No Borat! Бұл Қазақстан!

162

 

Дана бабаларымыз: «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны» - деген тәмсілді бекер айтпаған ғой. Оның мән-мағынасы жиһан кезіп, ел таны, көзің ашық, көкірегің ояу азмат болып қалыптас дегенге саяды. Сонау ұшқан құстың қанаты талатын Алтайдан Атырауға дейінгі атырапты атпен жорық жасай жүріп шарлап, бізге аманаттап кеткен. Сол қиын қыстау кезеңнің өзінде қыс қыстау, жаз жайлау боларлық жер іздеп, шартарапты шарлап, талай жердің дәмін татқан жарықтықтар... Оның жанында қазіргі техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында әлем кереметтері мен табиғат таңғажайыптарын тамашаламау үлкен күнә деп білемін.

Өз басым, жасымнан ата-әже қолында өскендіктен бе?! Білмеймін, әйтеуір табиғатқа етене жақын, айналадағы құбылыстарға қызығушылығым ерекше болды. Жасымнан спортты серік етіп, білім алудың маңыздылығын ерте түсініп жиі аудан, облыс, сәл кейінірек республика деңгейіне дейінгі түрлі спорттық жарыстар мен интеллектуалдық сайыстарға қатыса жүріп көп жерді араладым. Кейінірек, араным ашылып шетелге шығуды мақсат тұтып тетіктерін іздей бастадым. Күлкілі болар, десе де алғаш шыққан шетелім ол – көршілес Қырғызстан еді))) Соның өзі мен үшін бір толқыныспен өтті. Атақты Дордой базарын төрт орап, қалған уақытымды Бішкектің орталығын аралаумен өткізгендігім бүгінгідей көз алдымда. Содан бері сеңнің аузы бұзылғандай кезегімен Ресей, Украина, Белоруссия, Польша, Чехия, Германия, Австрия, Словакия секілді Еуропаның жартысын аралап үлгердім...

Атам қазақ: «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» - дегендей, осы Отаным саған айтамын айдарында естіген емес, бастан кешірген бір оқиғаны айтайын. Ол осы саяхатпен, шетелдіктердің ортақ Отанымыз Қазақстан жайлы ойларымен, әсерлерімен байланысты. Мәселен, біздер, яғни қазақстандықтар өзге елдің атын естігенде сол елдің гүлденген қаласы, көз тартар табиғаты, тарихи ескерткіштері, алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындары тіпті, сол елден шыққан атақты адамдары арқылы танитынымыз жасырын емес. Мысалға Франция десе Париж, Лувр, Эйфель мұнарасы, Наполеон Бонопарт, Зинедин Зидан еске түседі, Англия десе Лондон, Кембридж, Букингем сарайы, Елизавета патшайым, Шекспир, Дэвид Бекхэм және т.б.Сол шетел аралап, Еуропа кезген кезімде көз жеткізген анық ақиқатым біздің елімізде география пәнін жақсы үйретеді немесе біздің ел тануға, жер тануға деген ықыласымыз ерекше. Өйткені, жасымыздан глобусты шыр айналдырып, картадан елдердің астанасын жарыса табушы едік. Содан болар көп мемлекеттің жерін, тарихын олардан жақсы білетіндейміз. Ал сол шетелдіктер бізді қалай таниды екен деген сұрақ көкейімнен кетпей жүрген. Сол сұрақтың жауабын Чехияда жүргенде тапқандай болдым, әрі екі ұшты пұшайман күй кештім...

Прага. Ол кезде көктем еді. Қазақстаннан бір топ магистранттар шетелдік тағылымдамадан өтіп жүрген кезіміз болатын. Студенттің өмірін өздеріңіз білесіздер сабақтан қолы қалт етсе, бейтаныс жерлерді аралап, жаңа нәрселерді танып білуге ұмтылады.

Апта күнінің соңында қолыма еліміздің көк байрағын қыса ұстап, Праганың орталық көшелерінің біріне тарттым. Ондағы басты мақсатым, Еуропа төрінде чехтардың Ұлттық Мұражайында сақталған Ақымбет атты бабамыздың терісін көзіммен көріп қайту болатын. Ақымбет деген кім дегенге келсек, ол моңғол генералының қолынан қаза тапқан, әрі терісі тірідей сойылып алынған батыр бабамыз. Ол кісінің тарихы туралы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин «Кесік бас, һәм, тірі тұлып» деген 100 беттік шығарма жазған. Өз басым, техникалық оқу ордасында тәлім алсам да туған елдің тарихы мен әдебиетін түгендей жүретін жанмын. Сол әдетім бойынша Прагадан Мұхтар ағаны да іздеп, сұхбаттас болып кетейін деп едім, өкінішке орай ол кісі жұмыс бабымен Вашингтонға қоныс аударыпты. Ендігі жалғыз мақсат, Еуропа төрінде тұрған Ақымбет атамыздың тірідей сойылған терісін көріп кету болды.

