Ұстаз болу – абыройлы іс

147

Туған топырақты сүю – тек іспен дәлелденеді. Адам баласының ойында әрқашан туған жеріне көмек қолын созсам деген мақсат болатыны анық. Жастар арасында осы мақсатын орындап, туған жеріне қызмет көрсетіп жүрген замандастарымыз да бар. Осы орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі Тоғамбай Аяулым Қанатқызымен сұхбат жүргізген едік.
– Аяулым, туған жеріңізге жас маман ретінде жұмысқа орналасыпсыз. Қай өңірге, қашан, қандай мамандық бойынша жұмысқа тұрдыңыз? Және бұл сіз үшін қаншалықты тиімді?
– Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, «Рахат ауылдық округі №1» орта мектебіне 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысқа тұрдым. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мемлекеттік грантты ауылдық квота бойынша жеңіп алғаннан соң, ауылдық жерде жұмыс істеп жатырмын.
– Жас маман ретінде өз мамандығыңыз туралы не айтар едіңіз? Артықшылығы мен кемшіліктері жайында?
– Мұғалім мамандығы әр заманда сыйлы орынға ие. Балаларды білім нәрімен сусындатамын деп шешім қабылдаған ұстаз әр оқушының жүрегінде із қалдырып, сапалы білім алуына негіз болуы тиіс. Әрқашан да әр мамандықтың артықшылығы мен кемшіл тұстары бірдей жүреді. Мәселен, артықшылығы, балалармен жұмыс жасап отырып шынайы көңіл-күй мен сезімге бөленесің. Мұндай қуаныштар өміріңді ажарландыра түседі. Оқушылар есейе келе балалық шағының, бақытты кезеңінің бір бөлігі ретінде мұғалімдерін өмір бойы еске алып жүреді. Мұның өзі ерен еңбектің ең үздік ақысы әрі мұғалім үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, тұрақты еңбекақы. Мемлекет тарапынан ұсынатын түрлі бағдарламалар да ұстаздық жолдағы тәжірибені молайта түседі. Ал кемшіл тұсы, басқа мамандықтардың қызметкерлері үйге келген соң демалып, еркін болса, ал мұғалім жұмысының жартысын үйіне алып келіп жасайды. Яғни, қағазбастылық жұмысы көп уақытыңды алады. Көптеген мектептерде мектепшілік шараларға қаражат шығаратын да – мұғалім. Сонымен қатар, көп уақытымыз қағаздармен жұмыс жасауға кететін болғандықтан, кей кездері оқушылармен тікелей байланыс жасауға да мүмкіндік болмайды.
– Болашақ жас мамандарға тілегіңіз?
– Қазіргі таңда көп студенттер мұғалім мамандығын оқып шығып, қолына дипломын алғаннан кейін басқа ортаға кетіп қалып жатады. Оларға айтарым, ұстаз болу – абыройлы іс. Жас мамандарға айтарым, осы мамандықты таңдай отырып, баланы адам қылып тәрбиелейтін, болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялататын зор тұлға – сенсің! Сондықтан, осы жолдан тайқымай, биік белестерден көрінулеріңе тілектеспін!
– Сұхбатыңыз үшін көп рақмет, Аяулым. Еңбек жолыңыз жемісті болсын. Білім беретін, тәрбиелейтін шәкірттеріңіз үмітіңізді ақтауына тілектеспіз!

Сұхбаттасқан: Жансая СМАН
(Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен "Туған жер" жобасының аясында жазылды)

Пікірлер