"Қобыланды" спектаклі жан жарамды жазды...

381

Кешқұрым жұмыстан қайтып келе жатып, жол бойындағы Мұхтар Әуезов театрының алдынан өте шығамын. Жалт-жұлт етіп өзіне тартады да тұрады. Бірақ тіршілік жар бермей жүргенде, "театрың не осы?!" деп өзімді бір сыбап аламын да, үйіме қарай тайып тұратынмын...
Бүгін театрдың қақ маңдайшасындағы "Қобыланды" деген жазуға көзім түсіп, еріксіз ортаңғы есікке қарай аяндадым. Ондағы бар мақсатым, "Бұрынғының батырлары қандай болған? Қазіргі Қазақстанда қанша Қобыланды қалды? Бүгінгінің жігіттерінен Қобыланды секілді асыл азаматтар шыға ма?"- деген сынды сауалдарға жауап іздеу еді...


Жауабын таптым да. Сонымен, бірге оқиық. Қобыланды-елдің "шіркін-ай, қазақта сондай бір батыр болса ғой" деген шексіз қиялынан туған образ екенін есептесек, қойылым батырдың бейнесін дәлме-дәл бере алған. Әсіресе, бас кейіпкер ел-жұрты үшін тар қапасқа қамалса да, кешірім күтпейтінін көкжалша мәлімдегенде түсіп отырған еңсем көтерілді де қалды. Ол ол ма, қойылым Қобыландынының қайратты да қатал бейнесінен бөлек, сыртқы түр-тұлғасын да батыр ғана қылмай, сырбаз, сымбатты азамат ретінде көрсеткен. Киім-киісі, жүріс-тұрысының өзі қанша қыздың жүрегіне шоқ түсірердей-ақ. Солардың ішінде қыз біткеннің сұлулары Құртқа мен Қарлыға Әуезовтың "100 әйел" галереясында көш бастап тұратыны десем артық айтқаным емес-ау, сірә?! Мәселен, Құртқа-парасатты азаматқа лайықтап таңдалған, сыр-сымбаты келіскен адал да қайсар жар болса, Қарлыға махаббаты үшін өз туғандарын және өзін өлімге қиған романтикалық образ. Оның кейпіне қарап, сезім үшін жанаярлық һәм ақымақгершілік іске барады деп ойламайсың. Алайда оның суық өңінің астарында жанның кіршіксіз тазалығы жатыр... Себебі, бәзбіреуді сүю және ол үшін қу жанды да әзірейілдің қолына ұстата салу жәй адамның қолынан келмесі анық.
Қойылымның көңілге тағы бір ұнамды тұсы, "жас келсе іске, үлкен қелер асқа" дегенді ұстанған болу керек, тек қана жастармен жасақтаған. Ал жастар жан бітірген. Әсіресе, Қобыландының ер мінезді қарындасының тәтті қылықтары көрерменді көзден жас шыққанша күлкіге қарқ қылды.


2 сағатқа созылған спектакль өз мәресіне жеткенде, халық "біз батырдың ұрпағы екенбіз-ау" деген үлкен мақтанышпен тарқасты. Кеудеге ауырлық туғызбады, миға салмақ салмады. Қысқасы, төл тарихымыздан сыр шертетін спектаклді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек көру керек!

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер