Ауылға келе жатырмын...!

327

(Жол үстіндегі ой)

Ауылға келе жатырмын,
Алыстан бүгін,
Көзіммен үнсіз аймалап шаңы ұшқан қырын.
Шұрқырап қазір табысам ата жұртыммен,
Секілді бейне ене мен табысқан құлын.

Бозаң жол маған тым ыстық боз даладағы,
Сағыныш әні-жанымның қозғаған әні.
Анау бір алаң-кіл тентек тай жарыс жасап,
Досымның қара тайының озған алаңы.

Анау бір сайда қой бағып шопан да болғам,
Басымда телпек, қасымда ит, жотамда дорбам.
Қолымда таяқ-қылышым, қойларым әскер,
Қолбасшы болып ойнағам отанға қорған.

Анау бір төбе-жолдағы барар ауылға,
Шабытын талай сыйлаған шалалау ұлға.
Жарықтық, қара суымда жатыр екен-ау,
Жалаңаяқтар жүгірген жағалауында.

Анау бір қырдың жуасын тергенмін талай,
Гүлінен жұлып құрбыға бергенмін талай.
Жұпары аңқыған осындай жұмақты тастап,
Тағдыр көшіне, япырай, ергенмін қалай.

Қайтқан құс сынды келемін қайтадан елге,
Бұл сәтте жүрек қалайша жай табар демде.
Алдымнан қазір шығады-ау ауылдастарым,
Олардан жақын таппадым байтақ әлемде.

Ақсақалдарын сағындым аталарымның,
Әжелерімнен кеп қалды бата алар күнім.
Әпке мен жезде, аға мен жеңгелеріме,
Базарлығым да дайын тұр апарар бүгін.

Мақсат қып алған биігін жалғанда шығар,
Ер жеткен болар інілер-арманға асығар.
Қуыршақ ойнап жүретін қарындастарым,
Бойжеткен болып қазірде қалған да шығар.

Ойынға ғана байланып бар үміттері,
Доп қуалаған бойынан ағылып тері.
Балалық шақтың қызығын бөліскен бірге,
Достарым күтіп жүр ме екен сағынып мені?

Іштегі жалын-сезімді тыя алмай келем,
Жас балаға ұқсап есімді жия алмай келем.
Алып даламды көрген соң көсіліп жатқан,
Кішкене ғана көлікке сыя алмай келем.

Асығып келем, сырғуда сағатым болса,
Мықты жан емес едім мен тағатым да онша.
Амалым қанша, шіркін-ай, көлікті тастап,
Ұшып-ақ жетіп барар ем қанатым болса.

Қиялым - жүйрік бір сәтке бөгеледі ме,
Өзекті жырын арнауда өрелі еліме.
Көзіме таныс көрініс оттай басылды,
Көрінді, әне, үйлердің төбелері де.

Мен келіп қалдым,
Қайдасың?
Қаумала ағайын.
Қырға шығайын,өзенге,тауға барайын.
Тоқтатшы бір сәт көлікті жүргізуші аға,
Секіріп түсіп құмыма аунап алайын!!!

 Асхат Бектұрғанбекұлы

Пікірлер