жобаның аты Face Recognition деп аталады. Аудармасы «адамның бет-келбетін тану» дегенге келеді. Мәселен, Сіз офистің  алдына келесіз де, белгілі бір аумақты қадағалап тұрған камераның «қарашығына» түсесіз.  Екінші, келбетіне қарап тану алгоритмі іске қосылады да сіздің түріңізді тануға әрекет жасайды. Үшінші,  келбетіңізді танып болғаннан кейін ол сіздің компанияға кім екеніңізді, яғни қызметкер ме я әріптес пе немесе бас директор ма, бәрін анықтап, кім екенімізді білгеннен кейін автоматты түрде есік ашылады. Ал егер компанияға еш қатысы жоқ сырттан келген бөлек адам болсаңыз, есік ашылмайды. Төртіншіден,  офиске сырттан біреу келсе, соны хабарлап телеграмм мессенджеріне хат келеді.  Бұл жобаның артықшылықтары мынандай: алдымен, офисіңіздің қауіпсіздігі арта түседі, сосын қандай да бір іс-әрекет болған кезде ғана видео камера іске қосылып жазып алады, одан кейін сол объектінің фотосын телеграммға жіберіледі. Компанияға келушілер мен қызметкерлердің офиске қашан келгені және кеткен уақыттары фото күйінде көрсетіледі.  Тағы бір айта кетерлігі қызметкерлерлің жұмыс уақытын қадағалай аласыз. Мысалы, мен сағат 10:00-да келсем, сол уақытта барып белгінемін. Камера алдына тұрғанымда екі үш секундта ол менің түріме қарап сканерлеу жасайды да, мені ішке кіргізеді, яғни есік ашылады. Сол мезетте телеграм мессенджеріне хат келеді. Хаттың ішінде менің тегім, есімімім және келген уақытым жазылады. Күнделікті осы жазбалар арқылы айлық статистика жасауға болады. Кім қанша да келді, қаншада  кетті.  Біз осы жүйе арқылы көре аламыз. Мұндай жүйе алдағы уақытта бүкіл мемлекеттік мекемелерде іске қосылуы керек деп ойлаймын.

–  «Тарихи жол» мобильді қосымшасын жасаған едіңіздер. Сол жоба жайында тарқатып айтып берсеңіз...

–  Тарихи жол» мобильді қосымшасына Шығыс Қазақстан облысындағы 42 нысан, Жамбыл облысындағы 20 нысан енгізілді.  Алматы облысындағы 16 объектіні қосу жоспарымызда бар. Аталған объектілердің бәрі дерлік өзінің ерекше тарихымен, көз тартар көрнекілігімен, сәулетімен ерекшеленеді.

Бұл жобаны жасаудағы мақсатымыз – халқымыздың тарихи-мәдени жерлерін жаңғыртып, AR және VR сияқты заманауи технологияларды пайдалану арқылы тарих пен жаңа технологияны біріктіруді көздедік. Бұл қосымшаны  2018 жылы желтоқсан айында Өскемен қаласында өткен Digital East форумында Даниал Ахметовке таныстырған едім. Сол жолы жоба қолдау тауып, іске кірісіп кеттік.

Бұл негізі өте қызықты жоба. Біздің Қазақстанның туризмін дамыту үшін жасаған бүл жобамыз туристердің әртүрлі мәселелерін шешуге көмектеседі. Қазақстанға келген шетелдіктер бұрында гид іздеп қиналатын. Біз олардың гидті іздеп қиналмауы үшін туристердің 5 тілде ақпарат алуына мүмкіндік туғыздық. Олар тарихи жерлер туралы қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілідерінен мәлімет ала алады. Бұдан басқа бұл мобильді қосымшада (АR) функциясы бар. Бұл функция еліміздің тарихында маңызы бар тарихи орындардан керекті мәлімет береді. Онан өзге VR 360° функциясы арқылы біздің елдің азаматтары және шетелдіктер бұл орынға арнайы келмей-ақ танымал, көз тартарлық әдемі жерлерді көруіне жағдай жасалды. Виртуалды көзілдірік арқылы біздің қосымшаны қосып, сол жерді көріп, әлі тарихи орынға бармаса да, барғандай эффекті сезіне алады.

Сонымен қатар біз осы мобильді қосымша арқылы пркладка маршрут деген функцияны да енгіздік. Бұл функциямен өзінің тұрған жерінен бару керек әйгілі жерлерге дейінгі жолды картадан көре алады. Қосымша ішінде тарихи маңызы бар жерлердің сапалы суреттері де салынған. Синхронды аудармашысы және бар. Ол шетелдік қонақ пен біздің елдің тұрғындарының арасындағы диалогты бірден керекті тілге аудару үшін жасалынған қызмет. Мысалы, Сіз қазақша сөйлеп ағылшын тіліне аударма жасай аласыз. Немесе керісінше. Турист ағылшын тілінде сөйлесе, сіз сол сөзін жазып алып өзіңізге қазақ тіліне аударып ала аласыз.

Жаңағы біз цифрландыру жасаған нысандарымызда арнайы тап-тас орнатылады. Ол тас декоротино болып есептеледі. Оның бетінде QR код бар. Бұл кодта сол нысанға қатысты ақпараттар сақталған. Мысалы, Жамбыл ауданындағы Қарахан кесенесіне барсаңыз, сол жердегі тастады QR коды біздің мобилді қосымша арқылы сканерлесеңіз, сізге 5 түрлі тілде AR функциясымен  ақпарат береді. Бұдан басқа аудио мен видео түріндегі мәліметтерді де тамашалай аласыз. Яғни, осының бәрі біздің мобилді қосымшада жиюлы тұр. Сіз тарихи орынға барған кезде біздің осы жобамыз арқылы қасиетті жерді көріп қана қоймай, өзіңізге керекті барлық ақпаратты біле аласыз. Тағы бір артықшылығы бұл жоба интернетсіз, яғни офлайн форматында да жұмыс істей береді.

 

(Толық нұсқасын «BAI BOL, QAZAQ» журналынан оқи аласыз)

Қания Табыс

Пікірлер