Қазаққа жаны ашитын лидер кім?!

325

Қазақта "бай таңдайтын заман емес" деген жақсы сөз бар.

1. Біздің халық қызық. Өзгеріс үшін лидер күтеді. Ол лидер шықса "Неге шетелде?" дейді. Жауабы қарапайым "Келсе соттайды". Ерім дейтін ұлт болсаң еліңде отырған Жакишевті құтқарып қалсаң қайда қалдың?

2. "Ол неге қазақша сөйлемейді?" дейді. Лидердің қазақ тілінде сөйлегені қажет болса Қосанов та "Мен Ақорданың емес, әке-шешемнің жобасымын" деп қазақша сайрады ғой. Енді қазақша сөйлегендердің деңгейі сол болса қайтеміз? Ақылды адамды тыңдау үшін оның қай тілде сөйлегені емес, не айтқаны маңызды негізі.

3.  Бізді адал адамдар 30 жылдан бері басқарып отырғандай "ол ұры" дейді. Дәл осы жерден бір логика шығады. Халық бүгінгі билікке сенбейді, оның алдайтынын біледі. Бірақ, биліктің дәл сол лидерді "Ұры" деп айыптағанына сенеді. Қызық негізі. Бір жағынан билікке сенбейді, бірақ біреуді сыртынан "Ұры" айыптаған сөзіне сенеді. Ертең ортаңнан шыққан кез-келген лидерді ұры деп атаса сене беретін қоғамбыз ба сонда?.. Егер қоғамның ойлау деңгейі осы болса бүгінгі билік пен жүйеге біз лайықпыз. Қарсы шығып керегі жоқ.

Турасын айтқанда Әлихан Бөкейхановтай лидерді мына жүйе шығармайды. Шығарғанда шығарады ғой. Тек жөргегінде тұншықтырып Жакишевтің қасынан бірақ шығарады. Құтқарып алар, тұрып берер ұлт болсақ Жакишевтен бастайық. Келмейді ғой шамаң?! Демек тыраштанып елдің ішінен ондай лидерді де күтпе.

Альтернатива болса айтыңыздар! Ол жоқ. Елдің ішінен шығармайды. Негізі бір альтернатива бар. Лидерді күту. Күтем десеңіздер тағы 30-40 жыл қажет. Шамамен біздің буын 60-70 жасқа келгенде шығып қалуы бек мүмкін.

Ұзын сөздің қысқасы бай таңдайтын заманда отырған жоқпыз. Деңгейіміз мынау. Лидер жоқ болса сол лидерді қолда бар кадрлардан, мүмкіндіктерден жасап шығарасың. Ол үшін:

1. Ең әдемі, дұрыс жол қапаста 10 жылдан бері отырған Жакишевті құтқарып соңынан ересің. Дайын тұрған лидер, қазақтың Нелсон Манделласы. Аблязов секілді шетелде емес, ұры емес, өз еліміздің ішінде отыр. 100-200 мың халық жиналып қапастан суырып алып шығып, қалың ел соңынан ерсе Жакишев Отанының тілеуін кері қайтармасы анық.

2. Екіншісі шетелдегі азаматтың соңынан еру. Ақыры елдің ішінде қамалып отырғанды құтқара алмасаң екінші жол осы.

Аяқ-қолы салбырап бостандықта жүргендерде ондай қауіпке барар жүрек жоқ. Ленин секілді қолын оңды-солды сермеп, Гитлер секілді шашалып Бәйтеректің түбінде сөз сөйлейтін лидерді мына жүйе шығармайды.  Осыны түсінетін уақыт болды ғой. Шекспир айтпақшы не ары, не бері шешім шығаратын кездеміз. Ерім деп тұрған ел болсаң соңынан ерер азаматтар бар. Жоғарыда аталған екеуінің біреуін істеуге шамаң жетпесе ұсақталып, жігерің сөгілген ұлтсың. Бұның басқа мағынасы жоқ. Бар лидерді жоқ та жоқ деп өзеурей беру ұлт ретінде шындықтан қашуымыз, қорқуымыз деп түсінемін. Ал, деңгейің осы екені рас болса бүгінгі жүйе мен билікке лайықты қоғам екеніңді де қабылда. Мойында. Шындық осы.

Бауыржан СЕРІКБАЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер