Қытайдан қашқан қос қазақ сатқын емес пе?!

431

Қытайдағы қазақтардың қамын жеп келген қандастарымызды түрмеге жабу біздің әдетіміз емес пе?! Күні кеше ғана "бір тамшы қаным болса да өз жерімде тамсын" деп пана сұрап келген Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын шекара қызметі ұстап әкетті. «Пана боламыз» деген "Атажұрт еріктілері" ұйымының өзі "арнайы қызмет өкілдерін бір минутқа да тоқтата алмадық" деп қауқарсыз қалды.

Расымен Сайрагүл ісінде де осы жағдай қайталанған. Алайда соңы өзгеше өрбіген еді. Бүкіл қазақ намысқа тырысып жүріп, шырылдаған қызымызды Еуропаның қорғауына өткізіп барып "ух" дегенбіз. Ал енді бұл іс қайта қайталанғанда қолымыз байлаулы қалып, қоғам екіге жарылды.

Бұл жөнінде журналист Тоқтар Жақаш: "Екі жігітті қорғау үшін Астанадан Ләззат Ахатова арнайы ұшып келді. Белгілі адвокаттар Бауыржан Азанов пен Шынқуат Байжанов та бауырларына араша түсуге кірісті. Қытайға кері қайтарылса - Қастер мен Мұрагердің екеуін де аямайды»- десе, Жарас Кемелжан: "Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар? Сайрагүлді қытайдағы қазақтар мүлде білмейді. Оны жақында келген туыстарымнан сұрадым. Тіпті, бір ауданнан келген кісілер де хабарсыз" деді. Тіпті, кейбіреулері "Қытайда отбасыларын тастап, өз қара бастарын күйттеп келгені қызық екен. Агент болуы ықтимал" деп күдікпен қарауда.
Енді бүкіл қазақ көкейінде «екі азаматтың тағдыры не болады?» деген бір ғана сұрақ тұр. Бірнеше нұсқаларын ұсынып көрейік.

А) Аспан асты елінің құзырлы органдарына керексіз шұлықтай лақтырып кеп жібереміз. Алайда бірнәрсені есте ұстағанымыз ләзім. Дәрменсіз қос қандасты, отбасымен қоса өлімнің аузына өзіміз айдаймыз.
Ә) Ғайыптың күшімен һәм президентіміз Тоқаевтың араласуымен, ел болып, жұрт болып жұмылып, Қазақстанда алып қаламыз. Егер бұндай құзіретке қол жететін болса, расымен жарағанымыз!
Б) Сайрагүлдің сара жолын қайталап, Швецияға яки Қытайдан өзге кез келген мемлекеттің біріне жібереміз. Әйткенмен, әр қашқынды шетелге аттандыра берсек, жаны ашып, қуана қарсы алатын қайсы ел дайын тұр, деген сұрақ тағы туады.

Қысқасы, қазақтар қилы-қилы заман кешкенде қысық көзден имену былай тұрсын, бауырым дегенді босағада да қалдырмаған. Өз жанының амандығын емес, Қытайдағы бар қазақтың қамын жеп келгендер үшін, қан үшін күйе алмасақ қазақ болып несіне отырмыз?! Қорлық көрген адамды корлық көрсеткен елге қайта жіберу намыссыздығымыз бен ұятсыздығымыздың дәлелі. Сондықтан, Сайрагүлге шырылдағаннан кем түспей, қалың қазақ қауымы қос азаматқа араша түсуге тиіспіз!

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер