Жас мамандар туған жеріне үлес қосуда

237

Туған жер – асыл қазына. Осы асыл қазынамыздың мерейін үстем етіп, оның дамуына үлес қосып жатқан қазақ жастарының саны жылдан жылға артып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің 2019 жылғы түлегі Арсланбаева Ажар өзінің киелі мекені Маңғыстауға оралысымен, Туризм колледжінің жас маманы атанып та үлгерді. Биылғы оқу жылы жас маман үшін қызу басталды. Олай дейтініміз, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай 12 қазан күні өткізілген мәдени-танымдық шараға белсене қатысады. Жазушымен әріптес болған әдебиет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ шетелдік ғалым-зерттеушілерге Ажар өзінің білгенімен бөлісіп, келген қонақтарға Әбіш Кекілбаевтың ғұмыр жолы мен туған жердің тарихын түсіндіреді.

Ажардың айтуынша, мерекелік шара жазушының туған жері Оңды ауылында өткізіліп, кейін Шетпе кентінде жалғасын тапқан. Мерейтойға жиылған қауым әуелі Қамысбай Ата қорымына зияраттап, құран бағыштаған. Содан соң жазушының туған ауылы Оңдыдағы "Ай-Ана" ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Маңғыстау ауданының құрметті азаматтары құттықтау сөздерін жеткізген. Әбіш шығармашылығынан үзінділер оқылып, "Ай-Анаға" арналған ән шырқалып, қонақтар Әбіш Кекілбаев білім алған Оңды орта мектебіне де табан тіреп, арнайы ұйымдастырылған танымдық шараны тамашалаған. Асылдың сынығы, абыздың ұрпағы да осы тойдың ішінде болып мерейтойдың соңында атқарылған шараларға шексіз алғысын білдіреді.

 


Бүгінде туған жері үшін әулие саналатын, оның тұңғиық ойынан туындаған тың еңбектермен сусындап келе жатқан жас ұрпаққа сөз киесі мен туған жер қадірін ұғындыруда өз үлесін қосып жүрген Ажар сияқты тәлімгерлеріміз көп болғай дегіміз келеді.

(Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен
"Туған жер" жобасының аясында жазылды)

Пікірлер