Тоқтар ЖАҚАШ: Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтарса өлім жазасы күтіп тұр!

94

Қытайдан қашып келген Қастер мен Мұрагер кері қайтарылса, Қытай үкіметі оларға қандай жаза тағайындауы мүмкін?

Шекара бұзғандар үшін ҚХР Қылмыстық заңының 320-бабы 1 жылға бас бостандығынан айыруды қарастырған. Бұл әшейін, бергі жағы ғана. Ары қарай үңілсеңіз - сұмдық! Өйткені, бұл заң талаптары мынандай дәрежедегі шекара бұзушыларға арналмаған:

1. Шетелде Қытайдың мүддесіне зиян келтіргендерге;

2. Мемлекет шекарасын заңсыз үш рет кесіп өткендерге;

3. Басқа адамды үгіттеп, шекараны заңсыз өткендерге;

4.Шекараның бұзып өтіп, әкімшілік жазаға ұшырап, тағы да бұзып өткендерге;

5. Бұдан да басқа ауыр белгілері барларға, - деп жазылған. Яғни, Қастер мен Мұрагерге осы қылмыстардың барлығын тұтастай жаба салу түк те емес! Өйткені, Қастер мен Мұрагер Қытайдың "террорист" деген тізіміндегі жау мемлекет - Қазақстанға қашты. Бір. Екіншіден, мемлекетінің ең үлкен дұшпаны - "Атажұрт еріктілеріне" сұқбат беріп, Қытайдың "абыройын төкті". Үшіншіден, көруге тыйым салынған Қазақстан телеарналарына сұхбат беріп, Қытайдың озбырлығын әшекереледі. Қастер бұдан бұрын да шекарадан қашып өтіп, 4 жыл 8 ай Қытай лагерінде жазасын тартқан. Енді ол автоматты түрде Қытай үшін "қауіпті рецидивистке" айналды. Төртінші мәселе - Қастер мен Мұрагердің екеуін де "бірін бірі шекара асуға үгіттеді" деп басына бір қапты кигізе салу да түкке тұрмайды. Яғни, Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтарса - онда оларды тек өлім жазасы ғана күтіп тұр!

Әлемдік қауымдастық Қытай мемлекетін өлім жазасын ең жиі қолданатын жендет-мемлекет ретінде таниды. Өлім жазасына кесілгендер жайлы деректі Қытай мемлекеттік құпия ретінде сақтайды. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының дерегі бойынша, Қытай өлім жазасына кесу бойынша бүкіл әлемді артқа қалдырған. Мысалы, 2018 жылы бүкіл әлем елдерінде өлім жазасы 1032 адамға қатысты орындалса, бейресми дерек бойынша Қытайда 26 мың адамды өлім жазасы арқылы өлтірген.

Біріккен ұлттар ұйымының "Адамдарды азаптауға қарсы" Конвенциясы 1984 жылдың 10 желтоқсанында қабылданып, оны Қазақстан Республикасы 1998 жылдың 29 маусымында ратификациялады. Осы Конвенцияның талаптарына сәйкес, біздің мемлекет адамдарды азаптайтын және өлім жазасы қолданылатын мемлекетке қашып келген баукеспе қылмыскерді де қайтармауы тиіс! Ал Қастер мен Мұрагер ешқандай қылмыскер емес! Олар бар болғаны - жансауға сұрап келген өз бауырымыз! Қытайдың "анау-мынау" деген өтірігіне иланбай, Қастер мен Мұрагерді Қытайдың қылышынан аман алып қалайық!

 

(Тоқтар Жақаштың фейсбук парақшасынан алынған)

 

Пікірлер