Орталық Ұлттық мұражайды тез тауып алғаныммен ішіне кіре алмадым. Себебі ол мұражайды үш ай көлеміне күрделі жөндеуге жауып тастаған екен. Не жазушының өзімен кездесе алмай, не жазушының шығармасына арқау болған кейіпкерді көре алмай іштей қапа болдым. Ендігі жалғыз жұбаныш Ұлттық мұражай алдында естелік суретке түсу ғана қалды. Сол оймен көк байрақты желбіретіп, кездескен бір туристке суретке түсіріп жіберуін өтіндім. Көк туым қолымда желбіреп, суретке түсіп жатсам. Қасымнан бірі бойшаң, екіншісі аласалау екі турист өтіп барады екен. Шамасы, ағылшындар сияқты... Бірі менің қолымдағы көк туды көріп:

  • O, Kazakhstan! – деп бойшаңдауы байрағымызды танып таңдай қақты. Сол кездегі менің жүзімдегі қуанышты көрсеңіздер. Төбем көкке бір елі жетпей қалды... Іле шала жанындағы аласалау келгені:
  • Borat… - деп көңілімді су сепкендей басты. Алғаш рет шетелдіктердің аузынан Отанымызға мың қайнаса сорпасы қосылмайтын Боратты бізге телу азуымды туғызды. Есімді тез жиып, дереу арттарынан:
  • Excuse me sir! Wait just a minute, please. – деп екеуін тоқтатып алдымда:
  • Sir, what do you know about Kazakhstan? – сұрақ қойдым. Аяқ астынан екеуі не дерін білмей сасып қалды. Мен де бүкіл эмоцияммен Отанымыз Қазақстан жайлы жаттаған ағылшынша топиктардан:
  • Kazakhstan is located in the heart of the Eurasian continent. Its territory occupies 2, 724, 900 square kilometers. It is the CIS’ second and world’s ninth largest country. The Kazakhstan territory is larger than the twelve countries of the European Union!Do you know about it? – деп екеуі де сасып қалып:
  • I am sorry, we do not know… - депбастарыншайқады. Мен одан ары:
  • Kazakhstan is home to about 120 ethnic groups and nationalities. Kazakhstan is possessed of various minerals. From 105 elements of Mendeleyev table in the bowels of Kazakhstan 99 elements are revealed; explored supplies of 70 elements; in production it is involved more than 60 elements – депеліміз жайлы ауыз толтыра айтып жатып:
  • What kind of famous people of Kazakhstan do you know?For example, N.A. Nazarbaev - is an influential, authoritative politician who is respected around the world. Triple G - is a Kazakhstani professional boxer who currently holds the unified WBA, WBC, IBF, and IBO middleweight titles. And you tell me about some kind of Borat (аудармасы: сен маған қайдағы бір Борат туралы айтасың)… - деп едім, екеуі де менің не үшін ашуланғанымды түсініп, аласа бойлысы:
  • I’m sorry my friend. I did’t know about it… - деп кешірім сұрай бастады. Айтарын айтып алып, кешірім сұрағанына мен де төзе алмай:
  • The Kazakhs have such a proverb … - депбастап, қазақтың мақалын ағылшыншаға аудара алмай, жаным мұрынымның ұшына келді. Содан қайдан шықса, оннан шықсын деп:
  • The Kazakhs have such a prover: «Айтылған сөз, атылған оқ» - ағылшындар таңырқай, сұраулы жүзбен:
  • What? – деді. Мен де тілімді тістей:
  • Nothing, never mind. Sorry. Ok… Good bye! – деп қоштасып қала бердім.

Ішім алай дүлей, сол сәтте ең алғашқы рет ағылшын тілін меңгермегеніме өкіндім. Өйткені, соның алдында ғана тілімнің қысқалығынан, шетелдіктерге өз еліміз жайлы кең мағлұмат пен тың ақпарат жеткізе алмадым. Ішімде талай сөз өліп кетті... Әттең, тонның келтесі-ай...

 

Жұлдыз Жабықбай 

 

Пікірлер