"Ел маған не береді деп емес, мен елге не беремін", - деп өмір сүріңдер...

115

Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырмандар! Біз бүгін Түркістан облысы, Отырар ауданы, Отырар ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Төлеген Қайрат Кәдірбекұлымен сұхбаттасатын боламыз.
- Сәлеметсіз бе, Қайрат аға?! Сізді аудандағы ең беделді кәсіпкерлердің бірі деп естіген едік. Бізге сұхбат беруге келісіміңізді бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Сұхбатымызды отбасыңыз жайлы мағлұматтан бастасақ. Неше ағайындысыздар? Қазіргі таңда қанша баланың әкесісіз?

- Сәлеметсіз. Біз бір әкеден он бірміз. 5-ұл, 6-қыз. Бір інім 2001 жылы қайтыс болды, қазір онбыз. Құдайға шүкір, қазір онымыз да Қазақстаннан ойып тұрып орын аларлықтай азамат пен азаматшалармыз. Қанша баланың әкесісіз дегенге келер болсам, 5 балам бар, 2-ұл 3-қыз. Үлкен ұлым 2018-жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, биыл үйленді. Одан кейінгі қызым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті. 2-ші қызым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің 2-курс студенті. 3-ші қызым биыл мектеп бітіреді. Кенжетайым 6-сыныпта оқиды. Әйелім мектепте ұстаздық қызметте жұмыс істейді.

- Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

- Жалпы, совет үкіметі кезінде өмір сүрдік қой енді. Сол совхоз тарқамай тұрып, 30 гектар жоңышқа, 40 гектар жүгері егіп, үлкендердің көзіне іліккен жайым бар еді. Содан сол жерде біраз жұмыс жасадым. Кейін 25 жасымда отау құрдым. Мал бордақылап, етін базарға апарып сатып, кішігірім тіршілік етіп жүрдім. Әрине, енді оны бизнес деуге де келмейді, күн көріс ретінде сол кездерде солай тіршілік жасауға тура келген болатын. Одан соң совхоз тарқап, халықтың жағдайы күрт төмендеді. Елді жұмыссыздық жайлады. Біршама уақыт әр түрлі құрылыс жұмыстарын жасап жүрдім. Бірақ түптің түбінде бір нәрсе ашу керектігін ойладым. Халық азық-түлік алуға сонау қалаға баратын. Ал қалаға баратын жалғыз автобус еді. Содан ойлана келе неге әлеуметтік бағада халыққа арнап дүкен ашпасқа деп тәуекелге бел будым. Ең алдымен ұн сатып бастадым. Келе-келе тұтынушы жинап азық-түлікпен дүкенді толтырдым. Міне, қазірде дүкен ашқаныма 11 жыл болыпты. Әрине енді сауда болған соң арасында пайда да болады, құлдырау да болады. Барлығына да шүкір етіп келе жатқан жайым бар.

- Саудада болсын, шаруашылықта болсын есте қаларлықтай ұтылысыңыз болды ма? Сол жайында айта өтсеңіз.

- Әрине, енді сауда болған соң құлдыраулар болып тұрады. Бірақ мен оларды құлдырау деп емес үлкен саладан көрінуге тағы да мүмкіндік деп білемін. Мен тек саудамен ғана емес егін және мал шаруашылықтарымен де айналысамын. Бір жылдары бірталай гектар егін егіп, судың тапшылығынан бәрі қурап қалғаны бар. Сол кезде көп шығынға ұшыраған едім. Бірақ, шүкір етемін, ауыз толтырып айтарлықтай шығынға ұшырамадым.

- Қазіргі таңда немен айналысып жатырсыз, болашаққа жоспарыңыз?

- Сауданы ары қарай дамытып жатырмын. Болашақта үлкен дүкен ашу жоспарымда бар. Әрине, барлығы Алланың қалауымен.

- Қайрат аға, бүгінгі сұхбатыңыз үшін үлкен рахмет! Соңыңыздан еріп келе жатқан жастарға қандай тілек немесе сөз айтар едіңіз?

- Жастарға айтарым: "Ел маған не береді деп емес, мен елге не беремін", - деп өмір сүріңдер. Сіздерге де көп-көп рахмет.
Айта кетерлік жайт, Төлеген Қайрат Кәдірбекұлы жыл сайын бірталай отбасыларды айлық азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүр. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың мектепке баратын балаларын күздік, қыстық киіммен және де мектеп жабдықтарымен (сөмке, дәптер, кітап, т.б.) қамтамасыз етіп отыр. Ара-тұра аудандық, ауылдық іс-шараларға демеуші болып, аудан және облыс әкімдерінен көптеген мақтау қағаздары мен алғыс хаттар алған.

Сұхбаттасқан: Кәдірбек Балжан
(Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен "Туған жер" жобасының аясында жазылды)

Пікірлер