Ғажайып өлке

264

Ғаламның барлық ғажайыбын, жер жүзінің бар сұлулығын бойына сыйдырған бір ғажайып өлке бар. Ол - түсінгенге əр адамның кіндік қаны тамған ауылы.

"Бір əңгіме қозғашы ауыл жайлы,

Одан артық рақат табылмайды", - деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, менің де балығы шоршып ойнаған, бақасы тайдай тулаған қарт Каспийдің жағасында орналасқан ауылым бар. Біздің ауылдың үлкен-кішісі бірдей қазақтың салт-дəстүрін сақтай біледі, түтіні түзу ұшқан шаңырақты жақтай да біледі. Ауылымның көнекөз қариялары өлкенің өткені жайлы ой қозғағанда «Бұл жердің тұрғындарының басты кәсібі-балық шаруашылығы болған, осы жерде Батаға болған»,-деп бастайды. Ауыл іргесіндегі Каспий теңізінің суының қандай болғанын, қайықпен жүрген балықшылардың өмірін ерекше сағынышпен еске алады. Каспий теңізінің суы жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарының басында-ақ құлдырап кері тартылды. Су тартылып, дала құлазыған шөлейтке айналған соң, әсіресе теңіз жағалауында тұратын тұрғындар басқа жерлерге қоныс аударды. Сөйтіп, Забурындықтардың  даңқын сонау Петербургке дейін жеткізген, кәсіп қуған алпауыттар мезгіл-мезгіл ат басын тіреп, кеме-кеме балық алып кететін Қызылбастың жер-жердегі батағалары елеусіз қала берді. Забурын батағасы Кеңес өкіметі тұсында да ширек ғасырдай жұмыс жасап, ақыры өндірісін тоқтатады. Ал мұндай өмірді көрмеген біздер үшін аталарымыздың бұл әңгімелері «киял-ғажайып ертегі» секілді.

Шынында да Забурын өңірінің сан ғасырлар бойы тіршілік тауқыметінің ең ауыр азапты жолдарынан өткен, қажырлылығы мен қаhармандығын таныта білген ұрпақтары бар қасиетті де, қастерлі өлкенің бірі екендігі дәлелденген. Сондай-ақ туған өлкемді қасиетті де киелі мекен десем артық етпес. Өйткені бұл жерде  қасиетімен елге танылған Сәт бабаның ұрпақтары мекен еткен. Дертіне дауа іздеген жандар, осы өлкеге келіп, жанына сая тапқан. Бұл күнде ауылым талай  жанның алғысына бөленген Зинеден атаның есімімен аталады.

"Əркімнің туған жері - Мысыр шаһары" демекші, мен өз туған жерімді сүйемін, қадірлеймін, ардақтаймын. Себебі мен де осы ауылдың бір перзентімін. Осы ауылдың топырағыңда тербелдім, асыр салып доп қуған балалық шағым да осы топырақтың төсінде өтті.

Ұрпағы кие тұтқан біздің өлкенің берекелі де мерекелі əр күні - біздің болашағымыз үшін жасалған қадам. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты жолдауын басшылыққа ала отырып, Зинеден ауылының тұрғындары да елімізде болып жатқан оң өзгерістерді сезіне отырып, ұйымшылдықпен еңбек дәстүрін жалғастырған гүлденген өңірге айналып келеді. Мен де осындай ауылдың келешегіне үмітпен қарап, күдігін үмітіне айырбастар ұрпағының бірімін. Мен ғажайып өлкемнің одан əрі көркеюі үшін тамшыдай болса да өз үлесімді қосуға  күш-жігерімді саламын.  Туған жеріме деген  ыстық махаббатымды  төмендегідей жүрекжарды  өлең жолдарыммен  жеткізгім келеді:

 

Ауылым, алтын бесік тербетілген,

Келемін саған қанат серметумен.

Қасиет нұры тамған, «Зинеденім»,

Сендей мекен көрмедім жер бетінен.

 

Қарт Каспий жағасында мекендеген,

Толқыны тұңғиыққа жетелеген.

Каспийім тебіреніп тұрған кезде,

Ойнақтап қалады ғой шетел деген.

 

Зинеденім, байлығым, бақытымсың,

Өзіңнен бастау алар бақытым шын.

Мың алтынды әкеліп, қойса-дағы

Сен менің сөз жетпейтін, жақұтымсың.

 

Сені ойласам, шуақты күйге енемін,

Күнә болар өзіңді сүймегенім.

Лондон, Париж сенімен теңеспейді,

Сен бәрінен биіксің, «Зинеденім»!

 

Ақерке Саламатқызы

Пікірлер