Қабдеш Жұмаділ: «Ұлтшыл» деген атағымды бәрінен биік қоямын!

587

ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВТІҢ ОЙ ТОЛҒАМДАРЫНАН:

... Мына бір ән не айтады? Осынау өмірдің баянсыздығын, қамшының сабындай қысқалығын арман етеді. Соның ішінде әсіресе оң жақта отырған қыз ғұмыры қандай қысқа, қыз жолы қандай жіңішке?! Көктемде күн көзіне бой созып, қаулап шыққан қызғалдақтай, кемді күн көздің жауын алып, үкісі бұлаңдап жүреді де, бір күні амалсыз бейтаныс жат жерге ұзатылып кете барады...

***

Кейде қызық .... Өткен өмірді қайтарып әкелу мүмкін емес, әрине. Бірақ оның кейбір тоғыз тарау түйіндерін қайталап бастан кешіруге әбден болады. Кейде тіпті өмір бойы шеңбер айналып жүргендей әсер аласың. Бұрын басып өткен таныс жолдар, таныс суреттер бір бүйірде қалып бара жатады. ..

***

ТӘУЕЛСІЗДІК– САНАНЫ ОТАРЛЫҚ КЕСЕЛДЕН ТАЗАРТУ ДЕГЕН СӨЗ.

***

Тарихтың аты тарих. Сен оны ұнатасың ба, ұнатпайсың ба, бәрібір өшіріп тастай алмайсың. Өмір дегеніңіз жарамсыз жерін қиып тастайтын кинопленка емес қой... Бақыт дегенің – өмірді өкінбестей етіп сүру.

***

Жігіттің басы сыйлы болса, атақ-дәреже өзі келіп табады. Ер-азамат ең алдымен адамгершілік, ізгілік жолын қуса жарасады. Шамаң келсе, өз еліңе зәредей болса да жақсылық жасаудың қамын ойла...

***

Қазіргі қазақ тілінің жағдайын ойлағанда, менің көз алдыма көп жылдар көрінген жайдақтап жауыр қылған, құйрық-жалы сұйылған, әбден қанжілік боп, төрт аяғынан бірдей тұралаған тұлпар елестейді.

***

Қазір радио мен теледидарда тіл безейтін қазақтарды тыңдай отырып, таң қаласың. Кілең шүлдірлек, быдықтар мен тұтықтар, кекештер қайдан қаптап кеткен?!

***

Заман азып, заң тозайын дегенде, халық та өзінің ежелгі ерлік, жауынгерлік салтынан айырылып қалады екен ғой. Мұндайда кешегі батырдан – барымташы, барымташыдан – ұры, ұрыдан – қары туады. Ал қарыдан бәрі туады...

***

Жалпы «ұлтшыл» деген сөзден үрку керек пе? «Халықшыл», «отаншыл» деген сөздер жақсы болғанда «ұлтшыл» неге жаман болуға тиіс? Мұны құбыжық етіп көрсеткен – империялық саясат. Осыдан қорқып келген біз ұлтшыл деуге аузымыз бармай ұлтжанды деп жүрміз... Мен білгенде бұл формада айтылатын қазақта екі-үш қана сөз бар: байжанды, қатынжанды, итжанды. Үшеуі де ұнамсыз сөздер. Ұлт деген қасиетті ұғымды өйтіп қорлауға болмайды. Мен шар тартқан шағымда «бірдеңежанды» атанғанша, жасымда көп бейнетпен алған «ұлтшыл» деген атағымды сақтап қалғым келеді.

***

...«Кез келген адам бақытты болғысы келеді. Бірақ сол бақыт та, сор да аспаннан жаумайды, айналаңдағы адамдардан ауысады. Біреу саған жақсылық, бақыт боп кезігеді. Махаббат, достық дегеніміз – сол адамның адамға беретін бақыты. Ал сенің жолыңа жуа боп бітіп, қызыл көз бәледей қырсыққа ұрынатын да – сол адам. Оқ екеш оқ та өздігінен атылмайды. Мылтықтың шүріппесінде адамның сұқ саусағы тұрады».

***

"Жас, сұлу кезіңде тал бойыңды тұтас көрсететін мынандай үлкен айнаның болуы да бір бақыт екен ғой, - деп ойлады ішінен.
-Ал көшпелі қыр елінде мұндай айнаның өзі түгіл көлеңкесі де болған емес. Шіркін, көркіне көз тоймайтын не бір сұлу əпкелеріміз өз бейнесін толық көре алмай өтті-ау бұл дүниеден. Қандай аянышты!"

 

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер